Алмаз Ержан – белгілі блогер және қоғам қайраткері. Әлеуметтік желіде ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жанайқайын шынайы жазып, қоғамның назарын аударуға талпынған сәттен бастап танымал болды.

Ол күнделікті өмірді «ауру тарихына» айналдырмай, оның орнына, жағдайы өзінен де ауыр, қиналып жүрген адамдарға көмектесуге тырысқанды құп көреді. Және де, өзін толғандыратын мәселені кейде ирониямен де жеткізе біледі. Осылай өзгелерге үлгі.

— Алмаз, сіздіңше, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Қазақстан қоғамының ашық болуына не кедергі? Өзгелер тарапынан өзіңізге деген аяушылық немесе агрессия сезініп көрдіңіз бе? Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты дискриминацияны ше?  

— Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты әлеуметтік психологиялық барьер мәселесі – адамгершілік пен тәрбиеге келіп тіреледі. Ал оның барлығы мемлекеттік саясат арқылы реттелетін дүние. Қоғамның ерекше адамды қабылдауы үшін проблемаға билік пен дін және БАҚ араласуы керек.

Иә, айналамдағы адамдардан өзіме деген түрлі көзқарасты байқадым ғой. Оның арасында мүсіркеу де, дискриминация да бар. Одан зорын да көрдім десе болғандай. Көмек беруге сыңай танытып, өз пайдасын ойлаған талай адам хабарласты. Тіпті, қолұшын созуға әзір екенін байқатады да, оның есесіне, менен өздеріне жақсы пиар, жарнама жасауды қалап тұрады. Көп ретте хабарласатындар аяушылық сезіммен қарап, бақай есебін де байқатады.

Дискриминацияға келсек, мүмкіндігі шектеулі жандарды кемсіту жағдайы елімізде көп кезігеді. Аталған мәселе мемлекеттік мекемелер мен корпорацияларда, жалпы мемлекеттік саясаттың барлық деңгейінде бар.

— Қоғамда жазылмас дертке шалдыққан жандарға қажетті жағдай жасалуы үшін қандай негізгі мәселелерді шешу керек деп санайсыз?

—  Мәслені шешу үшін ең алдымен ерекше жандардың мүмкіндігін арттырған жөн. Оларды билікке әкелу керек. Неге десеңіз, олар жағдайды іштен біледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар саяси тұлға болуы тиіс. Он екі мүшесі сау адам, ауру адамның қиналысын, неге алаңдайтынын сезіне бермейді. Айналып келгенде, осының бәрі көзбояушылыққа, өтірікке, соңында, өкінішке қарай, әлеуметтік саланы да жайлаған жемқорлыққа алып келеді.    

— Сіз жуырда Facebook парақшасында президент құрған «Қазақстан халқына» қорынан шыққыңыз келетінін мәлімдедіңіз. Мұндай шешімге келуіңізге қандай да бір күдіктің туындауы себеп болды ма?

— Мен қордың қамқорлық кеңесінен шықтым. Себебі, оған қатысымды басқаша елестеткен едім. Иә, мен Facebook желісінде өзімнің онда тигізер пайдамды көрмей тұрғанымды жаздым. Егер үнсіз кетсем, онда түрлі сұрақтар туып, негізсіз айыптаулар болар еді. Қорға ақпараттық шабуыл жасалар еді. Сол себепті мен қамқорлық кеңесінен шығу туралы шешім қабылдағанымды және оның маған тиімсіз екенін айттым. Бұл шындық. Тегін жұмыс істеп әрі миллиардтаған ақшаны белгісіз жаққа бағыттауға жауап беріп отыру маған тиімсіз.    

Бұған қатысты сізді мақтады да, даттады да. Жалпы, сынды қалай қабылдайсыз? Негатив пікірді көңіліңізге алмайсыз ба?

— Оған салқынқанды қараймын. Сынды сабақ деп қабылдаймын. Сыни пікір естіп, одан нәтиже шығаруды үйреніп жүрмін. Бірақ кейде жоқ жерден жала жабатын кездер болады. Мен жайында бірдеңе ойлап табуға тырысып бағады. Енді кейбіреудің деңгейі солай ғой. Ал ондайлардың онысына не түрткі екенін білмеймін. Негатив комменттерді өшіріп тастаймын. Әгәрәки, біреу анайы сөз қолданса, мен де оны жауап ретінде сыбап алуым мүмкін.

— Сіз үшін әлеуметтік желіде өз ойын айту қаншалықты маңызды?

— Мен үшін әлеуметтік желі айтарымызды айтатын, ой-пікір, көңіл-күймен еркін бөлісетін жер. Бақытымызға орай, не өкінішке қарай, әлеуметтік желі қатты саясиланып кетті. Өз басым саясатқа араласпауға тырысамын. Бірақ кейде маңызды тақырыптар бойынша өз ойымды айтамын.  

— Сіз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағасының кеңесшісі болдыңыз. Одан бірнеше жыл бұрын жұрт сізді мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін көтеріп жүрген белсенді блогер ретінде танитын. Осыдан кейін жақындарыңыздың сізге деген қарым-қатынасы өзгерді ме?

— Иә, мен «Атамекен» кәсіпкелер палатасында бірнеше жыл жұмыс істедім. Бірақ ол жұмыстан кетемін деп шешім қабылдадым. Меніңше, өміріңді өзгертіп, жаңа нәрселерді жасап көру керек. Өз басым істеп жүрген жұмысты мансап қуға арнауды құптамаймын. Жай ғана өз ісімнен пайда әкелесем деймін. Жақындарым менің немен айналысып жүргенімді біле бермейді. Олар мені көп ретте теледидардан көреді. Жалпы, олар не істеп жүргеніме қызықпайды.

— Сіз иронияға жиі жүгінесіз. Тіпті, кейде жазбаңызға мән бермеуді сұрайсыз. Жазуыңыздан юмор мен оптимизм көп байқалады. Бұл қасиет қайдан дарыған?

— Негатив, қиналыс пен ауру туралы көп жазғым келмейді. Сондықтан ғой жазбамда оптимизм мен юмор қолданамын. Мен бар болғаны көргеніммен бөлісем, соған жұрттың лайк қойып жатқанын байқаймын.

Негізі адамдарға қолдау көрсетіп отыру керек. Өйткені, әрбір адамның проблемасы шаш-етектен. Ал юмор болса, ішкі дертке дауа. Жалпы алғанда, юмор арқылы қандайда бір мақсатты көздеп, аудиторияға әсер етейін деген ойым жоқ.

— Сізді не қайраттандырады?

— Бәлкім, сенім болар. Мына дүниеге мен бекер келмегенімді білем. Барлық жерде мағына бар. Тіпті, менің дертім мен ауырып қалуымның өзінде де себеп жоқ емес. Өмірдегі әрбір нәрсе Алланың қалауымен боларына сенем. Екеуіміздің әңгімізден кейін әлдекімге өмір кейде біз ойлағандай соншалық мағынасыз, қатал, жауыз емес екені көрінетін шығар. Мен үшін мейрім, қарапаймдылық пен сабырлылық сияқты мінез-құлық маңызды. Өзім жұмсақтық пен мейрімді қолдаймын. Күш-жігер деген, міне, осы. Мені ата-анам солай тәрбиелеген. Басқаша бола алмаймын.    

Бота Машақова,

Нұр-Сұлтан

Biz.kz