Қазақстанда 2025 жылы блокчейн-технолог, ал 2030 жылы кванттық компьютинг талдаушысы деген мамандықтар пайда болады. 2019 жылы мамандықтар атласын құрастырған отандық сарапшылар осындай болжам жасаған. Қазақстан бүгінде биткоин майнингі бойынша әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында тұрғанын ескерсек, мамандардың болжамы расталатындай. Ендеше, жас ұрпақ қандай мамандықтарды игеруі тиіс?
МАМАНДЫҚТЫҢ АҚЫРЫ
Заман ағымына сай қол күшімен істелетін жұмыстар азайып, процестерді автоматтандырудың нәтижесінде бухгалтер, аудармашы, сметашы, кітапханашы, турагент, даяшы және т. б. мамандықтар көп ұзамай жоғалып кетуі мүмкін деген болжам бар. Интернетте Қазақстанда 2017 жылы шамамен 250 мың бухгалтер жұмыс істегені туралы мәлімет жүр. Одан соң ресми статистика жүргізілмеген. Ал, Ресейде ресми дерек бойынша, жұмыс істейтін азаматтардың 4%-ы бухгалтер мамандығын игерген екен. Оған бейресми есепшілерді қосқанда, көрші елде шамамен 3,5 миллиондай адам осы мамандықтың арқасында нәпақасын тауып жүрген көрінеді.
Бухгалтерия тарихи деректерге сенсек, алғаш 13-14 ғасырларда Италияда пайда болған. Есеп жүргізуді ортағасырлық көпестер ойлап шығарған-мыс. Шамамен 9 ғасырдан соң бухгалтерлік мамандықтың күні тақап отыр. Сол сияқты кітапханашылардың атасы деген александриялық Каллимахтың ізбасарлары да әне-міне сүйікті ісімен қош айтысуы ықтимал. Өткен ғасырда, 1971 жылы «Гутенберг жобасы» (цифрлы кітапхана) пайда болса, бүгінде бүкіл еңбек электронды нұсқаға айналып, физикалық еңбекті қажет етпейтін деңгейге жетіп қалды. Сондықтан сарапшылар жоғарыда айтылған қызмет түрлері сақталғанымен, мамандық иелері 2030 жылға қарай әлем бойынша жойылады деп жобалап қойған. Бір кездері бүкіл адамзат өркениетіне қызмет еткен осындай мамандық түрлерін бүгінде автоматика мен робот, цифрландыру алмастыруға жақын қалды.
Отандық сарапшылардың мәліметінше, қазір қолданыста жүрген 129 мамандық түрі жойылып бара жатыр. Есесіне, заман талабына сай ақпараттық технологиялар мамандарына деген сұраныс көбейетіні Қазақстанда ғана емес, әлемде қалыптасқан үрдіске айналды.
Boston Consulting Group сарапшылары жүргізген зерттеуде 2030 жылға қарай АҚШ-та компьютерлік технологиялар мен математиканы жетік меңгерген мамандар тапшылығы 6 миллионнан, Германияда 1 миллионнан асады.
Ал Қазақстанда ондаған жылға артығымен дайындалған мамандықтың бірі – заңгер мен экономика саласының мамандары екені бұған дейін де талай айтылды. Оны ресми деректер де көрсетіп отыр. Мәселен, 2017 жылы бухгалтерлік есеп пен адвокаттық кеңес бойынша қызмет көрсету көлемі күрт кеміген. Соның салдарынан 2019 жылы да нарықта жұмыссыз қалған экономистер мен қаржыгерлер мың жарымға жеткен. Ал тұрақты жұмыс таба алмай жүрген заңгерлер 2,5 мыңға жуықтаған. Осы жағдай 2020 жылы да өзгерген жоқ. Электронды еңбек биржасының мәліметінше, нарықта бәрібір сол қарапайым күзетші, қазандық операторы, патрульдік инспектор, медбике мен тәрбиешілердің тапшылығы байқалады. Еңбек нарығында көбейіп кеткен мамандар – заңгер мен экономист және қаржыгер екен.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының былтырғы мәліметіне қарайық, барлық жұмыспен қамтудың 55%-ы төрт салаға тиесілі. Олар: сауда, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп.
ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ КЕРЕК?
Осы ретте «болашақта қандай мамандық таңдаған дұрыс?» деген сұраққа жауап іздеген ата-ана мен жас өскін «әбден ойланып алғаны дұрыс-ау» деген ой туады. Неге десеңіз, оқу орнында бірнеше жыл білім алып, мамандық игеру азаматтың келешек өміріне әсер ететін негізгі фактор. Яғни, мамандық таңдауда да қателеспеу керек.
Алдағы уақыттағы пайда болатын мамандықтар мәселесі қазақстандық сарапшыларды да ойландырғаны рас. Олардың кейбірі жаңадан айналысқа енетін мамандықтар атласын да жасаған.
Мысалы, сол атласта айтылатын «кванттық компьютинг талдаушысы» деген кім? Ол – кванттық есептеулер арқылы бизнес-процестерді оңтайландыру және тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін талдайтын адам. Кәсіпорындарда кванттық компьютерлік жүйелерді қайта құру бағдарламасын да жасайды.
Ал блокчейн-технолог – блокчейн технологиясын бизнес-процестермен біріктіретін маман. Бұл мамандық иесі математика, информатика, есептеу техникасы, компьютерлік ғылымдар, бағдарламалау сынды 6 түрлі базалық білім игереді. Тіпті сарапшылардың пайымынша, жақын аралықта қарапайым дәнекерлеушінің өзі жұмысын қазіргідей қолмен істемейтін болады. Олар да 2025 жылдан бастап роботтарды немесе дәнекерлеудің автоматты аппараттарын қашықтан басқаруға жаппай көшуі тиіс.
Роботтар мен ақылды жүйелер кең таралып, цифрландыру аясы кеңейеді. Табиғи ресурстар сарқылып, Y және Z буын жұмысшыларына жаңа еңбек талаптары қойылады. Халықтың да тұтынушылық талғамы өзгереді.
DATA-САРАПТАМАҒА СҰРАНЫС КӨП
АҚШ-та 2014-2015 жылдары білімін жетілдірген әлеуметтанушы Исатай Минуаров қазіргі Қазақстанның еңбек нарығына, әсіресе, елорда мен Алматыда батыс елдердегідей data-сарапшыларға деген сұраныс артып келе жатқанын айтады.
– АҚШ-та оқыған кезімде осы data-сараптамаға көп көңіл бөлінетінін байқадым. Ол жақта жоғары оқу орындарынан бөлек, мектептердің өзінде осы салаға деген қызығушылықты оятуға бағытталған түрлі бағдарламалар болды. 2017 жылы Almaty Management University «бизнес-сараптама және жаһандық деректер» деген мамандық ашқан еді. Қазіргі жағдайын білмеймін. Бірақ Қазақстанда маман тапшы, – дейді Исатай.
Әлеуметтанушының ойынша, Қазақстанда осы data-сараптама мамандығын культивация жасау керек. Ол үшін, тіпті, 4 жыл оқудың қажеті жоқ. Түрлі платформалар арқылы курстардан өтіп, практикалық тапсырмаларды орындап, сертификт алуға немесе астана мен Алматыда жас data-сарапшылар қауымдастықтары бар, соларға қосылып тәжірибе алмасудың арқасында жақсы маман болып шығуға мүмкіндік бар. Исатай АҚШ-та осы мамандықты игерген азаматтардың орташа жалақысы 10 мың доллар екенін айтады.
«БОЛАШАҚПЕН» КЕЛЕШЕККЕ
Осы орайда «Болашақ» бағдарламасындағы жаңалықтарды да айта кетуіміз керек. Биыл ондағы басым мамандықтар тізіміне инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және индустриялық инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық қосылды. Оның 17-нің ауқымы кеңейтіліп, бұрыннан бар мамандықтар қатарына қосылса, 23-і жаңа мамандықтар ретінде енгізілді.
Былтыр ғана 4 ел: Австрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африка да тізімге кіріп, қазақстандықтар әлем бойынша жалпы саны 25 елде білімін жетілдіре алатын болып еді. Оған қоса, шетелдік ЖОО-ның тізімі де кеңейтіліп келеді. Биыл президент тапсырмасы бойынша тағы 23 жетекші шетелдік техникалық университет еніп, стипендиаттарға ұсынылатын мамандықтар саны 250-ге, ЖОО-лар саны 236-ға жетті. Жаңадан қосылғандардың ішінде Эйндховен техникалық университеті, Гамбург университеті, Лестер университеті, Пхохан ғылым және технология университеті, Дрезден техникалық университеті және тағы басқалары бар.
Биылғы мемлекеттік гранттардың 60% техникалық мамандықтарға бөлінбек. Олардың қатарында әлеуметтік кәсіпкерлік, робот техникасы, қаржылық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және криптография сынды мамандықтары да бар.
ЕУРОПАДА ҚАЙ КӘСІП ИЕСІНЕ СҰРАНЫС КӨП?
Ал, мамандық мәселесінде дамыған елдердің тәжірибесі не дейді? Бұл сұраққа бірнеше жылдан бері Бельгия астанасы Брюссельдегі Еуропалық экономика және статистикалық ғылыми зерттеу орталығында білімін жетілдіріп жатқан қазақстандық ғалым Жанар Қоныс жауап берді. Оның айтуынша, қазір Еуропада негізгі сұранысқа ие мамандықтардың басында – data science және IT саласы тұр. Бұл мамандықтарды меңгерген адам Apple, Microsoft, Amazon сияқты алпауыт компанияларға немесе әлемдік мықты консалтингтік компанияларға жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар, ғалым технологияның дамуы, адамдардың өмір сүрі стилінің өзгеруі және мамандықтардың бір-бірімен интеграциялануына орай екі нәрсе өзгеретінін айтады. Оның бірі – технологиялар. Мамандықтардың кейбірі күнделікті атқаратын жұмысының бәрін немесе бір бөлігін сол технологияларға беріп қойған.
Мысал үшін аудармашы мамандығы. Кезінде аса қажетті, маңызды саналған осы мамандықты санаулы жылдардан кейін жаңа технологиялар толық алмастырмақ. Яғни, жақын арада аудармашы қызметі керексіз болып қалады. Сол үшін мұндай мамандықты игеруге уақыт жұмсамаған дұрыс деп ойлаймын, – дейді Жанар Қоныс.
Расында, жаны бар сөз сияқты. Себебі, бұған смартфондағы аудио-мәтінді санаулы секундта қалаған тілге аударып беретін түрлі қосымшаны мысалға алсақ болатындай.
– Екінші өзгеріс, ғаламдық жұмыс нарығының интеграциялануы. Қазір жұмысты кез келген елден, кез келген уақыт белдеуінде тауып алуға болады. Осындай өзгерістің орнағанын соңғы рет пандемия дәлелдеп берді, – дейді сарапшы.
«КІМ БОЛАРЫҢДЫ ЗЕРТТЕП АЛ»
Алайда «сұраныстан айырылып, жойылатын мамандықтар үшін үрейленудің қажеті шамалы» дейтін сарапшылар да бар. Нақтырақ айтқанда, жаман мамандық жоқ, тек кәсіби деңгейі төмен немесе бәсекеге қабілетсіз мамандар көп. Мұндай пікірді оқу бағдарламаларының үйлестірушісі, PhD докторы Айдана Ержанова айтты.
Бүгінде АҚШ-та біліктілігін жетілдіріп жатқан ғалым мамандық таңдайтын жас буынның алдын ала дайындығы қажет деп есептейді.
– Тек жас түлек ақпаратқа талдау жасап, мамандықтың өмір сүру ұзақтығына байланысты болжамдарды саралау қажет. Мысалы, ол мұнайшы мамандығын қалап, жұмыс істеу үшін қазақстандық нарықты таңдады делік. Сарапшылар пікірінше, Қазақстанда алдағы 47 жыл ішінде мұнай қоры таусылуы мүмкін. Демек, кейін бұл сала өзінің өзектілігін жоғалтады. Мәселен, сіз оқуға 2022 жылы түсесіз. Оқуды бітіргенше, 2028 жыл болады. Ал жұмысқа дәл осы жылы тұрғанның өзінде тек 35-38 жылдай жұмыс істеуге мүмкіндік болады. Сондықтан бұл мамандық қаншалықты сұранысқа ие екенін қарастыру керек, – дейді Айдана Ержанова.
«ПЕДАГОГ ПЕН ДӘРІГЕР БӘРІБІР КЕРЕК»
Әңгіме жаңа мамандықтар туралы болғанымен, реалистік көзқарасты ұстанушылар да бар. Білім саласының өкілі, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мамандық таңдауға келгенде бәрібір мұғалімдікті ұсынатынын айтады. Өйткені, қазір Қазақстанда педагог тапшы. Сонымен қатар, ол дәрігерлікті де меңгеруге шақырып отыр. Елімізде оған да сұраныс жоғары. Себебі, мұғалімдікке келер болсақ, 2025 жылға дейін мың мектеп салынады. Соның негізінде оқушы орны тапшылығын жою көзделіп отыр. Статистика бойынша, бүгінде жаратылыстану, математика пәндері оқытушылары жетіспейді. Оған қоса, лингвистика, Қазақстан тарихы, география пәндері бойынша да мұғалімге деген сұраныс көп.
– Педагогикалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік грант та көбейіп жатыр. Сонымен бірге, жұмыс та бар. Әрі ең бастысы, біздің кезіндегіміздей емес, қазір мұғалімдерің жалақысы 2,5 есе өсті. Әлі де өседі. Сондықтан жалақысы жоғары, білім беретін, адамды емдейтін парасатты мамандықты меңгеру әлдеқайда дұрыс деп есептеймін, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Депутат Қазақстан мұғалім мен дәрігерге зәру болғанымен, білімді жастардың Еуропа, Америкаға барып, жаңа мамандықтар игергенін дұрыс деп санайды. Ол әсіресе, биомолекулярлық, гендік инженерия, жасанды интеллект сияқты заманауи салаларға да мән берілгенін құптайды.
МАМАНДЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ
Осы орайда кей сарапшылар мәселенің түбі мемлекеттің кадр даярлау саясатына келіп тірелетініне меңзейді. Ол жөнінде «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Сейілбек Асановтың пікіріне құлақ түрсек болады. Оның сөзінше, мемлекет алдағы 5-10 жылда қандай мамандарға мұқтаж болатынын алдын ала ойластыру керек.
– Өкініштісі, бізде адам жетістікке өзі ұмтылып жету керек деген түсінік қалыптасқан. Нәтижесінде біреу ауылдан тырмысып шығып, қалаға келіп мамандық игеріп, биік белесті бағындырса, бизнесмен болып байыса ғана ол баршаға үлгі болады. Ал шын мәнінде адамның өсіп, жетілуіне мемлекет әуелден жағдай туғызуы тиіс емес пе?! Одан соң мемлекет өзіне қандай маман керек болса, сол саланы таңдайтындай мүмкіндік жасау керек. Мәселен, біреу «ғарышты игеру» деген мамандықты меңгерсе, бірақ ол нарыққа керек болмаса не пайда? Одақ кезінде ғарышкер болу өте абыройлы іс саналды. Бірақ оның астары да бар еді. Себебі, КСРО АҚШ-пен бәсекеге түсті. Сол секілді, біз заман өткен сайын пайда болып жатқан жаңа мамандықтарды тізбелеп, қазақ балалары соларды меңгерсе дейміз. Ал елге әлі күнге металургтер мен кран басқарушылары жетіспей жатыр, – дейді ол.
P.S Айта кетейік, мамандықтар Атласы түрлі саладағы 2 мыңнан аса сарапшының пікірін ескере отырып жасалған ауқымды еңбек. Онда алдағы 5-10 жылдықта пайда болады, өзгереді немесе жойылып кетеді делінген мамандықтар тізімі қарастырылған. Атласта жалпы саны 463 мамандық бар. Оның ішінде, 239 бұрын болмаған. 195 мамандық өзгеріске түссе, 129 кәсіп жойылып бара жатыр.
Шынар Мұхтарова,
Biz.kz