ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Бұланды орман шаруашылығының қызметкерлері Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген сұңқылдақ аққуды құтқарды. Макинка ауданы Біржан сал ауылының тұрғындары Николай Русских пен Әлия Есімова өздері тұратын үйлердің маңындағы көлшікте үй құстарымен бірге аққу жүзіп жүргенін көреді. Жақын барып қараса, құстың қанаты жаралы екен. Бұл туралы олар «Бурабай» ұлттық паркіне хабарлады.

Біржан сал ауылына келген орманшы Арман Апахов:

Балапан аққу екені көрініп тұр. Сол жақ қанатының қауырсындары түсіп қалған, ұша алмайды. Әлсіреген құс тобынан бөлініп, жылы жаққа кете алмай қалса керек, – дейді.

Сұңқылдақ аққу Бурабайдағы зоологиялық баққа тапсырылды. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген құс осы жерде қыстап шығып, көктемде табиғат аясына қайта жіберіледі.
Былтыр күзде жылы жаққа бет алған тобынан қалып қойған бірқазан мен сұңқылдақ аққуды да жергілікті тұрғындар тауып алып, зоологиялық баққа әкелгенін айта кетейік. Ветеринарлар оларды емдеп, қыс бойы баптап, көктемде еркіне жіберген.
Жалпы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде құстың 197 түрі бар. Оның 14-і Қызыл кітапқа енгенін айта кетейік.