2024 жылдың алғашқы 3 айында ҚР Президенті Іс басқармасының Медорталық ауруханасының Ядролық медицина орталығында 2 197 адамға диагностика жасалды. Жоғары технологиялық ПЭТ/КТ тексеріске өтініш берген пациенттердің 94%-ы тексеруден тегін өтті. Бұл туралы Іс басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл қызмет пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетілген.

– Орталықта ПЭТ/КТ диагностика адамның барлық дене бөлігіне жасалады, ең сұраныс жоғары технология саналады. Оның кезегін күту уақыты 3 айдан асады. Біз бар мүмкіндікті пайдаланып, емделушілерді неғұрлым көбірек қабылдауға, кезек уақытын азайтуға тырысамыз, – дейді Ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.

Айта кетейік, ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығы – ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізуге 6 радиофармацевтикалық препаратты қолданатын Қазақстандағы жалғыз мекеме. Өзіндік ерекшелігі бар препараттардың әрқайсысы белгілі бір қатерлі ауруларды диагностикалауға арналған.

Биыл Ядролық орталық ұжымы тағы 2 радиофармацевтикалық препарат өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Жаңадан шығарылатын 18F-FLT және 18F-FET препараттары мидағы әртүрлі ісік зақымдарын диагностикалауға, сондай-ақ хирургиялық және сәулелік емнің тиімділігін бағалауға бағытталған.