ІІМ осыған байланысты ата-ананың ең жиі жіберетін бес қатесін атады:

  • Балаларды қараусыз қалдыру.  Қайғылы оқиғаның ең көп кездесетін себебі. Әсіресе қараусыздық кесірінен жол-көлік оқиғалары, балалардың терезеден құлап кетуі, суға батып кетуі жиі болады.  Мәселен жыл басынан бері балалардың терезеден құлап кетуімен байланысты 50 оқиға тіркеліп, төрт бала қайтыс болған. 22 бала көлік қағып қайтыс болса, жол апатынан 1 386 жеткіншек   жарақат алған. Одан бөлек, 10 бала суға батып кеткен. 
  • Тәрбиелеуді ұмыту және үлгі болудың маңызын елемеу – ата-аналардың тағы бір үлкен қателігі. Кейбір ата-ана баланы мұғалім тәрбиелеуі тиіс деп есептейді немесе бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзі түсінеді деп қате ойлайды. Бұл — моральдық-этикалық құндылықтардың бұзылуына және девиантты мінез-құлықтың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.
  • Баланың кіммен араласатынын қадағаламау оның жаман ортаға түсуіне себеп болуы мүмкін. Ата-ананың немқұрайды қарауының салдарынан жасөспірім жүріс-тұрысы күмәнді адамдармен араласуы, құқықбұзушылыққа баруы, психоактивті заттардың дәмін татуы, солардың салдарынан бойында девиантты мінез-құлық пайда болуы әбден ықтимал. 
  • Отбасындағы жанжалдар, ауыр психологиялық ахуал мен ата-ананың теріс мінез-құлқы да балалардың қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Әдетте үйдегі ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық кәмелетке толмағандардың бойына сенімсіздік ұялатады, өзін ұстауын тұрақсыз етіп, ынжық және жасық мінез-құлықтың қалыптасуына себеп болады. 
  • Интернет пен гаджеттерге шектеу қоймау да қауіпті. Ата-аналар баласының смартфонды немесе планшетті қалай пайдаланатынын бақыламаса, бала интернет арқылы қауіпті қауымдастықтарға үйірсек болуы, зорлық-зомбылықты насихаттайтын, тыйым салынған контентті көруі және күмәнді адамдармен байланыс орнатуы мүмкін. Оның ақырында балалар кибербуллингке ұшырауы немесе зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін.