Жыл басынан бері әлем бойынша көмір бағасы 69%-ға, бидай 60%-ға, газ 55%-ға. Ал жалпы азық-түліктің әлемдік орташа бағасы осыдан 7-8 жыл бұрынғы көрсеткіштен бір жарым есе артқан. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдары әлемдің баға нарығына осылай ықпал еткен. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Жыл сайын 4-6% аралығында ойнап тұратын инфляция қазір 14%-ға дейін көтерілді. Азық-түліктің қымбатшылығын есептеген мамандар халық айлық табысының 60%-ына дейін тамаққа жұмсап жатқанын көрсетіп берді. Көршілердегі соғыс салдары тағы қандай зиянын тигізіп жатыр? Біз оны экономист Сапарбай Жобаевтан сұрап көрдік.
– Ресей Қазақстанның ең үлкен импортеры. Бірақ соғыс басталғалы Ресей арқылы келетін біраз тауар қысқарған. Соғыс созыла берсе не болмақ? Бізге тетін қандай салдары бар?
– Бүгінде геосаяси жағдай өте күрделеніп тұр. Соның ішінде, Ресейдің Украинаға соғыс жариялауы, Еуропа мен Батыс елдерінің Ресейге санкция салуы, әрине, Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді. Ең негізгісі, Ресейдің экономикасын шектеу мақсатында Батыс Ресейдің мұнайы мен газына, өнімдеріне сұранысты азайтты. Ал өздеріндегі жоғары технологиялық өнімдерді Ресейге бермейміз деді. Батыс алғашында Ресейге мұнай мен газ экспортынан ақша түспей қалады деп ойлаған еді. Бірақ сол мұнай азайғаннан кейін мұнай (барреліне 125 доллар) мен газ қымбаттап, қайтадан Ресейдің валюталық қоры көбейіп кетті. Күніне 1 млрд доллар валюталық түсім келіп жатыр. Бірақ импорты, яғни, жоғары технологиялық қондырғыларды импорттау шектелгеннен кейін олардың валютасына сұраныс аз болып, кейін азаматтарын Еуропаға шығармай, жоғары лауазымды тұлғаларына санкция жариялағаны үшін олардың да Еуропаға саяхатшы болып баруына мүмкіндік жоқ. Сондықтан оларда долларға деген сұраныс азайды. Сөйтіп, бүгінде доллар бағамы кезіндегі 120 рублден 55-56-ға дейін түсті. Бұл Ресей экономикасына өте теріс әсер етеді. Себебі, бюджетіне түсетін ақша азаяды.
Ресей кәсіпорындары жұмысын шектесе, автокөлік зауыттары жабылса, басқа да өндірістері тоқыраса, оларға негізгі шикізат беріп отырған Қазақстан кәсіпорындарының да жұмысы шектеледі. Мәселен, Өскемендегі металл беретін өндіріс орындары. Одан бөлек, көмірімізге де сұраныс азаяды. Сондықтан соғыстың әсері бізге тиіп отыр. Оны сезініп жатырмыз.
Кейде мұның біз үшін оң әсері де болуы мүмкін. Мәселен, 2014 жылғы санкциялар кезінде Батыс елдері Ресейге ауылшаруашылығы өнімдерін бермей қойған еді. Оның орнын Орта Азия елдері, Қазақстан толтыра бастады. Ал Батыс Ресейге бермей отырған жоғары технологиялық қондырғыларының орнын алмастыруымыз қиын. Бірақ металл, азық-түлік сынды кейбір тауарды беруге әрекет жасаймыз.
– Соғыс басталғалы көп тауар қымбаттады. Әсіресе, қант. Үкімет бағаны ауыздықтай алмай отыр. Халық табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсап жатыр. Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Үкімет қандай шешім қабылдау керек?
– Жалпы Қазақстан – дамушы мемлекет. Бізде инфляция дәрежесі жыл сайын 6-8% болуы үйреншікті нәрсе. Бірақ Ресей мен Украина соғысынан туған санкциялар, кейін олардың өнімдерінің сыртқа шықпай қалуы, кейін бізге Ресейдің ұн мен бидайын сатуын шектеуі жалпы азық-түлікті дүниежүзі бойынша 10-15%-ға көтеріп жіберді. Кей түрлері 30%-ға дейін барды. Сайып келгенде, өзіміздегі 6-8% инфляцияға тағы қосылып, 15-20%-ға өсіп тұр.
Бұл жерде Үкіметтің қолынан келер шара өте аз. Себебі, оны Ұлттық банк реттейді. Ал Ұлттық банк ақша массасын реттеп, сұранысты азайтуы мүмкін еді. Бірақ өкініштісі, өткен жылы да, биыл да бізде экономикамызға зейнетақы қорындағы, басқа жердегі қаражатымызды халыққа жәрдем беріп, жалақыны көтеріп, ақша массасын көбейту арқылы инфляцияның өсуіне жол бердік.
Ұлттық қордан қомақты қаражат алып жатырмыз. Ол да инфляцияға әсер етеді. Себебі, соңғы 2-3 жылда біздің экономикамыз пандемияның себебінен өспеді дедік. Енді биыл 4% өседі деп едік, қаңтар оқиғасы экономикамызды және бір артқа сырғытып жіберді. Сөйтіп, 3-4 жылдан бері экономикамыз тұралап қалды. Есесіне, халық саны, ақша массасы өсіп жатыр. Сондықтан бағаның өсуі бар. Оған Үкімет еш нәрсе істей алмайды. Оны тек Ұлттық банк қана қадағалауы мүмкін. Үкімет тек маусымаралық бағаның өсіп кетпеуін реттей алуы мүмкін. Мысалы, облыстарда тұрақтандыру қорларына бюджеттен көп ақша бөлінеді. Бірақ әкімдіктегі коррупционерлер оны өздерінің табыс көзіне айналдырып алған. Соның кесірінен ол тұрақтандыру қоры болмай қалды. Өйткені, арзан кезінде көтере сатып алады да, кейін қымбатқа сатады. Бұл енді біздің елдегі жемқорлықтың салдары.
– Қазір қазақстандық банктерде теңге азайып қалған деседі. Себебі ресейліктер рубльдерін теңгеге, сосын оны долларға айырбастап, біздің елде және шетелде мүлік сатып алып жатыр деген ақпарат бар. Бұл біздің нарыққа қаншалық кері әсер етуі мүмкін?
– Рубль кезінде 5-6 теңге болса, бүгінде 8 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Яғни, біздегі тауарлар арзандап Ресейдікі қымбаттады. Естеріңізде болса, 2015 жылы рубль бағамы 3 теңгеге дейін төмендеген еді. Сонда бүкіл қазақстандық барып Ресейден жер, көлік, үй, пәтер сатып алған-ды. Бүгінде сол нәрсе кері қайталанып жатыр. Енді біздің өнімдерімізге сұраныс үлкен. Ресей өнімдеріне сұраныс аз.
Әңгімеміздің басында да айтқам, рубльдің күшеюі Ресей экономикасын шектейді. Өте теріс әсер етеді. Бізден енді тауарды алып кетсе, оған қайғырудың қажеті жоқ. Себебі ол біздің экспортымыз. Бізден қаншалық Ресейге көп тауар экспортталса, соғұрлым жақсы. Себебі, біздің өнімдерге сұраныс көбейеді.
Ал доллар мәселесіне келсек, оларда доллар айырбастау шектелген. Сондықтан рублін бізге өткізіп, кейін Қазақстанның ішінде доллар алып жатыр. Бұл мәселені Ұлттық банк біледі. Ресей рублін теңгеге ауыстыру комиссиясын өте үлкен етіп қойған. Сондықтан бізге анау айтқандай зияны жоқ.
– Еуропа Ресейдің газынан бас тартқалы жатыр. Ал Қазақстан былтырдан бері солтүстік өңірлерді Ресей газымен қамтамасыз етеміз деп жоспарлап келеді. Осы орайда Ресей ешкімге керексіз болып қалған газын Қазақстанға қымбат бағамен тықпаламай ма?
– Еуропа Ресейден газ алмаймыз десе, оны Қазақстан немесе Қытай алады. Бұл қалыпты жағдай. Егер Еуропа 2-3 жылдан кейін Ресей газынан бас тартса, онда оны біз не Қытай сатып алып, пайдалана береміз. Ал бағасы айтарлықтай шарықтай қоймайды. Себебі, ол биржалық тауар. Сол биржалық бағаға қарап, кейін өзара келісе береміз. Бұл жерде қиын мәселе жоқ.
– Өткенде Каспий құбырының бір бөлігі істен шықты. Осы күні Ресей «су астында бұрынғы соғыс кезінен қалған жарылғыш заттар бар» деген хабар таратты. Осының бәрі шынымен әдейі жасалып отырған кедергі деп ойламайсыз ба? Мұнай экспорты азаяр болса, Қазақстанға қандай қауіп туады?
– Каспий құбыр концорциумы дейді, яғни, Теңіздің, Қарашығанақтың және Қашағанның мұнайының 80%-ын біз Новороссийск арқылы шығарамыз. Бұл жерде менің ойымша, айтарлықтай келіспеушілік жоқ. Себебі, Ресей өз жері арқылы біздің мұнайды шығарғаны үшін қомақты ақша алады. Олар бұл қаражаттан қағылмауға әрекет жасайды.
Көктемде екі терминал істен шыққан еді. Оны 20 күнде жөндеп берді. Қазір расымен сонау ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі миналар шығып, соны тазалап, жөндеп жатырмыз деген соң, әзірге бір ғана терминал істеп тұр. Қазақстанға сол да жетеді. Себебі, біз Қашағанды жөндеу жұмыстары үшін тоқтаттық. Яғни, Қашаған жұмыс істемей тұрған кезде-ақ, тазалау, жөндеу сынды профилактикалық жұмыстарын Ресей өзі жасайтын болып келісілген.
– Президент Тоқаев Иранға барып келді. Онда Түркияға қарай теміржол жүк тасымалын іске қосты. Оны «Еуропамен сауда жасау үшін Ресейді айналып өту» деп бағалап жатқандар бар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл өте күрделі мәселе. Естеріңізде болса, Қазақстан Түркменстан арқылы Иранға солтүстіктен оңтүстікке қарай жүретін теміржол салды. Сол теміржол осы уақытқа дейін 4-5 жылдан бері түк бітірмей тұрған еді. Жүк тасымалы жүрмейді. Ал Қытайдың контейнерлары Ақтау, Құрық портымен Баку, Джейхан арқылы Еуропаға кетіп жатыр. Енді Ақтау арқылы Бакуге қарай контейнер тасу өте қиын. Неге десеңіз, оны кемеге арту керек, түсіру керек. Түркияға жіберетін болса, Джейханда арту керек деген сықылды логистикалық шығыны көп болғаннан кейін Иран арқылы шығуға қолға алынған. Бірақ ол жерде де геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. Түркия мен Иранның, Иран мен Сауд Арабиясының арасындағы экономикалық, саяси, мәдени шиеленіс бар. Осы мәселені біздің президентіміз барып, жолға қойып, Қытайдың, Ресейдің контейнерлерін Түркменстан, Иран арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға шығару жолына әрекет жасап жатыр. Қандай нәтиже шығарын жақын арада көре жатармыз.
Шынар Мұхтарова,
Biz.kz