Айтарлықтай атақты болмаса да, оның шет елдік сапарлары бірнеше ай бұрын жоспарланады. Гүлмира Юсупова өз жұмысын балық зауытындағы қатардағы есепші ретінде бастаған. Бүгінде ол Экспорт академиясының негізін қалаушы, ҚР экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы. Ал мұның бәрі қарапайым балықтан басталған. Нарықты қалай кері бұру керек және неліктен қытайлар өздеріндегі супермаркеттерде қазақстандық талқанды талап алғаны туралы әңгіме Biz.kz. материалында айтылады.

— Біз 2012-2014 жылдар аралығында Қазақстанға норвегиялық ақсерке балығын импорттадық. Сосын мен еуропалықтарға «біз сіздердің балықты алып жатырмыз ғой. Бәлкім, сіздер де біздің балықты алып көрерсіздер» дедім. Олар: «Сіздерде балық бар ма не?» деп сұрады. «Иә» деп жауап бердім. Осындай ұсыныстан соң оларға өнімді тікелей жеткізе бастадық. Барлық процесс пен технологияны зерттеп, өнімді өзіміз өңдедік. Сөйтіп, алғаш рет балықты Германияға экспорттадық. Мәселен, көксерке термиялық өңдеуден өткенде құрамындағы пайдалы заттарды жоғалтпайды. ГТА (генетикалық түрлендірілген ағза) жоқ. Экологиялық таза өнім. Бізде оны көп жей бермейді. Ал еуропалықтар қатты бағалайды.

2016 жылы экспорт жақсы жүрді. Біз бірінші және алғашқы болып Түркияға балық апардық. Әлі есімде, олар әуелде сенер-сенбесін білмей, жүкті бір апта тексерді, – дейді Гүлмира Юсупова.

Қазірде Қазақстаннан экспортталатын дайын өнім (азық-түлік) көлемі 7 процент, ал импорт 37 процентті құрайды.

— Өзге мемлекеттер Қазақстанды шикізаттық нарық деп қабылдап үйренген. Шикізат күйінде алып, дайын өнімді өзімізге бергілері келеді. Бұл не сонда? Неліктен бұлай? Айталық, Түркиядан келетін әдемі қаптамадағы жасымық біздің өнім. Бізде өскен нұтты да өңдеп, өзімізге қайта әкеледі.

Тіпті, Түркия Қазақстанда өскен шемішкеден жасалған өсімдік майын өзімізге үш есе қымбат бағаға сатады. 

Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады?

— Мемлекет бар болғаны дайын өнім шығаратын өндірістерді қолдауы керек. Ол үшін субсидия бөлу керек, салықты қысқартып, кей жерде жеңілдік жасап, шығынды қалпына келтіруге септесуі қажет. Сонда ғана дайын өнімді экспорттау бизнес үшін қызықты болады. Бұл мемлекеттің жұмысы. Бұл әрі тиімді. Себебі, Қазақстанға валюта келеді және экономика дамиды.

Біздегі өндірушілер экспорттау үшін қандай өнімдерге басымдық беруі керек деп ойлайсыз?

— Кез-келген тауардың өз алушысын табуға мүмкіндік бар. Әрқашан. Тек оған қалай келген жөн? Маркетингтік зерттеу керек. Өнім қаншалықты сұранысқа ие? Егер ол алғашқы нұсқада қайсыбір нарықта өтпесе, онда ол сөзсіз арзан бағаланады. Ал тауар қымбат, тартымды, түсімді және сатып алушы мен сатушы үшін пайдалы болуы үшін не істеген дұрыс? Міне, осындай сараптаманы Экспорт академиясында жасаймыз. Сол кезде не істеген ләзім, қаншадан сатқан дұрыс, сатылмай жатса, ол өту үшін не істеу керек? Сонда ғана бәрі анықталады.  

Мысалы, біз Қытайға талқан ұсынғанда, олар әуелде оның не екенін түсінбей қалды. Сонда біз ұстанымды өзгертіп, талқан емес, түрлі жемістер мен жаңғақ қосылған, тез дайындалатын ботқа дедік. Содан кейін өте бастады. Міне, өнімді қалай ұсыну керек. Қазір шетелдік нарықта бәрі түске, әдемілік пен қаптамаға ерекше мән береді. Өнімнің таныстырылымына шығындалып, жақсылап ұсынса, оны алады. Оған қоса өнім тартымды қаптамада, ГТА-сыз экоөнім делінсе, алушылар тұра жүгіреді. Сондықтан ғой мені бүкіл өндірісті түрлендіріп жіберетін «траблшутер» деп атап жүр. Менің міндетім – сату. Ал Қазақстанның әлеуеті өте үлкен. Жағрапиялық орналасу жағы да керемет. Біз Қытайды тамақтандырып-ақ әлемдегі ең бай мемлекетке айнала аламыз.

Біздің бизнесмендер біресе майды, енді бірде етті жөнелте алмайтындарын айтып, үнемі шағымданады. Қытай өз ережесімен жүргісі келеді. Мұны не істеуге болады? 

— Әрине, олар өз ережесін айтады. Егер олар өз нарығын қорғай алмаса, көрінген нәрсені кіргізе берсе, оларға бүлінген өнім келеді. Пандемия мұндай жағдайдың қай жерге дейін жетерін көрсетті. Бірақ біздің өнім ГТА-сыз, таза. Неліктен Қытай біздің өнімді қабылдамайды? Себебі, мықты зертханалар солардың аумағында тұр. Бізде ондай жоқ. Сол үшін олар тауарды қабылдағанда сараптама жасайды, бәрі тексерілмесе, оған қарайды. Тауардың көп тұруының себебі сол. Ал егер Қазақстаннан шығарда барлық сатыда тексеріліп, барлық сертификатпен бекітілсе, онда Қытай тез қабылдайды. Олар бізде аталған зертханалардың жоқ екенін біледі. Жақында біз ғана зертхана қойдық. Енді мен оны сенімгерлік басқаруға алып, барлық зерттеуді өзімізде жасауды жоспарлап отырмын. Шығар кезде бәрін тексеру керек. Өйткені, бізде де ниеті таза еместер бар. Сіздіңше, біздегілердің бәрі бірдей періште ме? Жоқ. Байқатпай көрінген нәрсені өткізіп жібергісі келетіндер бар. Олай етуге болмайды.

Басқа мемлекеттер шекарадан арғы жақта тосқауыл қоя ма?

— Шетелде ешқандай кедергі, тоқсқауыл қоймайды. Олардың сертификат қандай болуы керек дегендей өз талаптары бар. Қарапайым ғана талап. Неліктен шекарада тауарлар тұрып қалады? Көп ретте бұл мәселе экспорттаушылардың тауарды қалай рәсімдеу қажеттігін білмегеннен туындайды. Жануар немесе өсімдіктен алынатын туарлар бар. Оған қатысты әр жердің сақтауды қажет ететін алгоритмі болады. Егер тауар жануарға қатысты болса, онда оның тіркеу нөмірі қажет. Көбі оның не екенін білмейді. Тіркеу нөмірі кәсіпорынға, өндірушіге, компанияға беріледі. Тіпті, мұндай нөмірді трейдер де ұстап жүре алады. Аталған нөмір жануардан өндірілген тауарды Қазақстан аумағында да, сыртқы нарыққа шығаруға да құқық береді. Тіркеу нөмірін алған соң тізімге тұру керек. Міне, осылайша қадам жасап, тауарды экспорттауға болады. Қазірде Ресей аусыл ауруына байланысты ет кіргізуге қарсы. Бірақ тәжірибе әрқашан да мәселеде жол табуға болатынын көрсетіп келеді. Мысалы, біз де ет экспорттаймыз. Бірақ оны термиялық өңдеуден кейін ғана шығарамыз. Ол үшін жай ғана тығырықтан шығатын жолды, сол елдің заңдары мен ережелерін білген абзал. Осылайша біз апта сайын ет экспорттап отырмыз. Еш тосқауылсыз.

Қазақстаннан АҚШ-қа не апарар едіңіз?

— Балық, шоколад, Өзбекстаннан кептірілген жеміс сатып алып, кішкентай қаптамаларға салып апарар едім. Одан кейін сублимация жасауды жолға қояр едім. Бізде ондай жоқ. Мемлекетке сублимацияға ден қоюды ұсынамын. Картопты кептіріп алып, оны майдаласа, сақтау мерзімі бірнеше жыл болады. Ары қарай алыс елдерге шығару оңай. Сатып алушы оған жай ғана су қосса болды, қайтадан картоп күйіне енеді… Бал, ет пен тәттілерді экспорттар едім. Көп нәрсе экспорттауға болады ғой.

Әр заттың өз алушысы бар. Мысалы, сіз дүкеннен алған 300 теңге тұратын су ішесіз. Мейрамханада оны мың теңгеге сатып аласыз. Әуежайда ол бес мың тұрады. Ал Дубайда жеті мың. Егер қаптама, құтысын әдемі етіп жасасаңыз, тіпті, қымбатқа сатасыз. Ал ол суды бір кездері әлдебір патша ішкенін жазып қойсаңыз, баға үш есеге өсуі мүмкін.

Бастысы қорқыныш болмауы керек. Екіншіден, тығырықтан шығатын жол әрқашанда бар. Мысалы, қандай да бір проблеманы байқап, «тауарды сыртқа шығара аламын ба, алмаймын ба?» деген ой туса, «мен үшін бұл тәжірибе ғана» деп қабылдаймын. «О, тамаша! Жаңа өнім, жаңа мемлекет, шешімін күткен жаңа мәселе» деп өз-өзімді қайраймын. Елшіліктер көмектеседі. Мен оларға «маған мынадай бағыттағы трейдерлер қажет, мына затты экспорттағым келеді» деймін. Олар ұсыныс жасап, әлдекімдермен таныстырады. Сөйтіп, таныстық орнатамын. Клиент табамын. Қазақстанның әлеуеті өте жоғары. Тек соны пайдалана білу керек.    

Меруерт Шәкенова,

Нұр-Сұлтан

Biz.kz