Дезинфекция – гигиенаның ажырамас бөлігі десек артық емес. Үйде де, жұмыста да, қоғамдық орындарда да дезинфекциялық құралдар кеңінен пайдаланылады. Алайда оны дұрыс қолданбаса, адам денсаулығын бактериялардан қорғаудың орнына қауіп төндіруі әбден мүмкін.
Біз осы тақырыпта толығырақ білу үшін ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасына хабарласқан едік. Бұл мекеменің Токсикология зертханасының мамандарының айтуынша, жиі қолданылатын көптеген дезинфекциялық заттар ағзаға қауіп төндіруі мүмкін.
Олардың құрамындағы хлор қосындысы, спирт және төрттік аммоний тұзы сынды компоненттер бактериялар мен вирустарды өлтіргенімен, адамның терісін, көзін, тыныс алу жолдарын тітіркендіреді, аллергиялық реакциялар туғызуы ықтимал. Кей жағдайларда уытты заттар ағзада жиналып қалуы мүмкін. Сонымен қатар, шамадан тыс стерильділік баланың табиғи иммундық жүйесінің әлсіреуіне де алып келеді.
«Біз зерттеулер барысында рұқсат құжаттары бар дезинфекциялық заттардың да дұрыс қолданылмаған жағдайда теріні тітіркендіретінін байқадық. Сондықтан қауіпсіздік – тек құрамында емес, оны қалай пайдалануға да байланысты», – дейді Токсикология зертханасының фельдшер-зертханашысы Саламат Жанықұлова.
Агрессивті дезинфекциялық заттарды қолданған кезде қолғап кию, әртүрлі құралдарды араластырмау, бөлмені мұқият желдету сынды ережелерді сақтау аса маңызды. Оны балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет. Сатып алғанда дұрыс таңдау да маңызды. Айталық, құрамында сутегі асқын тотығы немесе гуанидин негізіндегі заттар болса, тез ыдырайды. Ал этанол немесе изопропанол секілді спирттер былғары мен шағын жерлерді тазалауға өңдеуге жарамды болғанымен, уыты көп саналады.
Ресми тіркеуден өткен дезинфекциялық заттардың өзі де зертханалық бақылауды талап етеді. Мәселен, медициналық мекемелерде жиі қолданылатын «Део-Хлор» препараты – хлор негізіндегі таблетка түріндегі құрал, өте тиімді. Бірақ нақты дозасын есептеп, нұсқаулықты мұқият сақтап, қолданатын орта жағдайын ескеру қажет.
Барлық дезинфекциялық құралдар санитариялық-химиялық және токсикологиялық сараптамадан өтеді. Зертхана мамандары құралдың сыртқы сипаты, иісі, рН деңгейі, тығыздығы, сондай-ақ хлор, спирт, төрттік аммонийлік қосылыстар және басқа да компоненттері өлшенеді. Адамның терісі мен шырышты қабаттарға әсері, жалпы уыттылығы тексеріледі. Препараттың қауіпсіздігі тіркеу куәлігі, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы және қолдану нұсқаулығы сынды нақты құжаттар арқылы ғана дәлелденеді. Зертхана мамандары айтқандай, дезинфекция – дұрыс жасалғанда ғана пайдалы, ал орынсыз қолданса – қиындық тудыруы мүмкін.