«Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде тұқымдыққа қарағай бүрін жинау маусымы басталды. Орманшылар оны жыл сайын қыста теріп, кептіріп, тұқымын алып, көктемде тәлімбаққа егеді де, көшетін өсіреді. Бұл туралы ҚР Президенті Іс Басқармасының ресми сайты udp-rk.kz хабарлады.

«Ұлттық парктің қарағайлы орманының ауасы – жанға дәру. Алқаптың фитонцидтері әртүрлі өкпе ауруларына таптырмайтын шипа. Бірақ орманды күтіп-баптаудың қаншалықты бейнеті мол шаруа екенін көпшілік біле бермейді. Ағаштарға түрлі зақым келеді, өрттен зардап шегеді, олар да уақыт өте келе қартаяды. Орманның табиғи қалпын сақтау үшін ұлттық парк қызметкерлері көктем сайын тәлімбақта екі жыл өсірілген көшеттерді орманға отырғызады», – дейді директордың орынбасары, бас орманшы Бауыржан Махметов.

Қарағай бүрін жинау және өңдеу машақаты көп жұмыс. Ұлттық парк қызметкерлері оны қараша мен наурыз аралығында тереді. Сапасы қаншалықты бітік шығуына байланысты әр жылы әрқалай болады.

Теріп алғаннан кейінгі өңдеудің толық циклі оларды сұрыптау, тұқымын алу, тазарту, белгілі бір деңгейге дейін кептіру (12-15% ылғал) сынды кезеңдерден тұрады. Содан соң ғана дайын тұқымдар тәлімбаққа егіліп, көшет өсіріледі. Кейінірек өскіндер орманға отырғызылады.

Осылайша, тынымсыз еңбектің арқасында кішкентай бүрден жайқалған қарағайлы орман пайда болады. Алайда, кейбір тұрғындар жаңа жыл қарсаңында шыршаларды кесіп, табиғат сұлулығына нұқсан келтіріп жатыр.

«Біз маңдай терімізбен өсірген қарағайларды отауға жол бермейміз! «Бурабай» ұлттық саябағының бүкіл аумағы тәулік бойы тепловизормен жабдықталған цифрлы SMART жүйесінің бақылауында екенін браконьерлердің есіне салғым келеді», – дейді «Бурабай» МҰТП бас орманшысы Бауыржан Махметов.

Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өскен ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені немесе бүлдіргені үшін жекелеген адамдарға – 30 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің заңды тұлғаларына – 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Оған қоса заңсыз кесілген ағаштары, көлік құралдары мен браконьерлік құралдары түгел тәркіленеді.