Қазақстанда 120-ға жуық университет бар. Онда 612 мыңнан студент білім алып жатыр. 2025 жылға қарай студенттер саны өсіп, 800 мыңға дейін жетуі мүмкін, – деді ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек Астанада өткен Human Capital Days-2023 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде.

Министрдің айтуынша, студенттерге бүгінде жоғары оқу орындарындағы аудиторияларда 200 мың орын тапшы, ал жатаханада 55 мың орын жетіспейді.

Одан бөлек, ведмство басшысы жақында Қазақстан академиялық хабқа айналуы мүмкін екенін де айтты.

«Қазір біздің еліміздің студенттері үшін жақсы мүмкіндік туып отыр. Себебі, біздің еліміз өңірдегі басты академиялық хабқа айналуы мүмкін», – деді ол.  

Айта кетейік, биыл елімізде әлемдік деңгейдегі жетекші ЖОО 6 филиалы ашылады. Ал, 2029 жылға қарай тағы төрт филиалды ашу жоспарда бар. Нәтижесінде, студенттер Қытай, Корей, Америка дипломдарын мемлекетіміздің аумағында ала алады.

Одан бөлек, министр білім беру саласындағы басымдықтарға ерекше тоқталды.

Олар:

  • Жоғары білімнің қолжетімді болуы ( грант бөлу жүйесін реттеу, жеңілдетілген білім несиелерін бөлу);
  • Кадрлық қамтамасыз етуді алдын-ала жоспарлау (жоғары сынып оқушыларын кәсіби бейімдеу, жаңа мамандықтардың өңірлік атласын құру);
  • Инфрақұрылым мен цифрлы архитектура (жаңа жатақханалар салу, академиялық орталықтар құру, цифрлы университет моделін жүзеге асыру, дүниежүзілік цифрлы ресурстарға жол ашу;
  • Интернационалау (шетелдік ЖОО филиалдарын ашу, шетелдік студенттер мен оқытушыларды тарту, Орталық Азияда ортақ жоғары білім кеңістігін құру);
  • Универсиеттің үшінші миссиясы (жастар арасындағы волонтерлік, ЖОО өңірлердің әлеуметтік тыныс-тіршілігіне бейімделуі);
  • Үздіксіз білім беру (қысқа мерзімді курстардың қамту аумағын ұлғайту);
  • Сертификаттау жүйесі («Кәсіби біліктілік туралы» заң, «Күміс университет» ашылуы);
  • Цифрлық өкілеттілік (Coursera for campus Қазақстанға келуі, Халықаралық IT бағдарламалар пәндерін меңгеру).

Айта кетсек, Human Capital Days-2023 Kazakhstan форумы екі күнге жалғасады. Келелі кеңеске Әзербайжан, Қазақстан, Ресей, АҚШ және Өзбекстан елдерінен 270-тен астам басқарушы директорлар, HR-мамандар, жеке компаниялар мен квазимемлекеттік компаниялардың өкілдері қатысып жатыр.