ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасындағы жел электр станциялары жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Құжатты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды.
Келісімге сәйкес, Жамбыл облысының Сарысу және Талас аудандарында 1,4 миллиард теңгеге қуаты 500 МВт болатын екі жел электр станциясы салынады..
Бірінші жоба аясында қуаты 150 МВт және сыйымдылығы 300 МВт/сағ болатын аккумуляторлық энергия сақтау жүйесі (BESS) орнатылады. Сонымен бірге ұзындығы 125 шақырымға жететін, кернеуі 220 кВ болатын электр желісі тартылады.
Екінші жобада да осындай қуаттағы жел паркі мен қуат сақтау жүйесі болады. Екі жоба іске асқанда, өңірдегі ауаға таралатын көмірқышқыл газының көлемі жылына 2 миллион тоннаға азаяды. Жаңа ЖЭС 300 мың жабылдықты электр қуатымен қамтамасыз етпек.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай электр қуаты тарифінің АҚШ долларымен белгіленгеніне байланысты оның бағасының қымбаттай ма деп алаңдаушылық білдірді. Министр Ерлан Ақкенженов бұл мәліметті растады, бірақ доллармен есептелетін тарифтің тұтынушылар үшін айырмашылығы 1–2 теңгеден аспайтынын, әрі валюта бағамының ауытқуына тәуелді болмайтынын айтты.
Фото: pixabay.com