Гумандық сипаттағы ұғым. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Қай ел, қай мемлекет, қай ұлт, қай халық болмасын өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Уақыт өте келе ұмыт болған салттар мен заман жаңара келе жаңғырған дәстүрлер болады. Алайда, құрметті оқырман, бүгін айтпағымыз бұл емес. Қанша уақыт, қанша заман, қанша адам өзгергенмен, біздің тілімізде өзгермейтін қүші мен құдіреті күшті бірқатар сөздер бар. Соның бірі тек өзіміздің қазақ тіліміз бен дінімізге тән «Обал» сөзі. Жалпы, біз үшін тіліміздегі көп ұғымдар таңсық емес. Тілді қолданыстағы гумандық сипаттағы бірнеше ұғымдарды бәріміз білеміз. Бірақ әрқайсысының жеке мәні мен мағынасына терең үңілмейміз. Сондықтан, құрметті оқырман, Biz.kz сайты ұлт танымындағы ерекше бір ұғым «Обал» сөзін талдап көрмек. Ол үшін біздің редакторлар «Ш.Беркімбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей-интернаты» мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мауежанова Жадыра Тұрсынханқызын әңгімеге тартқан болатын.
Өте ауыр азабы бар іс-әрекет
Қазақ тілі әлемдегі ең бай үшінші тіл. Қазақ тілінің кереметтігі жайлы пікір айтушылар көп. Олардың ішінде өз жазушыларымыз, ғалым, зертеушілерімізбен қатар, шет елдік ойшылдар да бар. Соның біреуін мысалға келтірсем деді біз сұхбаттасқан «Ш.Беркімбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей-интернаты» мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мауежанова Жадыра Тұрсынханқызы, «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір. Барлығы дерлік таңғаларлықтай орамды сөйлейді», – деген екен неміс ұлтынан шыққан ресейлік ойшыл, этнограф, педагог Василий Радлов. Бұл сөздің жаны бар – тіліміз өте бай. Қашан да халықтың танымы мен пайымы қазіргі ұрпақтың түп тамырын, тарихын білумен өлшенеді емес пе? Сол себепті кейбір ұғымдардың мәнін ашып қойған жөн. Қазақта ешбір дін жетесіне жеткізіп түсіндіре алмайтын, ешбір тіл нақ сипаттап аудара алмайтын «обал» деген ұғым бар. Бұл сөзді білмейтін қазақ жоқ.
«Филологиялық тұрғыда ашпастан бұрын, шариғат терминологиясы бойынша түсініктеме беретін болсақ, «обал» деген сөз «артында өте ауыр азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс, азғындық» деп түсіндіріледі. Қасиетті Құранда: «Олар жасаған істерінің обалын тартады» деген аят бар. Нақтырақ айтсам, 15-аят ол «Хашыр» сүресі», – деп түсіндірді Жадыра Тұрсынханқызы.
Ар-ұят, иман кодексі
«Обал» сөзінің шығу төркінін зерттейтін болсақ, «обал» сөзі арабтың «уабалун» деген сөзінен шыққан. Бірінші мағынасы, «бұзылған жағдай, бүлінген қоршаған орта» дегенді білдірсе, екінші мағынасы «бәле-жала», «зұлымдық», үшінші мағынасы «зиян», «зардап», «қиянат» «ауыртпалық», «ауыр зардап» тәрізді бірнеше мазмұнға ие. Ал, парсы тілінің сөздігінде «обал» дегенді қиянат, күнә деп көрсетіпті. Әрине обалдың күнә, қиянат деген мағына беретіндігіне ешбір дау жоқ. Әйтсе де «уабалун» деген араб сөзі мен қазақтың «обалының» мағынасы үндес болғанымен, алаштың ұғымының мәні тым кең, әмбебап сипатта. Түбі арабтан сіңсе де, қазақтың «обалының» мағынасы әлдеқайда терең. Қазақта бұл сөз ар-ұят, иман кодексі!
«Обал болды, обалына қалды, обалына қалма» деген ұғымның бәрінің мәні де, түбі де тұңғиық. Қазақ баласы осы «обалмен» тәрбиеленеді. Бұл аса биік, иесі бар, ерік-жігеріңді уыста ұстататын ұғым! Оны білген жан адамгершіліктен аттамайды», – дейді филолог Жадыра Тұрсынханқызы.
Сұхбат барысында, филолог қарапайым бір ғана мысалды тілге тиек етті. Соның өзінен обал сөзінің қаншалықты қазақ дүниетанымында зор мәнге ие екенін көруге болады. Мысалы, қазақ нанды лақтырсақ та «обал болады» дейді. Ол, біріншіден, асты төгіп-шашу ысырап, екіншіден, бұл адамның сол нанды жасау үшін төккен тері мен еңбегіне құрмет көрсетпеу, үшіншіден, ас атасы, үлкен ас нанның құрметін аяққа таптау. Ысырап жасағанымыз үшін де Жаратушының алдында жауапқа тартылатынымыз белгілі жай. Ал, адамның табан ақы, маңдай терін құрметтемеу – оның ақысын жеудің көрінісі. Алла тағала адамның ақысын жеген пендесін кешпейді. Ол туралы аяттар да, хадистер де бар. Демек, бір ғана «обал болады» деген сөз қазақтың иманын сақтап келген, деді филолог.
Обалды біліп өссең – сауапқа кенелесің
Әлемдегі халықтардың талай ғасырлардан бері аралас-құралас болғандығы, кез-келген халықтың тілі мен танымы көршілеріне әсер етуі мүмкін жағдай. Ал, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріндегі ұғым-нормалар ислам құндылықтарымен тығыз байланыста дамығандығы, әдептілікке негізделген адамгершілік-имандылық, ар-ұят қасиеттерінің ислам дінінен бастау алғандығын ескеру қажет. Сол себепті, “обал” сөзінің араб я парсы тілінен еніп, түркі тілдеріне көшуін діни немесе тарихи сипатпен байланыстыруға болады. Ал, қазақтың имани кодексіне айналған “обал” сөзіне қатысты Малайсары: «Үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!» деген насихат сөзі бар.
Айтпақшы, филолог Жадыра Тұрсынханқызы мынадай бір жылы естелігімен бөлісті.
«Мен үйдің ерке қызы болып өстім. Ешкім бетімнен қаққан емес. Алайда, таяқсыз-ақ анамыз біздің бойымызға қазақи тәрбиені сіңіре білді. Ол анамның көрегенділігі деп ойлаймын. «Тәйт» деп дауыс көтергенін көрмеппін. Керісінше, жұмсақ, жоғарыда өзім айтқандай, обал болады, ұят болады деп өсірді. Анамның сол бір ауыз сөзі бізге жетіп жатыр еді. Кейде қатты ренжісе: «Қой, қызым ұят болады», – дейді, болды. Сол сөздің өзі таяқпен ұрғаннан да қатты ауырады десем, осы мақаланы оқып отырған көпшілік менімен келіседі деп ойлаймын».
Қазақта «Обал» сөзіне қатысты мынадай тіркестер жиі қолданылады:
- нанның қиқымын шашсаң, обал болады;
- сүт төгілсе – обал;
- құстың ұясын бұзса – обал;
- көкті жұлсаң – обал;
- баланың қарны тоймай қалса – обал;
- жүйрік ат аяқтан қалса – обал;
- күшікті немесе мысықты бекерге қинасаң, обал болады;
- малды ұрып-соқсаң, обал болады;
- көктеп тұрған бұтақты сындырсаң, обал болады;
- жетімді ренжітсең, обал болады;
- біреудің еңбегін жесең, обал болады.
Құрметті, оқырман, шыны керек осы сұхбатты тыңдап отырып, өзім де ойға шомып кеттім. Расымен, біздің қазақ халқы қандай дана, көреген халық десеңізші. Ұрпағының ұлы болуы да сондықтан болса керек. Қашан да, үлкендердің «обал болады», «сауабын аласың» деген сөздеріне немқұрайлы қарамай, олардың мәнін түсіне отырып орындап, ұрпақ тәрбиесінде тиімді қолдана алсақ, сол бізді адамдыққа да, адалдыққа да, жақсылыққа да жетелейді. Демек бізге обал мен сауаптың орнын біліп, қай істе болмасын қанмен келетін қасиетті жоғалтпай, тәрбиенің тамырын үзбеген абзал.