Сәуірдің 19-күні КазГЮУ-де астаналық жоғары оқу орындарының студенттері арасында «EU Mini Model Game» деп аталатын іскерлік ойыны өтті. Негізінен әлемдік экология мәселесіне назар аудартын бұл шараны Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігі ұйымдастырды.   

Жиында студенттер өздерін ойша Еуропадағы 27 мемлекеттің экология министрі орнына қойып көрді. «Министрлер» климаттың өзгеруі, «жасыл» қаржыландыру, иновациялар, ноу-хоу пайдаланудың салдары сияқты түрлі экологиялық мәселелер бойынша пікір таластырды.     

Қатысушылардың  әрқайсысы белгілі бір экологиялық проблема негізінде өз мемлекетінің ұстанымын көрсетті. Ойын Еуропалық Одақ Кеңесінің жұмыс форматын дәл көрсетіп берді. Талқылаудан соң қатысушылар ойын барысында айтылған ойлар мен ұсыныстарды қамтыған қаулы қабылдады.

Кестутис Янкаускас

– Біз «Еуроодақ ұстанымы» деген сөзді жиі естиміз. Бүгін сол ұстанымның қалай дамығанын көрсеткіміз келді. Әрбір министр кеңес аясында өз мемлекетінің мүддесін қорғайды. Мүдделердің қаулыда қалай ескерілетіні тікелей өзіне байланысты. Бұл үлкен жауапкершілік. Біз экология тақырыбын таңдадық. Өйткені бұл тек Еуропалық Одақ елдері үшін ғана емес, Қазақстан және Орталық Азияның басқа елдері үшін де  аса маңызды. Мәселен, климаттың өзгеруі бәрімізді алаңдатып отыр. Бұл біз ғана емес, болашақ ұрпақ пен студенттер үшін де маңызды, – деді Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестутис Янкаускас.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жасыл экономика кеңесінің мүшесі, Green Academy ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина студенттерді, халықаралық ұйымдарды және сарапшыларды бұл мәселеге тарта отырып, осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті.

– Еуропалық Одақ елдерінде жасыл технологиялар бұрыннан дамып келеді. Олардың тәжірибесі біз үшін де айтарлықтай маңызды. Түрлі университеттердің магистранттары мен студенттері қатысқан осындай іс-шараға халықаралық серіктестеріміздің де келгенін көз шалды. Атап айтқанда, Франция, Финляндия және Балтық жағалауы мемлекеттерінің дипломаттары осы жерден төбе көрсетті. Ал мұндай тәжірибе алмасудың студенттер үшін  маңызы зор. Мәселен, студенттер осы кездері «жасыл экономикада» болып жатқан үрдістерді түсінуге зор мүмкіндік алды деп есептейміз. Ал сарапшы ретінде маған бұл диалог ұнады. Қазақстанның экономикаға жасыл технологияларды енгізе бастауы өте маңызды, – деді Бақыт Есекина.

EU Mini Model Game-нің таңдаған мәселесінің өзектілігі – инновациялар мен жаңа технологиялар және білім арқылы қалыптасатын XXI ғасырдың қазіргі жаһандық трендтерімен тығыз байланысты. Дәл солар ғана бүгінгі оқиғалардың болашақ дамуының реңін белгілейді. Студенттердің қатысуымен іс-шара өткізіп, онда негізгі басымдық ЕО институттары жұмысының негізгі қағидаттарымен, сондай-ақ экология саласындағы ЕО саясатындағы үрдістермен (жасыл мәміле, «жасыл» қаржыландыру, декарбонизация және т.б), цифрландыру, жаңа технологиялар, инновациялар және білім беруді үйрету бұл – Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігінің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл  өзекті тақырыптардың маңыздылығы – БҰҰ-ның 17 Тұрақты даму мақсатымен (ТДМ) тығыз байланысты.

Ойын қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасы үш жеңімпазды анықтады. Олар Рахат Майкенов, Салтанат Иржанова және Аружан Рахимова. Жеңімпаздар Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі атынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Қалған қатысушыларға да сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.