4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні ретінде атап өтіледі. Дәрігерлердің айтуынша, басқа аурулар сияқты, қатерлі ісікті де асқындырып алмай, ерте әрі дәл анықтау ерекше маңызды. Осы орайда, Астанада орналасқан Ядролық медицина орталығы онкологиялық аурулар диагностикасында қандай инновациялық тәсілдерді қолданып жүргені туралы сөз қозғамақпыз.

Ядролық медицина орталығы Президент іс Басқармасы Медорталығының ауруханасы жанынан 2022 жылы ашылған. Содан бергі аралықта төрт радиофармацевтикалық дәрілік препарат (РФДП) өндірісін жолға қойды. Оның біріншісі – метаболизмі жоғары онкологиялық дертті анықтайтын болса, екіншісі – сүйектің зақымын зерттейтін препарат. Үшіншісі – ми ісіктерін диагностикалауға көмегі зор. Төртінші препарат қалқанша безінің қатерлі ісігінің кейбір түрлерін және нейроэндокринді ісіктерді анықтауда қолданылады. Бұл препараттар былтыр GMP стандарттарына сәйкес деген сертификат алып та үлгерді.

– 2023 жылы біз сегіз жарым мыңға жуық науқасты орталықта жасалған препараттар арқылы зерттедік. Ми ісіктері мен қалқанша безін зерттеуге арналған препараттардың өндірісі сынақ нұсқасында өтті. Қазір тарифтің Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде бекітілуін күтіп отырмыз, содан кейін ғана тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМКК) аясында пациенттерге қызмет көрсетуге болады. Ал қалған екі препараттың көмегімен біз күнделікті тәжірибеде зерттеулер жүргізіп жатырмыз және қазіргі уақытта 200-ден астам пациент осы РФДП арқылы зерттеуден өтті, – дейді Ядролық медицина орталығының радиоизотопты диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаев.

Оның айтуынша, GMP стандартына сәйкес өндірілген препараттар ағзаға қауіпсіз, жасуша мен тіннің зақымдану қаупі өте төмен, ағза туралы ең дәл деректерді алудағы пайдасы өте жоғары деңгейде. ПЭТ/КТ кезінде радиациялық әсері өте төмен, көлемі пациенттің салмағына қарай жеке таңдалады. Адам ағзасы радиацияның төмен дозаларына қарсы тұра алады, сондықтан процедураның теріс әсері аз, денсаулыққа қауіп төндірмейді.

Ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану онкологиялық, жүрек және неврологиялық ауруларды диагностикалауда басты рөл атқарады. Болашақта МАГАТЭ-мен ынтымақтастық осы радиофармацевтикалық препараттарды ары қарай тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.

– Бүгінде Ядролық медицина орталығында радиоизотопты диагностика бойынша дәрігер, ядролық физик, радиохимиялық технолог және ядролық медицинаға мамандандырылған фармацевт сынды 140-тан астам маман еңбек етеді. Олар шетелдік клиникаларда және ядролық медицина орталықтарында жүйелі түрде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырады, алған тәжірибесін біздің орталықта да қолданысқа енгізеді, – дейді Мақсат Жайымбаев.

Биыл Орталықта тағы екі препарат өндірілмек. Ал 2026 жылға дейін 9 түрлі радиофармацевтикалық препаратты шығару жоспарланған.