Екі жылдан астам уақытқа созылған пандемия қазақстандықтарға жергілікті табиғаттың қадірін ұқтырғандай болды. Себебі коронавирус кесірінен көпшілік шет елдерге саяхатқа шығуды азайтты. Есесіне, ішкі туризмнің бойына айтарлықтай қан жүгірді. 

Мұны ресми деректер де айғақтайды. Еліміздің мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, былтыр  ішкі туристер саны 6,9 миллионға жеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 300 мың адамға артық.

Туристер ұлттық парктер арасында Іле Алатауы, Көлсай және Шарын шатқалына көп барған. Олардың саны 1,5 миллион адамға жеткен. Ал Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылы еліміздегі туристік аймақтарға 1 миллион, 600 мың адам барған. Оның 124 мыңнан астамы – шетелдік азамат. Алматыдағы тау кластері, Алакөл мен Маңғыстау облысы үздік үштікке енген екен. Бұл еліміздегі ішкі туризмнің ілгері басқанының тағы бір дәлелі болса керек. Әрине, сұраныс бар жерде ұсыныс та бар. Соңғы жылдары ішкі туризмнің дамуына қарапайым азаматтар да үлес қоса бастады. Олар – туристерді өздері тауып, өз күштерімен қызмет көрсетіп жүр.

МАҢҒЫСТАУДА РЕСЕЙЛІК ТУРИСТЕР КӨП

Ардақ Қатарбаев Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында тұрады. Мамандығы – экономист. Ардақ бірнеше жылдан бері қонақ үй бизнесімен айналысады. Кәсібін бастағалы бері қосымша ішкі туризмге де ден қойған. Өйткені, қонақ үйін жалдаушылардың дені облыстағы тарихи-мәдени жерлерді аралауға келетін саяхатшылар. Ардақ та пандемиядан кейін ішкі туризмге жан біткенін айтады. Әсіресе, Украинадағы соғыстан кейін Маңғыстауға Ресейден саяхатшы көптеп келе бастаған. Сөзінше, 2022 жылдың сәуір айында ғана қонақ үйіне Маңғыстауды аралау үшін арнайы жеткен жүзге жуық ресейлік тұрақтаған.    

– Карантинге дейін Маңғыстауға Еуропадан, оның ішінде, Франция, Италия мен Англиядан демалушылар көп келетін. Ресейлік туристер бұған дейін де біз жақта біраз уақыт саяхаттайтын. Бірақ дәл қазіргі кездегідей топталып келгенін көрмедім. Туристердің дені – Воронеж, Екатеринбург, Мәскеу қалаларының тұрғындары. Соңғы жағдайларға байланысты ресейліктерге Қазақстаннан басқа баратын да жер қалмаған сияқты. Оны өздері де айтады. Олар соғысқа дейін Қырымға барған екен. Ал ол жақ қазір соғыс жағдайында тұр. Әні-міне бомба түсер деп қауіптеніп, саяхат үшін бізді таңдаған, – дейді Ардақ.

Оның айтуынша, ресейлік туристер Маңғыстаудағы Бозжыра, Шерқала, Ыбықты сайы, Айрақты секілді көрнекті жерлерді тамашалауға асығады. «Көрші елдің туристері өз көліктерімен келіп жатыр. Тіпті мотоциклмен жүргендері де бар. Олар қонақүйге орналасады да, емін-еркін қыдырып жүре береді. Қолдарында карталары бар. Көпшілігінің бағыты – 5 миллион жыл бұрынғы Тетис мұхитының орнындағы Бозжыра. Бұл – ішкі туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті мүлт жібермегеніміз ләзім» дейді ол.

«ҚОНАҚ ҮЙ КЕРЕК»

Бозжыра демекші, Бозжыраға соңғы жылдары өз елімізден де, шет мемлекеттерден де келетін туристердің қатары көбейген. Тіпті, ырымдап туған күнін осында атап өтетін жандар да бар. Солардың бірі – TV продюссер, журналист Әсел Тоянова. «Биыл туған күнімді отбасыммен бірге әулиелер мекені Маңғыстауда, оның ішінде, Бозжыра мен Каспий жағасында өткізуді жөн көрдім. Қазір әлеуметтік желілерде Бозжыра туралы роликтер, клиптер өте көп. Кино да түсірілді. Өте әсерлі. Бозжыраны өз көзіммен көруді көптен бері армандап жүр едім. Сол арманым орындалды. Бозжыраны бір күн армансыз аралап шықтық. Ол жаққа туристерді апаратын кісілер көп екен. Топпен апаратындар да, Джиппен бөлек апаратындар да бар. Бағалары да әртүрлі. Байқағаным, бұл жақта Бозжыраға, басқа тарихи орындарға арналған турлар жақсы жолға қойылған екен» дейді ол.

Мәселен, топтық турдың бағасы бір адамға – 15 мың теңге, «Джип турдың» бағасы, яғни, бір көлікті жалға алу – 100 мың теңге. Тамақ, ас-су – ұйымдастырушылардың мойнында. Бір қарағанда Бозжырада туристер үшін бәрі бар секілді, бірақ бір ғана дүние жетпей тұрған сияқты. Демалушылардың тынығуына арналған қонақүй. «Тұрғындардың қонақүй салуға неге қарсы болғанын түсінбедім. Бұл жердің аумағы үлкен. Мұнда үлкен қонақүйлердің салынбайтыны анық. Көлсайдағыдай шағын үйлер салып қойса болар еді деп ойлаймын. Келген адамдар көлеңкелеп, бір тыныстап алу үшін. Ішетін су жоқ. «Шет елден, Еуропадан, Ресейден келетін адамдар көп. Олар мұнда қонғысы келеді. Бұл жердің қасиетін сезінгісі келеді. Бірақ қонуға мүмкіндік жоқ. Жел соғады. Палаткалары ұшып кетеді» дейді бізді алып жүрген гид жігіт. Кеше біз барғанда жапондар жүрді. Соларға бір күн қонатын, шәй ішетін шағын үйлер салып берсе, артық болмас еді», – дейді журналист.   

Әсел Тоянова былтыр күзде достарыммен бірге Түркістанға барып, керемет әсер алғанын, сол сапар үлкен ой салғанын айтады.  «Түркістанда баратын жерлер өте көп екен. Жолдары жақсы. Заманауи қонақ үйлер бар. Сонда барғаннан кейін «Жылына Қазақстанның ішіндегі бір-екі жерді аралау керек екен. Сервис, әуе рейстері жолға қойылыпты. Жақсы қонақүйлер ашылыпты» деген ой келді. Биыл Шығыс Қазақстанға, Катонқарағайда баруды жоспарлап отырмын», – дейді Әсел.

Айта кетейік, 2021 жылдың басында Ақтау қаласынан 300 шақырым жердегі Бозжыра шатқалы аумағынан қонақ үй мен этноауыл салу бастамасы көтерілген еді. Мұны естіген экобелсенділер шатқалдың табиғи болмысынан залал келетінін айтып, дабыл қақты.Қол жинады. Ақырында іске президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, үкіметке демалысқа қажетті нысандарды басқа жерден салуды қарастыруды тапсырды. Келісім бойынша, инвестор қонақ үйді Бозжырадан 4 шақырым алыстан салатын болды. Бірақ әзірге құрылыс жұмыстары басталмаған.    

ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫНА ДӘРЕТХАНА ДА КЕДЕРГІ

Алматы қаласының 28 жастағы тұрғыны, Елжас Жарасұлы 2019 жылдан бері ішкі туризммен айналысып келеді. Туристерді Алматы облысының аумағындағы 30 миллион жыл бұрын пайда болған Шарын шатқалына, теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктегі Көлсай мен Қайыңды көліне, «Көшпенділер» фильмі түсірілімі үшін Іле өзені бойында салынған «Көшпенділер қалашығына», мыңдаған жылдық тарихы бар «Таңбалы тас» пен Түркістанға апарады.

Елжастың сөзінше, пандемия ішкі туризмге көп мүмкіндік ашқан. Ішкі саяхатты кәсіп етушілер туристерді негізінен автобуспен алып жүреді. Бір күндік, екі күндік турлар ұйымдастырады. Бір күндік тур құны бір адамға шамамен 12 мың теңгеден айналады екен. 60-70 мыңдық турлар да бар. Жалпы, елдің көрікті жерлері мен тарихи орындарын аралағысы келетіндер аз емес көрінеді. Дегенмен, ішкі туризмді тұралатып тұрған мәселелер де жетерлік екен.  

– Бізді қинайтыны – сервис. Мәселен, туристерді Алматы облысындағы Есік көліне де апарғымыз келеді. Жол нашар болған соң ол ойымызды жүзеге асыра алмай отырмыз. Алакөлге апаратын тасжолдың да сапасы сын көтермейді. Сондықтан биыл демалушыларды пойызбен тасымалдасақ деген ой бар. Ішкі туризмге ең қажет нәрсе – дәретхана. Бұл – үлкен проблема. Шарын мен Көлсайға, Қайыңдыға дәретхана қойды. Бірақ қашан көрсең де жабық тұрады. Ал бұрынғы, ескі дәретханалар ашық. Олардың жағдайы қандай екені белгілі. Бәрінен де шет елдік туристерден ұят. Бір қарағанда, ұсақ-түйек көрінетін осындай мәселелер шешілсе, ішкі туризмнің бұдан да жақсы дамитынына күмән жоқ, – дейді Елжас.

Қазақстанда туристік аймақтар мен қалааралық, халықаралық тасжол бойында дәретхана салу жайы ондаған жылдан бері айтылып келеді. Үкімет те проблеманы түпкілікті жоятынын алға тартып жүр. 2022 жылдың алғашқы айларында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы демалыс және тарихи орындарды аралап, жағдайды көріп қайтыпты. Туристер көп баратын Қайыңды көлі аумағындағы дәретханаға су тартылмағанын мойындаған министр болашақта бұл мәселе оң шешімін табатынын айтты. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта Шарын шатқалын туристерге түнде де тамашалауға мүмкіндік жасау қажет деген ойымен бөліскен. Ал айтылған жоспарлардың қашан жүзеге асары, әлбетте, әзірге белгісіз.

АЛТАЙДЫ КІМДЕР АРАЛАП ЖҮР?

Шығыс Қазақстан облысында да саяхатшыларды қызықтыратын тарихи, мәдени орындар мен табиғаты тамылжыған жерлер баршылық. Шырайлы шығысты туристерге таныстырып жүрген азаматтың бірі – өскемендік Дарын Нұрсапар. Кәсібін былтыр бастаған. Ол Қазақстанның басқа өңірлерінен келген туристермен жұмыс істейді. Саяхатшыларды өз көлігіне отырғызып алып, 3 мың жылдық тарихы бар сақ қорғандарын, «Берел» музейін аралайды. Қатонқарағай бағытымен жүріп, марал шаруашылығына барады. Былтыр бір адам мұндай 4 күндік турды 70 мың теңге сатып алған екен. Биыл жұмысын жалғастыруды айтқан Дарын қымбатшылыққа байланысты, тур бағасын 90 мың теңге көтеруді көздеген.

Дарын ішкі туризмнен нәпақа табуды эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанда бастаған. Бұл жұмыс негізінен күн жылы, жол ашық кезде жүреді. 

– Туристерді әлеуметтік желідегі парақшам арқылы таптым. Былтыр Атырау, Маңғыстау, Жаңаөзен қалаларырнан, яғни, батыстан келушілердің қатары көп болды. Олар 4 күн бойы Алтайды емін-еркін аралайды. «Берел» музейі сияқты тарихи орындар мен Катонқарағай ауданының көрікті жерлерін тамашалайды. Бұғының мүйізін кесу процесін көреді. Қарағай моншаға түседі. Қымыз, саумал ішеді. Орман-тоғайды армансыз аралап, жидек тереді. Өзге өңірдің тұрғындары біздің табиғатқа тамсанады. Көбі негізінен демалуға отбасымен келеді, – дейді Дарын.

«ТУРИЗМГЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ТАРТУ КЕРЕК»

Облыстың туризм саласындағы түйткілді мәселенің бірі – тұрғындардың туристерге қызмет көрсетуді жөнді білмеуі. Осы орайда, бірнеше жыл бұрын Қырғызстандағы экотуризмді дамытуға үлес қосқан білікті маман, «Қырғыз туризм ОсОО» директоры Айша Мәмбеталиева Катонға келіп, өзінің білген-түйгенін жергілікті азаматтарға жеткізген болатын. «Мысал ретінде Қырғызстанның Нарын облысының Кочкор ауылын айтайын. Басында бұл ауылға ешкім бармайтын. Халық көшіп, ауылда үлкен кісілер ғана қалған болатын. Сөйлестік, оқыттық. Қазір Кочкор ауылы туризмінің көш басында тұр. 2000 жылы Қырғызстан ауылдары бар-жоғы 18 турист қабылдаса, 2006 жылы бұл көрсеткіш 6 мыңға жетті. Егер Катонқарағайда шетелдік турис­терді қабылдай бастасаңыздар, қонақ бөлмесін дайындау жағын ғана емес, оларды қызықтыратын әртүрлі бағдарламаларды да ес­тен шығармаңыздар. Мәселен, Қырғыз­станда туристерге көрсетілетін бағ­дар­­ламаның бірі «Бауырсақ шоу». Шоу құны – 30 АҚШ доллары тұрады. Бұл біздегі – ең танымал шоу. Ең маңыздысы, тұрғындарды оқытуға көңіл бөлу керек. Туристерді қабылдауды үйрету қажет», – деген еді сол кезде ол.

Катонқарағай ауданында соңғы жылдары ауыл тұрғындарын туризмге баулу, демалушыларға қызмет көрсетуді үйрету жұмыстары қолға алына бастады. «Туристерге қызмет көрсетіп, табыс тапқым келеді» деуші азаматтарға бірнеше грант бөлінді. «Біз үлкен жобаларға емес, шағын жобаларға қолдау білдіреміз. Бұл жергілікті қоғамдастыққа негізделген туризм деп аталады. Әлемде бар тәжірибе. Мәселен, бір отбасы туристерді қабылдаса, екінші отбасы оларды атпен серуендетеді, үшінші отбасы қолөнер бұйымдарын ұсынуы керек. Туристік кластер осылай құрылады. Түпкі ойымыз – Катонқарағай ауданында 5700 адамды туризм саласында жұмыспен қамту. Осынша адам жұмыс тапса, туризмнің экономика секторындағы үлесі 30 пайызға жетеді. Сол үшін жергілікті тұрғындарға грант бердік, оқыттық», – дейді «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Серік Жүнісов.

Туризм саласындағы сарапшылардың пікірінше, туризм әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын құрайды. Экономист Ержан Домалатов Қазақстанда туризм жалпы ішкі өнімнің 1 процентін де құрамайтынын айтады.

– Қазір шикізаттық емес секторды дамыту жайында көп айтамыз. Өзге елдерде қызмет көрсету саласы жалпы ішкі өнімнің көп бөлігін құрайды. Осы жағына мән беретін кез әлдеқашан жетті. Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік беретін табиғи рекреациялық әлеует өте жоғары. Бірақ соны толық жүзеге асыра алмай отырмыз. Ішкі туризмді дамытсақ, біріншіден, халық жұмыспен қамтылады. Екіншіден, экономикалық өсім болады. Үшіншіден, туризм дамыған жерде инфрақұрылым да бірге дамиды. Ішкі туризм дамуы үшін инфрақұрылым, жақсы жол, сапалы интернет болуы қажет. Екеуін бөліп қарай алмаймыз. Бізде көп жағдайда адамдар туристік фирмалар арқылы емес, өз бетімен демалады. Жаздың күні Шығыс Қазақстанда туристер қаптап жүреді, бірақ статистика басқа. Жасырып көрсетеді. Салықтан жалтарады, – дейді Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Ержан Домалатов.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Қуаныш Сүлейменов те әріптесінің сөзін құптайды. Оның айтуынша, Алакөлдің Шығыстағы бөлігінде бір жылда шамамен 1 миллион, 200 мың халық демалады. Алайда түсетін салық көлемі – 87 миллион теңге. «Негізі ол жердің салығы 700-800 миллион, тіпті 1 миллиард теңгеге жуық болуы қажет. Бірақ кәсіпкерлер салықтан жалтарады. Бұл да ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіреді», – дейді ол.

Жергілікті ақпарат құралдары Kazakh Tourism ұлттық компаниясына сілтеме жасап таратқан мәліметте, 2021 жылы Қазақстанда 6,9 миллион адам демалған. Соның арқасында пандемия кезінде шығынға батқан сала қайта аяққа тұрып, өткен жылы 109 миллиард пайда тапқан.

Азамат Қасым,
Шығыс Қазақстан облысы

Biz.kz