Ескілік көзқарасқа салынып дәрігерге баруға ұялу, ауруын жасыру, мән бермеу… біздің қоғамда жиі кездеседі. Мұның соңы аурудың асқынып кетуіне әкеп соғады. ҚР ПІБ МО ауруханасының  уролог дәрігері Нұрлан Сейтов осылай дейді. Біз 2 қазан – Дүниежүзілік уролог күніне орай білікті дәрігермен қазіргі урологиялық аурулар, оның туындау себептері, емдеу мен алдын алу жолдары туралы сұхбаттастық.

– Нұрлан Нұрмашұлы, науқастар сіздерге көбіне қандай урологиялық шағыммен келеді?

– Бізге келетіндердің көпшілігі ер адамдар. Отбасында балалы болуды жоспарлап жүрген жігіттер, бүйрегіне тас жиналған, қуығында тас пайда болған адамдар көп қазір. Үрпі жолдарының қысылуынан зәрдің жүрмей қалуы, еркектік күштің азаюы, тағы басқа да шағымдар жиі кездеседі. Неге? Мұның басты себебі – ер адамдар денсаулығына салақ қарайды. Осыны мойындауымыз керек.

– Урологиялық ауруларға әкелетін факторлар қандай?

– Сырқаттың себебін анықтау үшін біз алдымен ауру тарихын, яғни бұл жағдайға не әкеліп соқтырғанын сұраймыз. Біреулер салқын тигізеді, кейбіреулер жүйкеге тиетін процестердің кесірінен күйзеліске ұшырайды. Урологиялық аурулар психологиялық қорқыныштан да болады. Тамақты уақытымен ішпейтін, уақытымен демалмайтын адамдар да ауруға шалдығуға бейім келеді. Жалпы, жүйкенің күйзелісінен туындайын аурулар өте көп. 

Ауру тарихын дұрыс сұраудың арқасында емделушіге сол сәтте көмектесіп жіберуге болады. Яғни өзін-өзі күтініп, салауатты өмір салтын ұстанып жүрсе, жағдайы тез жақсарып кетеді.

Екінші кезекте,  медициналық талдаулар арқылы аурудың түпкі себебін анықтаймыз. Сараптама нәтижелерінде кейде түрлі инфекцияларды анықталып жатады.  Сол бойынша науқасқа диагноз қойып, ем жүргіземіз.

– Жалпы, урологқа тек ер адамдар барады деп ойлайтындар көп екен….

– Жоқ, бұл қате түсінік. Урология – бүйректің, қуықтың, ер адамдардың қуық асты безі ауруларымен айналысады ғой. Ал нәзік жандыларда да бүйрек пен қуық бар емес пе. Сондай сырқаттармен біз күресеміз, науқаспен бірлесіп күресеміз.

Өзімнің тәжірибемде, алдыма келетін науқастардың 30 пайызы – әйел адамдар. Қазір халық сауатты, сондықтан уролог маманына әйелдер де қаралатынын біледі.

– Адамдар өз бойынан қандай белгілерді байқаған кезде урологқа баруы керек?

– Өте дұрыс сұрақ.

Дәретке жиі бару, дәрет жолдардың ашуы және ауруы, еркектік күш-қуаттың азаюы сынды белгілер болса, дәрігерге қаралу керек.

Енді қуыққа келетін болсақ, қуықта тас жиналып, ісік болған жағдайда зәрмен бірге қан араласып шығады. Бүйрек ауруларында да дәл солай. Ерте бастан дәрігерге қаралып, ауру асқынбай тұрғанда емделіп алған жөн.

– Науқастарды қандай ем-шараларға бағыттайсыздар?

– Кез келген жағдайда алдымен дәрімен емдейміз. Дәрі көмектеспей, жағдайы асқына берсе ғана операцияға жібереміз. Көбінде 60 жасқа дейінгі ер адамдардың денсаулығы емделуге жарамды болады.

Кейде адамдар бүйрегі мен қуығына тас жинала бастағанына мән бермей, ол тастар бір-біріне жабысып, үлкейіп кеткенше жүре береді. Ондайда міндетті түрде операцияға жүгінуге тура келеді. Сондай-ақ инфекцияның кесірінен зәр жолдарының бітеліп қалуы ықтимал, ондайда пластикалық операцияға жүгінеміз.

Ауырмау үшін, ең бірінші кезекте адам өзін-өзі жақсы көруі керек. Өзін жақсы көретін адам ағзасына күтіппен қарайды, уақытымен демалады. Ұйқысы тыныш, уақытылы тамақтанатын адамдады көп ауру ол адамды айналып өтеді. Себебі ұйқысы қанық адамның күш-қуаты бойында. Ал ұйқысы шала, таңертең тамақ ішпеген адам әлсірей береді, күндіз жұмыста қалғып-мүлгіп жүреді, қарны ашып, тамақ жейтін жер іздейді. Сосын жұмысын дұрыс атқара алмай, айналасынан ұрыс естиді. Ол ұрыс жүйкесіне әсер етеді, нәтижесінде денсаулығы бұзылады. Сол себепті халыққа айтарым, өздеріңізді жақсы көріңіздер.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Ұлжан ШОРАЕВА