Қазақстанда фармацевтика саласында 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрігерлік заттар, 41-і медициналық бұйымдар, 22-сі медициналық техника өндіреді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан  Human Capital Days-2023 ІІ Адами капиталды дамыту жөніндегі халықаралық форумда баяндама жасаған «Gedeon Richter KZ» ЖШС HR директоры Гүлзира Рамазанова айтты.

Маманның айтуынша, бүгінде қызметкерлер фармацевтикалық компаниялардан жаппай практикалық медицинаға кетіп жатыр. 

«15 жыл бұрын адамдар медицинадан фармацевтикаға келетін. Бүгінде керісінше, фармацевтикадан практикалық медицинаға ауысуда. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазір дәрігерлер жағдайы жақсарып келеді. Дәрігер мамандығы қоғамда жоғары беделге ие. Екіншіден, экономкалық фактор. Мемлекет дәрігерлерді жан-жақты қолдауда. Жалақы да жоғары»- ,-дейді «Gedeon Richter KZ» ЖШС HR директоры Гүлзира Рамазанова.

Естеріңізге сала кетейік, Human Capital Days-2023 Kazakhstan форумына Әзербайжан, Қазақстан, Ресей, АҚШ және Өзбекстан елдерінен 270-тен астам басқарушы директорлар, HR-мамандар, жеке компаниялар мен квазимемлекеттік компаниялардың өкілдері қатысып жатыр. Форум аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының, «Теңізшевройл» ЖШС, «Эйр Астана» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Ембімұнайгаз», АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ  Әлеуметтік қолдау және коммуникация орталығының HR-мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің жобаларын таныстыратын болады.