Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мамырдың 13-де үкімет отырысында биыл ауыл шаруашылығы мұқтажына жұмсалатын суға қатысты мәлімдеме жасады. Елімізде пайдаланылатын судың 60 пайызын ауыл шаруашылығы тұтынады. Ал суаруға қажет тіршілік көзінің 98 пайызы еліміздің оңтүстіктегі бес өңіріне – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.
«Көктемгі ауа-райының қалыптан тыс жылы болуына байланысты ағымдағы вегетациялық кезең орташа жылдық мерзімдермен салыстырғанда 20 күнге ерте басталды. Ағымдағы вегетациялық маусымның ерекшелігінің бірі – вегетация алдындағы кезеңде топырақ ылғалдылығының жеткіліксіздігі болды. Бұл фактор оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50 пайызға артты. Бұл суармалы көздерге қосымша жүктеме түсіріп, алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр», – дейді Н.Нұржігітов.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларда 26 млрд м³ су жиналған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерімен салыстырғанда 171 млн м³-ге кем (2024 жылы – 26,2 млрд м³). МинистрТүркістан және Қызылорда облыстарындағы су қоймалары күні бүгінге дейін 75 пайызға ғана суға толғанын (5 589 млн м³), бұл өткен жылмен салыстырғанда 498 млн м³-ге аз екенін хабардар етті. Оның сөзінше, оңтүстік өңірлерге тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, мамыр айында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри-Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режимі бойынша үшжақты кесте бекітіледі деп күтілуде. Аталған құжат шеңберінде Қазақстанға вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн м³ су жеткізіледі деп жоспарланған.
Су тапшылығы бойынша министрліктің алаңдаушылығы негізсіз емес екенін синоптиктер де қуаттайды. Қазгидрометтің мәліметінше, биылғы көктем-жаз айларында еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшы болады деген болжам бар. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климат орталығы да 2025 жылдың мамыр-шілде айларында су тапшылығының туындау ықтималдығы жоғары деген мәлімет беріп отыр. Бұл жағдай әсіресе Жайық және Сырдария өзендерінің жағасындағы диқандарға елеулі қиындық тудыруы мүмкін.