Астанда өтіп жатқан Human Capital Days-2023 адами капиталды дамыту жөніндегі ІІ халықаралық форум аясында өнеркәсіп пен энергетиканы кадрмен қамтамасыз ету тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Форумға қатысушылар индустрия саласына барынша жұмыс күшін тарту, әсіресе жастарды жұмыспен қамту, индустрияның тартымдылығын арттыру «индустриалды» туризмді жетілдіру сынды өте өзекті мәселелерді көтерді.

Шараны Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов ашты. Ол осы салада кадр тапшылығы проблемасы бар екенін мойындады.

«Өнеркәсіпте барлық салаларда жұмыс күші тапшы. Бізде жоғары білікті мамандардан бастап, қосалқы жұмысшы күші де жетіспейді. Мәселен, Қызылордадағы шыны шығаратын кәсіпорындардың бірінде шыны тасымалдайтын мамандар саны өте аз болғандықтан, тасымалданатын 4 тонна әйнектің 3 тоннасы сынып қалған. Неліктен көптеген кәсіпорындар Астана мен Алматыға жақын орналасқысы келеді? Себебі, өңірлерде салалық маман табу қиын. Ал ірі қалаларда сәл оңайырақ»,-деді ол.

Вице-министр, «Қазақстанға «жылдам» оқыту жүйесі қажет»,-дейді. Осыған байланысты ол білім беру саласының өкілдеріне мынадай ұсыныс айтты.

 «Біз қысқа мерзімде салалық мамандарды дайындап шығуымыз керек. 2-3 жылға созып, уақыт кетірудің еш қажеті жоқ, 2-3 айда үлгеру керек. Кәсіпорындар бұл қызметтерді төлеуге дайын, қазірдің өзінде компаниялар шетелдік мамандарға жергілікті мамандарға қарағанда 2-3 есе артық қаражат төлеп отыр», – деді ол.

Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басшысы Қаламқас Алғазинова колледждердегі мамандарды даярлау мәселесіне тоқталды.

 «Елімізде 772 колледж бар. 2021-2022 жылдары 180 колледж заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, олардың базасында құзыреттілік орталықтары құрылды. Қазақстанда 500 колледж дуальды оқыту жүйесі бойынша жұмыс істейді. Студенттер білім алу кезінде уақытының 60 пайызын кәсіпорындарда өткізеді, бұл уақыт еңбек өтілі болып жазылады», – деді ол.

«Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы» ЗТБ директоры  Ғалым  Болатов та дуалды оқыту тиімді деп санайды. Білім мен бизнестің тиімді байланысы ретінде ол Кентау трансформатор зауытын мысалға келтірді.

«Зауыттың  жергілікті политехникалық колледжді ашқанына 10 жылдан астам уақыт болды, ол колледж кәсіпорынды кадрлармен қамтамасыз етеді. Студенттер уақытының жартысынан астамын өндірісте өткізеді. Ал, жақында компания өзінің оқу орталығын ашты».

Спикер колледждерді сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсынысын да алға тартты, өйткені бұл оқу орындарының тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ғалым Болатов жекеменшік колледждердегі оқытушылардың жалақысын көтеру қажет деді, себебі, олардың еңбекақылары мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен салыстырғанда 2 есеге аз.

Одан бөлек, жиында «Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ақмұрзина кәсіби стандарттардың маңыздылығы жойылғанына  қазіргі таңда тәжірибеде қолданылмайтынына қатысты өзекті проблеманы көтерді.

«Human Capital Days» форумы – кадрларды дамыту және ішкі коммуникациялар саласындағы практиктер мен талдаушыларды бір алаңға біріктіретін еліміздегі алғашқы және жалғыз платформа. Мұнда кәсіби даму, пікір алмасу, кейс-стадилер және жұмыс үшін қажетті бар пайдалы құралдар айтылды. Форумға Әзірбайжан, Қазақстан, Ресей, АҚШ және Өзбекстаннан 270-тен астам қатысушы қатысуда. Олар: басқарушы директорлар, HR-директорлар және HR серіктестері, жеке және квазимемлекеттік компаниялардың мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері екенін айта кетейік.

Форум екі күнге жалғасады. Келелі кеңесте «Астана» халықаралық қаржы орталығының, «Теңізшевройл» ЖШС, «Эйр Астана» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Ембімұнайгаз», АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ  Әлеуметтік қолдау және коммуникация орталығының HR-мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің жобаларын таныстыратын болады.