Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында кадр даярлау мәселесіне тоқталды.
Сапалы кадрлар бір күнде өсіп шықпайды. Бұл бағытта жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыс атқаруымыз қажет. Бес жылдан бері Президенттік жастар кадр резерві іске қосылды. Сол уақыттан бері 289 резервші түрлі секторларда, 3-уі «А» корпусындағы, 36-сы саяси лауазымдағы қызметке тағайындалды. Бұдан бөлек, резервтегі жас азаматтар Парламент Мәжілісінің депутаты болып та сайланды. Биылдан бастап Өңірлік кадрлық резервтер құрыла бастады, – деді ол.
А.Дәдебаев атап өткендей, мемлекеттік грантпен отандық жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерді ендігі жерде байқаудан тыс мемлекеттік қызметке тартуды жолға қойылған. Былтыр 120 үздік түлек мемлекеттік қызметке орналасты. Жалпы, бір маманды оқытып шығаруға кемі 5 жыл керек болса, кәсіби мемлекеттік қызметшілер буынын тәрбиелеп шығуға одан екі есе, тіпті одан да көп уақыт керек.
-Ең бастысы, ел ішіндегі білімді, білікті азаматтардың мемлекет ісіне белсенді араласуын арттырып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды Президент айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасына сай жетілдіру үстіндеміз.
Осы орайда, мен өз құзырымдағы мекемеге қатысты айтайын. Президенттің тапсырмалары негізінде мемлекеттегі кадр саясатына меритократия механизмдерін енгізуді қолға алдық. Қазір қабілетті адамдарды іріктеу процесін автоматтандыру жүйесі іске қосылды. Кадрларды іріктеу, тағайындау, оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп, заманауи тәсілдер енгізілу үстінде.
Бұған қоса, мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау процесі қайта пысықталуда. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігіне саяси лауазымға тағайындауға бір ғана кандидатты ұсынатын. Бұл тәсіл, өз кезегінде, Орталықтың үздік үміткерді анықтап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бермейді. Таңдау тек ұсынылған кандидатпен шектелетін.
Бұдан былай, саяси лауазымдарға тағайындауларды келісу процесі кандидаттардың жеке және кәсіби құзыреттерінің негізінде құрылған рейтинг арқылы жүргізіледі. Бұл ретте, бұл рейтинг саны шектеулі азаматтарды ғана қамтымайтынын атап өткен жөн,- деді Президент Әкімшілігінің Басшысы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл тәсіл толық автоматтандырылады, яғни адами фактордың әсері азаяды. Ондағы мақсат — саяси қызметке нәсіліне, тегіне, жынысына қарамастан білімді, білікті, уәдеге щберік, заңды құрметтейтін азаматтарды тарту.
Сұхбат барысында А.Дәдебаев ел өңірлеріндегі су тасқынынан кейін тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету, табиғи апаттарға тосқауыл қою, шетелден қайтарылған активтер, мемлекеттік тілдің дамуы сынды өзекті мәселелерге қатысты жан-жақты тоқталғанын айта кетейік.