Ақтөбеде Президент Іс Басқармасының Медорталығының күндері өтті. Бұл туралы Президенттің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында хабарлады.

Медициналық орталықтың елордадағы ауруханасы мен Алматыдағы Орталық клиниканың нейрохирург, онколог, генетик, кардиохирург, аллерголог мамандары халыққа 150-ден астам практикалық және консультациялық көмек берді. Мыңжылқы Бердіқожаев, Ринат Камиев, Марат Саршаев, Естай Абзалбек, Марат Ахетов сынды білікті хирургтар 30 операция жасады. «Қарлығаш» балабақшасының, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің қызметкерлері өз салалары бойынша тренинг өткізіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасты, – деп жазды ол.

Айбек Дәдебаевтың айтуынша, Медициналық орталықтың дәрігерлері Ақтөбеде шеберлік сабақтарын өткізіп, диагностикалау мен емдеудің, оңалту шараларының жаңа технологияларын түсіндірді, оннан астам презентация жасады. Озық емдік-диагностикалық методиканы меңгеріп, өзара тәжірибе алмасу үшін ақтөбелік мамандармен арада тағылымдамадан өту туралы келісімге қол жеткізді.

Президенттің Іс Басқарушысы:

– Медорталыққа жүктелген міндеттердің бірі – әлемдік стандартқа сай озық технологияларды меңгеріп қана қоймай, оны өзге өңірлерге тарату. Сол үшін Ақтөбе өңіріндегі іс-шара алдағы уақытта басқа облыстарда жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз, – деп хабарлады.