Қызылорда облысында 60 мың гектарға жуық егіс алқабы лазермен тегістелді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл әдіс су ұнемдейтінін мәлімдеді. Былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістегеннің арқасында 200 млн текше метр су үнемделген болатын. Ал күріштің орташа өнімділігі гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін өскен.
Үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерінің лазермен тегістегіштерді сатып алғанға жұмсаған ақшасының 50%-ға дейін сомасын қайтарып береді
«Сіздермен ең алғаш кездескенімде бірнеше ұсыныс айтқан едіңіздер. Өтініштеріңіз бойынша біз кооперативтерге арналған субсидия мөлшерін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайттық. Осыған дейін субсидия егістік алқабы 200 гектардан асатын шаруашылықтарға ғана төленеді деген талап бар еді. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, бұл шектеуді де алып тастадық», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында лазермен тегістейтін 123 техника бар. Бұл 100 мың гектарға дейін егістік алқапқа лазер пайдалануға мүмкіндік береді.
Биыл көктемнің ерекше жылы болғанына байланысты, Қызылорда облысында да егін суғару әдеттегіден ертерек басталды. Жауын-шашынның аздығынан суға сұраныс екі есе артып отыр. Бүгінде өңір диқандарын сумен қамту үшін Шардара су қоймасынан секундына 600 текше метр су жіберіліп жатыр.
«Министрлік президенттің тапсырмасы бойынша судың «көлеңкелі нарығын» жою үшін маңызды шешімдер қабылдады. Енді «Қазсушар» филиалдары келісімшартқа отырған шаруа қожалықтарына ғана су береді. Заңсыз су алуға рұқсат жоқ. Жаңа Су кодексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, жауапкершілік күшейтілді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді», – деді министр.