Көкпарда көне көкбөрі культі бар
«Жерінде – бабасының, төрінде – даласының, ежелден көкпар тартқан, мен қазақтың баласымын». Қазақ халқының ат спорты ойындарының ішіндегі ең танымалдарының бірі – көкпар. Ауыл баласына ат таңсық емес қой. Ауылда туған-туысы болмаса, қала баласы жылқыны тек теледидардан немесе арнайы қала шетінде орналасқан ипподромнан ғана көреді. Ал, Астана қаласының тұрғыны, көкпаршы, ұлттық спорт жанашыры Дәурен Наурызбаев болса, қалада туған ұлын кішкентай кезінен бастап ат спортына баулып жүр. Өйткені, қаны да жаны да қазақ деп соққан өзі сынды палуан болмаса да, елінің ертеңін ойлайтын, жүрегінің түгі бар, шымыр азамат болса дейді.
«Жалпы қазаққа, қазақ баласы үшін көкпардың орны ерекше. Себебі, ол дәстүрдің жарқын жалғасы. Көкпар – ер жігітті шыңдайтын спорт. Кезінде текті қазақ майданға дайындықтың бір түрі ретінде осы көкпарды дамытқан. Бұл ойында көкбөрі культі бар. Екінің бірі көкпар шаба бермейді. «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанатты бір бөлек» деген. Қазанат жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болады. Жігіт те, жылқы да көкпарда сыналады. Ат пен шабандоздың үндесіп шабуы, палуанның айласын асырып кетуі, жеке дара суырылып шығып, құйғытып шауып келіп, салым салуы… бәрі-бәрі ғажап көрініс, бөлек әңгіме»,- дейді көкпаршы Дәурен Наурызбаев Biz.kz сайтына берген сұхбатында.
Атқа мінген қазақ өзін азат әрі ғажап сезімде болады. Мұндай ерекше күйге бөлейтін ат көкпардан, бәйгеден ғана шығады деп санайды Дәурен Наурызбаев.
«Көкпар екіге бөлінеді. Заманауи түрі бар, бертін шыққан. Екі жаққа бөлініп, он екі-он екі шабандоздан шабады. Бұл командалық ойын түрі. Төрт-төрт адамнан алаңда 8 шабандоз замануи түрде футбол сияқты бір-біріне қарсылас болады. Екіншісі – жаппай көкпар. Онда елу, жүз, екі жүз оңтүстікте тіпті мың, екі мың атқа дейін шабады. Екі мың аттың арасында қайнау деген екінің бірінің қолынан келе бермейді», – деді көкпаршы.
Не үшін дамыту керек?
Көкпар – қазақтың жаны, қазақтың бары. Өмілдірігін үзердей алқынған ат, үзеңгіге аяғын керіп қиқуға қиқу қосқан азамат… Бұл ертеден келе жатқан ұлттық ойынымыз. Астана қаласы жаппай көкпар федерациясының президенті Ералы Мамиров осылай дейді.
«Атқа мінген жігіт шымыр, спортқа жақын болады. Ішімдік пен темекіге жақын бауырлар жаман әдетті тастап, атқа мінсе, нұр үстіне нұр. Төрт түлік малдың ішіндегі адамға ең жақын жануар – жылқы. Ата-бабаларымыз ұлды азамат қылып өсіру үшін көкпар ойнады, ұрпақтарының бұзылғанын қаламады. Осы қайсар мінезі арқылы жаугершілік заманда ел қорғап, ұланғайыр жерді мирас қылып қалдырды. Ұрпағымыз ешкімнің құлы болмасын, жерімізде еркін өмір сүрсін деді. Жас бала жылқы баптап, шынығып өссе, атпен мінезі жарасып өссе, міне ғажап!», – дейді Ералы Мамиров.
Бұл азамат айтқандай, көкпар қауіпті ойын түріне жатады. Оған екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Түрлі деңгейдегі жарақат алу қаупі жоғары. Тіпті мыңдаған ат қатысқан ойында адамдардың атқа тапталып қалуы да кездесіп жатады. Ат құлағында ойнайтын епті жігіттердің өзі бір күнде көкпар шауып кетпейді. Олар да боксшылар мен күресшілер сияқты күнде жаттығу жасайды және ол жаттығу жұмыстары айлап, тіпті бірнеше жылға созылады. Сонда ғана шын нәтиже шығады. Көкпаршы деп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, нағыз еңбектің еңбегі.
Оны көкпаршы Дәурен Наурызбаев та қуаттайды.
«Жиырма бірінші ғасырдағы кейбір інілеріме, азаматтарға көңілім толмайды. Әлжуаз, мінез-құлқы жуас болып келеді, кейбір сынақтарға төтеп бермейді. Өзіне өзі қол жұмсап жататындар туралы да соңғы кезде жиі құлақ шалып жүр. Көкпардың қазанында қайнаған азамат сан сынаққа сыр бермейді. Аттың қасында біраз жүрген адам уақыт келе бір қайсар мінезі қалыптасып, болмысы өзгереді. Жылқыға жақын бала мықты болады», – деп ой бөлісті көкпаршы Дәурен Наурызбаев.
Көкпардың етін бала көтере алмай жүрген әйелге берген
Ата-бабамыз көкпардың етін бала көтермеген әйелдерге берген көрінеді. Көкпардың қуардағын бір-біріне сыйға тартқан екен…
«Көптен бала сүйе алмаған, перзент аңсап жүргендер елден бата алып, Алладан тілек тілеген. Палуандарды білегімен, аттың тұяғымен тапталған, жылқы мен палуанның тері аққан нағыз көкпар, яғни тері ішіндегі ет езіліп, қалады. Ондай ет тез піседі, әрі жұмсақ, әрі дәмі тіл үйіреді», – деді Астана қаласы жаппай көкпар федерациясы президенті Ералы Мамиров.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының атасы Аққұл күллі қазақ-қырғызға танымал көкпаршы болған екен. Бұл кісі жайлы естеліктер ел аузында бүгінге дейін айтылып жүр. Өзі де, аты да бір додада тартыста қаза болған деседі. Бауыржан Момышұлының жерлестері әлі де жарап тұр. «Әулиеата» командасы 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында өткен ең алғашқы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы. 2020 жылы өткен Тұңғыш Президент кубогының иегері де осы «Әулиеата».
«Өскеменде өткен чемпионатқа 8 облыстың мықтылары қатысты. Екі топқа бөлініп ойнадық. Керемет ойын болды. Әулиета командасы топ жарып, республика бойынша алғашқы чемпиондықты жеңіп алды», – дейді белгілі атбегі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрдәулет Момынов.
Оның айтуынша, қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстікте көкпар спорты жақсы дамыған. Өкінішке орай, теріскейде – солтүстік өңірде бұл спорт кенже қалып келеді. Сен тұр, мен атайын деген жігіттер жоқ емес, бар. Бірақ, қолдау болмаған соң, қаражат жағы қолбайлау болып тұр.
Астанада көкпар дамысын десек, көкпархана салу керек
Үй іргесінен ат дүбірі естілсе, тұлпарға қамшы басқан халықпыз. Ата-бабадан бізге жеткен бұл дәстүр жалғассын десек, Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Астана қаласы жаппай көкпар федерациясы президенті Ералы Мамиров осылай дейді.
Ұлттық спорт жанашыры айтқандай, атқа мінген жігіт мықты болады, рухты болады. Астана, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Қарағандыда да тақымы тастай, білегі болаттай мықты жігіттер бар. Соларды әрі қарай шыңдап, қолдап, қажет болса, қорғау керек. Сайыстардың жүлде қорын молайтса, Сарыарқаның даласында да сойқан көкпар өткізуге әбден болады.
Аз-кем ақпарат:
Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз тілінде «көк бөрү», “улак тартыш (тартуу)”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған.
Этнографтардың айтуынша, «көкпар» сөзінің әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Мал баққан көшпелілер көк бөріні соғып алып, оны ат үстінде жүріп бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналады.
Ал, академик Әлкей Марғұлан: «Сырдария мен Арал бойын мекендеген Сақ тайпалары жыл сайын қасқыр тотемінің құрметіне арнап, қатысушылары қасқыр терісін жамылып, маска киетін атты-спорттық мейрам ұйымдастыратын. Бұл дәстүр түрік-моңғол тайпаларында күні бүгінге дейін сақталды. Қазақ, түрікмен, қырғыз елдерінде бұл ойын «көкпар – көк бөрі» деген атаумен сақталған. «Көкпар» атты ойынның қазақ халқындағы бір варианты «Қыз бөрі» – қасқыр терісі мен қасқыр маскасын киетін дәстүрлі сақ ойынының модификациясы».., – деп ойынға ғұрыптық мән береді.
Көкпарға қатысты ырым-тиымдар:
- Көкпар әкеліп тасталған үйден бәле-жала аулақ жүреді деген қазақ
- Көкпардың еті мың түрлі ауруға ем деген қазақ
- Ала құйын додан әрең шыққан арғымақ аттың ащы тері көкпарға тамады, оны тартқан апталдай азаматтың алақан табы серкеге сіңеді деген қазақ
- Ұрпақ сүйгісі келген әйелге ырымдап көкпар етін жегізген қазақ!
Көкпарды үзбеу ол – ұрпаққа аманат.
Ұл өспейді, құр мақтап ерсің десе,
Ұлт өспейді, дәстүрін менсінбесе.
Нағыз қазақ екем деп айтпа, балам,
Тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе! – деген. Жігіттеріміз білекті, шымыр, жүректі болсын десек, дәстүрдің жарқын жалғасы көкпарды дамытып, оны келер ұрпаққа әдемі табыстауымыз керек.
Гүлжан Серік