Осы күнде қазақ даласында қанша тазы барын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал, төбеттің жағдайы одан да қорқынышты, жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұрған сияқты. Бұл – қазақы иттің жай-күйінен бейхабар сырткөз емес, 30 жылдан бері осы шаруаның басы-қасында жүрген кинологтардың сөзі. Қызығы сол, көшпенділер дала заңы, баба заңымен өмір сүрген орта ғасырларда тазы-төбеттің атына да, затына да бөтен ешкім қол сұға алмаған. Саны мен сапасы да мінсіз еді. Қазақы иттердің құрдымға кетуі халқымыз отырықшы елге айналып, құқықтық негізде өмір сүруге көшкен 20 ғасырда басталған ғой. Әсіресе байдалы тұрмақ, бас қайғы 30-шы жылдардағы ашаршылық тазы мен төбетті қатты қыңсылатып жіберді. Ит тұрмақ басын, басы қалса малын аман алып қалу қазаққа мұң болған заманда құмай тазысын түз тағысына салып ағайын-жұртын асыраған бірен-саран аңшы болмаса, саятшылықты кәсіп қылатын адам қалмай, төбет күзететін мал да жоқ, бұралқы иттер басы ауған жаққа қаңғып кетіпті-мыс. Одан қалды сол заманның бай-баярлары малдарын айдап шет ел асқанда, иттері де көшпен бірге шекараның арғы жағына ауған.

Бұдан кейін 2-ші дүниежүзілік соғыс басталды. Ол да итті ойлап отыратын кезең емес. Кейін 1959 жылы мүдделілер ел сәл-пәл ес жиып, бір қазынасын іздеп сұрау салған екен, Қазақстанда тұқымы төрт төлге ұласатын бірде-бір тазы текті ит табылмапты (ол кезде кинологиялық талап сондай еді). 1981 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанға Тазы мен Тайғанның халықаралық мәртебесін нақтылау процесін қолға алуды  жүктепті. Қазақстан бас тартқан екен. Өйткені барлық талаптарға толық сәйкес келетін бір де бір ит шыға қоймаған. Міне, тазы-төбеттің 20 ғасырда бастан кешкен аянышты хәлі осындай. Бұл тазы-төбеттің тұқымы тұздай құрып, мұражайдағы экспонатқа айналды деген сөз емес, әрине. Атакәсіптен танбаған, ұлттық құндылықтың қадірін білген итжанды азаматтардың арқасында халық қазынасы осы күнге шаланжансар күйде болса да жетті.

Қазіргі кезде аңшылардың, малшылардың, өзге де төрт аяқтыға икемі бар азаматтардың қолында тазы-төбет бар-ау. Бірақ аты бар да, заты жоқ. Олай болатыны қазақы иттер есепке алынбаған, еш жерде тіркелмеген, заңды құжат берілмеген, тұқымын нақтылайтын жүйелі стандарт жоқ. Сондықтан қолдағы иттер таза тазы-төбет пе, әлде соған ұқсас басқа ит тұқымдары ма, о жағы белгісіз. Демек, ит иелерінің өздері де төбет деп алабайды, тазы деп парсы тазысын ұстап жүруі мүмкін ғой. Осылай-осылай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде қазаққа ғана тән ит тұқымдарын иеленіп кеткісі келетіндер де төбе көрсете бастапты. Соның бірі – Ресей. Солтүстіктегі көрші «Орта Азия тазысы» деген атпен қазақ тазысын заңдастырып алуды көксеп жүрген көрінеді.

Қазақ «Ит – жеті қазынаның бірі» дегенде осы тазы мен төбетті айтып отыр. Төбет мәселесіне келсек, 1993 жылы Халықаралық Кинология Федерациясы иттің бұл түріне «Орта Азия овчаркасы» деген айдар тағып қойыпты. Брюссельде отырған мырзалар төбетті шынымен солай атап отыр ма, жоқ әлде басқа итпен шатастырып отыр ма, ақ-қарасын ажыратып, қалай болғанда да иттің ежелгі атын қайтарып, кімге тиесілі екенін айқындау қажет. Осы арада «Біз тәуелсіздіктің 30 жылында не бітірдік? Кинологтар қайда қарап отырды?» деген заңды сауал туындайды. Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Әңгімені әріден бастасақ, сонау қола дәуірінен сыр шертетін  петроглифтерде тазыға қатты ұқсас иттің суреттерін кездестіреміз. Демек, сол дәуірдің өзінде осы даланы мекендеген халық тіршілігінде тазы ерекше маңызға ие болған. Әйтпесе оның суретін тасқа қашап несі бар!? Содан бергі сан ғасырда тазы тұқымдас иттердің түр-түрі пайда болды. Қазіргі уақытта Еуразия құрлығындағы кейбір жұрттардың бас-басына тазыға ұқсас иті бар. Тіпті бүкіл әлем білетін овчаркалардың өзі тазыдан тарағанын біреу білсе, біреу білмес. Ал, осы тазы атаулының түп төркіні қазақ даласынан бастау алатыны біздің ғалымдар үшін дау тудырмайтын факт дегенімізбен, әлем кинологтарының пиғылы басқа болуы мүмкін. Оларға қойыртпақтала бастаған бұл тарихи деректі мойындату да оңай шаруа емес. Ал, енді бұл іспен кім айналысады? Кім айналысадыдан бұрын осы уақытқа дейін кім айналысты деген мәселеге тоқтала кетейік.

Қазақстан кинологтар одағы 1993 жылы құрылған. Қазақстандағы басқа да одақтарға тән дағды бойынша 30 жылда бар-жоғы білінбей, біресе дауласып, біресе соттасып жүріп ақыры банкрот болып, жабылып қала жаздады. Әділін, әрі ашығын айтсақ, 30 жылда қазақы иттердің нақты саны алынбай, тұқымын көбейту жоспары жасалмай, стандарты айқындалмай, халықаралық мәртебесі нақтыланбай қалғаны жанға батады.

Енді ол одаққа жаңа басшылық келіп, қайта жасақталып жатыр. Төраға Бауыржан Серікқалиұлының айтуынша, бірінші міндет бұрын басталған істі аяғына дейін жеткізу. Ол – тазы-төбеттің қазақы ит тұқымдары екенін халықаралық деңгейде мойындату.

Брюссельде орналасқан Халықаралық кинологтар федерациясының бұл мәселе бойынша талабы зор.  Ең әуелі тазы-төбет қаны бұзылмаған, басқа иттермен бұдандаспаған біртекті болуы шарт. Сонымен қатар тұқымы үзіліссіз үш төлге ұласуы тиіс. Бұған қоса жүйелі, қалыптасқан стандарты керек. Осыдан кейін барып ХКФ комиссарларын жіберіп, ит тұқымының жай-күйін саралайды. Және бұл бір-екі айдың шаруасы емес, 10 жылға дейін созылуы мүмкін процесс. Осы уақытқа дейін одақтың бұрынғы басшылығы ХКФ талабына сай біраз шаруаны тындырып та қойған екен. Енді жаңа басшылықтың алдында кезек күттірмейтін мәселелер тұр. Алдағы тамызда Халықаралық кинология федерациясының құрылтайы өтеді. Соған дейін үлгеріп, тазы-төбеттің қазақы ит тұқымдары екенін дәлелдеу үшін мына шаруаларды дереу шешу керек:

Үздіксіз ұрпақ сабақтастығы сақталған тазы-төбеттің санын алу,

Осы уақытқа дейін ала-құла болып келген тазы-төбетті анықтау стандартын жетілдіру,

Халықаралық кинология федерациясының сарапшылары үшін арнайы көрме ұйымдастыру.

Осы міндеттер сәтімен орындалып, халықаралық федерация мақұлдап жатса, еліміз үшін, баба алдында, ұрпақ алдында үлкен абырой болар еді. Сонда ғана жеті қазынаның шеті бүлінбейді.

Тазы мен төбет қазақтың иті екенін әлемге дәлелдеп, мойындатқан жақсы, әрине. Басты міндет. Дей тұрғанмен, Халықаралық кинология федерациясы тазы-төбетті қазақы ит тұқымдары деп жариялағаннан күйіп тұрған мәселе өзінен-өзі шешіле қоймайды. Бір ғасырдан астам уақыт қордаланған мәселені реттеуге бір Қазақстан кинологтар одағының шама-шарқы бастапқыда жете қоймауы да мүмкін. Сондықтан өткен жылдан бері бұл жұмыспен, Президент Іс Басқармасының ұйытқы болуымен, Үкімет Аппараты, тиісті министрліктер айналысып келеді. Осы тұста «Мемлекет бұған дейін де қолдау білдірсе қайда қалған?» деген сұрақ қылаң беретіні орынды. Мәселе биліктің ауысуында болып отыр ғой. Газет бетінен тазы-төбеттің қиын жағдайы туралы мақаланы оқыған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл проблеманы шешуді Үкіметке жүктеп, Президент Іс Басқармасына жұмысты үйлестіріп, қадағалауды тапсырды. Содан бергі бас-аяғы жарты жылдың ішінде біраз шаруа тындырылды деп айтуға болады. Айталық, мемлекет басшысының өзі қол қойған арнайы заң қабылданды. Соған сәйкес Ұлттық тазы-төбет орталығы ашылатын болды. Ол үшін арнайы ғимарат салынады. Ұлттық орталықтың негізгі жұмысы қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, оның ішінде кинологиялық іс-шараларды жүргізу, иттердің шығу тегі туралы сертификат бере отырып, мамандарды даярлау, бірыңғай асыл тұқымды иттердің шежіре кітабын дайындау, қазақы ит тұқымдарына арналған стандарттарды жасақтау.

Осы арада бір өзекті мәселені айта кетудің орайы келіп тұр. Қазіргі уақытқа дейін тазы-төбет тұқымы, стандарты, шығу тегі туралы әркім өз білгенімен шешім шығарып келді. Ғылыми зерттеу нәтижесіне сүйенген тұжырым жоқ десе де болады. Ал, ондай деңгейде төрелік айту үшін маманның осы сала бойынша кем дегенде жоғары білімі болуы керек. Демек, аграрлық жоғарғы оқу орындарында кинологтарды, оның ішінде тазы-төбетке маманданған кадрларды дайындап, ізін ала ғылыми зерттеулер жүргізілмесе, тазы-төбет жыры «ауыз әдебиеті» күйінде қала бермек. Сондықтан Үкіметтің осы мәселеге баса назар аударғаны абзал.

Сонымен іс басталды, қамшы тасталды! Енді селекциядан өткізу үшін, стандартын жасау үшін, ұрпақ жалғастығы туралы жинақ шығару үшін тазы-төбет керек. Ал, ит біткеннің бәрі саятшылардың қолында. Іздегенге сұраған деп, саятшы мен тазы-төбетке іздеу салу экспедициясының жүгін жеңілдету үшін ит ұстаушылардың өздері де Ұлттық орталық пен кинологтар одағының алдынан шыққаны жақсы. Өйткені, бұл әрекет алдымен олардың өздеріне қажет. Ұлттық жобаның мемлекет үшін маңыздылығы түсінікті болды, ал саятшылар үшін қандай пайдасы бар дегенге келсек, ең әуелі ауласындағы итінің тазы-төбет екендігіне, я, еместігіне көз жеткізеді. Тазы-төбет болған күннің өзінде қай түріне жататынын біледі (қазіргі уақытта шамамен тазының 2, төбеттің 9 түрі бар). Соған сай итінің күш-қайратын, мүмкіндігін шамалайды. Итіне заңды құжат алады да, егер ертең күшігін сатып жатса алушы күмәнданбайтын болады. Ең бастысы – азаматтық белсенділік танытып, тазы-төбет тұқымының көбеюіне, оның қазақы ит ретінде әлемдік деңгейде мойындалуына үлес қосады. Қилы кезеңді бастан өткеріп, халық қазынасын осы күнге жеткізген адамға керегі де осы емес пе!?

Халықаралық ұйымның талабы, мемлекеттің саясаты, кинологтар одағының ұстанымы түсінікті болды. Енді осы жерде саятшылардың да айтары бар. Мәселен, тазының мықтылығы неде? Оның қайсарлығында, жүйріктігінде. Ал, бұл қадір-қасиетті Халықаралық кинология федерациясы талап етіп отырғандай итті көрмеге қойып байқай алмаймыз. Ол үшін тазыны қоян-түлкіге салып, тіпті, қасқыр алдыру керек. Сонда ғана қазақтың қаны қызып, арқасы қозып, саятшы мен тазының айызы қанады. Осы кезде ғана тазының қаншалықты жүйрік екендігі, айбаты анықталады. Кейде тазының алғырлығын білу үшін түрлі айла-шарғылар жасалып жүр. Бір анығы, текті ит жүйріктігі мен қайратын көрсету үшін шүберектің артынан ешқашан барын салып жүгірмейді. Кейбір саятшылардың сөзіне сенсек бабында тұрған тазы сағатына 60 шақырымды еңсереді екен. Шынымен солай екеніне көз жеткізу үшін саятшылардың ұсынысымен санасу керек сияқты.

Жан-жануар, аң-құстарға зорлық-зомбылық көрсетуге үзілді-кесілді қарсы Еуропа төбеттерді соғыстыруды жарысқа айналдырып, артын бизнес қылып жібергендерге наразы. Әрине, бұл ұстаным қолдауға тұрарлық.

Ат – ер қанаты болғанда, тазы қоян, түлкіге салатын, тіпті қасқыр алатын, төбет қорадағы малды ит-құстан қорғап қалатын жігіттің қолқанаты еді. Сондықтан итке міндетінен, шамасынан тыс жүк артсақ, тұқымын құртудың көкесі сол болады.

Қазақстан кинологтар одағының төрағасы Бауыржан Серікқалиұлының бұл ұсыныс-пікірлерге қатысты көзқарасы да айқын. Итжарыстар, сол тақылеттес іс-шаралар өткізу одақтың міндетіне жата қоймаса да, тазы-төбет десе делебесі қозатын халқымыздың сұранысын ескере келе, өзге де ұйымдармен бірлесе отырып, бір амалын қарастыруға болады. Ол үшін саятшылармен жүздесіп, тазы арманда кетпейтіндей, аң-құс зиян шекпейтіндер, қаумалаған көрермен құмарынан шығатындай жарыс түрін ойластыру керек. Бұл шара қазақы иттердің ел арасындағы насихатын да күшейте түсер еді. Әйтпесе, тазы-төбеттің тек қазаққа ғана тән екенін басқа түгілі өзіміз жете біліп жүрміз бе? Білмесек, білуіміз үшін танымдық дүниелерге басымдық берген жөн. Сонымен қатар осы салаға машықтанған ғалымдарымыздың да үн қосқаны ауадай қажет. Өмірде ғайып, санамызда ұмыт бола жаздаған тазы-төбетті қайта жаңғыртудың орайы келген екен, ендеше ел болып жеті қазынаның бірін біз жарқыратпасақ, кім жарқыратады?

Нұрбол Бай-Манап