Ақтөбеде Президент Іс Басқармасының Медорталығының күндері өтті. Бұл туралы Президенттің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында хабарлады.
– Медициналық орталықтың елордадағы ауруханасы мен Алматыдағы Орталық клиниканың нейрохирург, онколог, генетик, кардиохирург, аллерголог мамандары халыққа 150-ден астам практикалық және консультациялық көмек берді. Мыңжылқы Бердіқожаев, Ринат Камиев, Марат Саршаев, Естай Абзалбек, Марат Ахетов сынды білікті хирургтар 30 операция жасады. «Қарлығаш» балабақшасының, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің қызметкерлері өз салалары бойынша тренинг өткізіп, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасты, – деп жазды ол.
Айбек Дәдебаевтың айтуынша, Медициналық орталықтың дәрігерлері Ақтөбеде шеберлік сабақтарын өткізіп, диагностикалау мен емдеудің, оңалту шараларының жаңа технологияларын түсіндірді, оннан астам презентация жасады. Озық емдік-диагностикалық методиканы меңгеріп, өзара тәжірибе алмасу үшін ақтөбелік мамандармен арада тағылымдамадан өту туралы келісімге қол жеткізді.
Президенттің Іс Басқарушысы:
– Медорталыққа жүктелген міндеттердің бірі – әлемдік стандартқа сай озық технологияларды меңгеріп қана қоймай, оны өзге өңірлерге тарату. Сол үшін Ақтөбе өңіріндегі іс-шара алдағы уақытта басқа облыстарда жалғасын табады деп жоспарлап отырмыз, – деп хабарлады.