Ертең, яғни, 26 мамыр күні елордада Халықаралық иттер көрмесі өтеді. Қазақстан Кинологтар одағы ұйымдастырған іс-шара аясында арнайы халықаралық комиссия қазақы тазы тұқымына жататын 100-ге жуық итті тексереді .

Зерттеу қорытындысы бойынша комиссия арнайы қорытынды шығаруға тиіс. Қорытынды нәтижесі Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитетінің қазақы тазы итті халықаралық деңгейде мойындау және «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанның атына бекіту туралы шешіміне негіз болады.

«Бұл көрме тек бәсекелестік немесе иттердің сүйкімділігін көрсету үшін ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұл – қазақ халқы үшін тарихи маңызы бар іс-шара. Еліміздің ұлттық мақтанышы мен мәдени мұрасының нышаны – қазақы тазы тұқымын ұлттық қазына және бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігі», – деп атап өтті Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындату үшін FCI міндетті талаптарының бірі иттерді зерттеу, олардың шыққан еліндегі тұқымның жай-күйі мен даму перспективаларын зерттеу екенін айта кетейік.

Көрмеге қатысатын тазыларды Қазақстан Кинологтар одағы әртүрлі жас санаттары мен түстердегі 100 итті мұқият іріктеп алған.
«EXPO» Халықаралық көрме орталығында өтетін іс-шара таңғы 9:00-де басталады