Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары «Агробанк туралы» Заң жобасына бастамашы болды. Бұл құжатты дайындауға ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының сарапшылары атсалысқан болатын. Жалпы, «Агробанк» не үшін қажет?
Парламентаризм институтының хабарлауынша, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырудың жай-күйіне қатысты сараптама қаржының ауыл шаруашылығы нысандарына жетуінде кедергілер көп екенін көрсетіп отыр. Осы орайда, сарапшылар аграрлық сектордың дамуын кешеуілдетіп отырған негізгі 4 себепті атап отыр. Ол:
- Қаржыландырудың жетпеуі;
- Өтеу мерзімі ұзақ жобаларға банктердің несие бергісі келмеуі;
- Салалық қиындықтарға қатысты сақтандыру құралдарының жетіспеуі;
- Аграршылардың қаржылық сауатының жетімсіздігі.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ сияқты қаржы институттары ірі аграршылармен жұмыс істегенді жөн көреді.
Тәуекелдердің көптігіне байланысты банктер шағын шаруа қожалықтарын қаржыдандыруға құлықсыз. Өңірлік қолжетімділік те шектеулі.
Банктердің несие портфельдеріндегі ауыл шаруашылығының үлесі 2003 жылы 12% болса, 2022 жылы 1,75%-ға дейін төмендеді. Бұл 22,8 трлн теңгені құрайтын жалпы несие портфелінен бар болғаны 400,1 млрд теңгені құрайды, – делінген Парламентаризм институты берген ақпаратта.
Яғни, жуық арада несие саясатының ауыл экономикасының пайдасына өзгеруіне ықпал ететін алғышарттар жоқ. Толыққанды агробизнеспен айналысу мүмкіндігінен айырылатындықтан, республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ел халқының 38%-дан астамы ғана қабілетті.
Екінші деңгейлі банктер агрожобалардың жоғары рентабельділігі жағдайында несие саясатын қайта қарауы мүмкін.
«Бұл роботтандыру ,«нақты егіншілік» технологиясын, сұрыптаудың жаңа әдістерін қоса алғанда, саланы цифрландыруды және озық агротехнологияларды енгізуге негізделген бүкіл агроөнеркәсіптік кешенді трансформациялау шеңберінде өтуі мүмкін. Мұның бәрі негізгі капиталға инвестиция көлемін ұлғайтуды талап етеді», деп жазылған Институттың сараптамалық жазбасында.
Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 3-бабының 7-тармағына сәйкес елімізде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен бөлек», мемлекет қатысатын мамандандырылған салалық банк құруға жол берілмейді. Парламентаризм институты өзара іс-қимыл шеңберінде Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен «Агробанк туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатқаны осыған да байланысты. Түптеп келгенде, жаңа құжат аграрлық сектордың дамуына ықпал ететін негізгі тетіктің рөлін атқаруға тиіс.