Басшылар жиі өз қазметкерлерімен кездесіп тұруы керек. Сонда өндіріс көлемі артады,-деді бүгін Астанада өтіп жатқан Human Capital Days-2023 ІІ Адами капиталды дамыту жөніндегі халықаралық форумда баяндама жасаған Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры Елдос Өмірзақов.

«Басшылар жиі өз қызметкерлерімен кездесіп тұруы керек. Көбіне, қызметкерлердің іштей сыртқа айта алмай жүрген мәселелері болады. Сол проблемаларды қысқа мерзімде шешуге болатын жағдайлар кездеседі. Сондықтан, жергілікті басшылық құрам жұмысшылармен кері байланыс орнатуы керек. Адамдардың көңіл-күйі жақсы болған кезде өндірістік көрсеткіш артады. Мұны тіпті халықаралық тәжірбие де растайды. Өндіріс бір күн тоқтаса, ол-  үлкен шығын», – деді Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры Елдос Өмірзақов.

Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау, қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру мақсатында ұлттық компаниялар барынша әлеуметтік саясатты қолдауда. Мәселен, Қазақстан темір жолы компаниясында ерте зейнетке шығу бағдарламасы бар.

«Ерте зейнетке шығу бағдарламасының басты мақсатына келсек, ол зейнеткерлік жасына таяп қалған қызметкерлердің лауазымдық қызметі қысқартуға ұшырап, табыссыз қалған жағдайда, материалдық қолдау көрсету. Жалпы, бұл бағдарлама күрделі еңбек жағдайы мен денсаулығына байланысты зейнет жасына таяп қалған жұмысшылар арасында ерекше сұранысқа ие. Бағдарлама 2019 жылы қабылданды. 3 жыл ішінде 1204 қызметкер осы жобаның аясында ерте зейнетке шығып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отыр. Міне, күні кеше ғана тағы 45 адамның өтініші қанағаттандырылды», – деді  «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Саян Сыздықов.

Естеріңізге сала кетейік, Human Capital Days-2023 Kazakhstan форумына Әзербайжан, Қазақстан, Ресей, АҚШ және Өзбекстан елдерінен 270-тен астам басқарушы директорлар, HR-мамандар, жеке компаниялар мен квазимемлекеттік компаниялардың өкілдері қатысып жатыр. Бүгін форумның соңғы күні.