10 қыркүйек – Дүние жүзілік суицидтің алдын алу күн. Әлемнің көптеген елінде бұл күні алдын алуға бағытталған шаралар өтеді. Суицид проблемасы Қазақстанда да өте өзекті. Не себепті адамдар жарық дүниені өз еркімен тәрк етеді? Мұндай шешімге бекінгендерді қалай құтқаруға болады? Осы сауалдардың жауабын іздеп, бірқатар мамандарды әңгімеге тарттық.

МЫҚТЫ ҚАУЫМ МОРТ СЫНҒЫШ ПА?

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 2 179 отандасымыз өз өмірін қиыпты. Олардың 444-і 15-29 жас аралығындағы азаматтар.

Бір айта кетерлігі, суицид жасағандардың басым көпшілігі ер адамдар. Психоаналитик Лимана Қойшиеваның пайымдауынша, ерлер сырттай сыр алдырмағанымен, іштей мүжіліп жүре береді. Басқалармен ішкі күйзелісін бөлісуді әлсіздік деп есептейді. Ақыры бір күні морт сынып, өмірден баз кешуі мүмкін.

Былтыр Алматыда үш баласын жоғарғы қабаттағы терезеден лақтырып, артынша өзі секірген келіншектің әрекеті жұртшылықтың жанын түршіктіргені мәлім. Л.Қойшиева соңғы кездері мұндай оқиғалар жиілеп бара жатқанын айтты. Бұл көбінесе әлеуметтік қиындықтан, өмірдің сынағына төзбеуден  туындайды. Жолдасынан зәбір көрген,  несиесін төлей алмай қарызға белшесінен батқан шарасыз әйел өзін және балаларын өлтірсе бүкіл проблемадан құтыламын деп ойлайды.

– Жалпы адамдардың өзіне қол жұмсауының негізгі себептері – әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлығы, қысымға ұшырау және психологиялық проблема. Өзіне сенімсіздік, жасырын күйзеліс, жалғыздық, отбасындағы күрделі жағдай, бақытсыз махаббаттың бәрі осыдан келіп өрбиді, – дейді психолог.

Суицид жасауға бекінгендердің бетін бері қаратуда психологтарға көп нәрсе байланысты.

– Психологиялық көмек көрсететін «call орталықтар» тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуге тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай орталықтар аз, жүртшылық олар туралы біле де бермейді. Шетелде «call орталықтар» қаншама адамның өмірін сақтап қалып жатыр. Сонымен қатар жастардың әл-ауқатын жақсарту арқылы көрсеткішті төмендетуге болады. Жұмыспен қамту, білім беру саласы дамыса, жастарға өмірде өз орнын табуға мүмкіндік артады. Өмірдің жарқын сәттері болатынын да ұғына түседі. Жалпы жастар табиғатынан депрессияға бейім келеді, оларды қолдамаса болмайды. Жастар отбасының, достарының, қоғамның қолдауына зәру. Өкініштісі, қолдаудың орнына олар қысымға ұшыраған жағдайлар жиі кездеседі, – дейді психолог.

СУБМӘДЕНИЕТКЕ ЖҰТЫЛУДЫҢ ЗАРДАБЫ

Соңғы кездері кәмелетке толмаған қыз балалар зорлық-зомбылыққа ұшырап, соның салдарынан өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат жиіледі. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының бас менеджері, демограф Аяулым Сағынбаева жоғары сынып оқушыларына, колледж, университет студенттеріне психологиялық тренинг өткізетін арнайы кабинеттердің ашылуы, ата-ана мен баланың арасын жақындату мақсатында түрлі шаралардың өткізілуі суицидтің алдын алуға ықпал етер еді дейді. Сондай-ақ балалардың интернеттен қандай ақпарат алып жатқанын да қадағалаған жөн.

– Естеріңізде болса, 2013-2014 жылдары «синий кит», «emo», «got» сынды ойындар таралған болатын. Әлеуметтік желілер арқылы жастарға шетелдік субмәдениет қатты әсер етті. Оған жол бермеу үшін жеткіншектер мен жасөспірімдер отыратын аккаунттарға мониторинг жүргізу керек. Бұқаралық ақпарат құралдардың, инстаграм, ютуб, тик-ток, тағы да басқа әлеуметтік желілердің жастарға ғана емес, бүкіл халыққа тигізетін кері әсерін зерттеген жөн. Қазір кибербуллингтің кесірінен өзіне қол жұмсағандардың саны күн санап көбейіп барады, – дейді ол.

Демограф балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасын білім беру саласына ғана жүктеп қоюға болмайтынын жеткізді. Бұған ел болып атсалысу керек.

– Елімізде демографиялық саясаттың дұрыс жүргізілмеуінен, сол саладағы уәкілетті органның болмауынан жағдай одан сайын күрделеніп кетті. Демография мәселесін бірнеше мемлекеттік органға жеке-жеке бөліп тастағанымыз дұрыс емес. Тұтас процеске мониторинг жасау қажет, ол үшін бір уәкілетті ұйым құрған жөн. Сондай-ақ суицид салдарынан қайтыс болғандардың санын ғана тіркемей, өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендердің де статистикасын жүргізсек, зерттесек, артық болмас еді, – дейді А.Сағынбаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингіне көз жүгіртсек, Қазақстан суицид деңгейі ең жоғары жиырма елдің қатарында тұр. Мамандардың пайымына салсақ, бұл кешенді проблема, оны тек кешенді шаралар арқылы азайтуға болады. Ал әр салада тіршілік ақсап жатқан қоғамда адамдардың жарық дүниені өз еркімен тәрк етуі жалғаса беруі мүмкін.

Балжан Әбдіраш,

Biz.kz