БурабайБурабай

Әсем табиғаты мен терең тарихын талай ақын жырға қосқан Бурабай өңірінің орны қашанда бөлек. Сұлу Көкшеге келіп, Оқжетпес, Жұмбақтас, Жекебатыр, Абылай хан алаңы және басқа да түрлі аңыздарға арқау болған көрікті жерлерді тамашалап, табиғат аясында демалатын туристердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Жергілікті бюджетке берері мол

Шучье-Бурабай курорттық аймағына өз еліміздің ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттердің азаматтары да жиі ат басын бұрады. 2018 жылы курорттық аймаққа барлығы 618 мың демалушы келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 683 мыңнан асып түсті.

Пандемия туризм секторына ауыр соққы болып тиген 2020 жылы демалыс орындарының жұмысы кештеу басталғаны белгілі, соған қарамастан 481 мың адамға қызмет көрсетіліпті. Былтыр демалуға келген адамдардың жалпы саны 655 мыңнан асты. Бірқатар шектеулердің сақталғанын ескерсек, бұл да біршама жақсы көрсеткіш.

Көкше өңірінің туризм секторын дамытумен айналысатын «Бурабай Даму» ЖШС деректеріне көз жүгіртсек, Абылай хан алаңы, Марал шаруашылығы, Ақбура кешені, Бурабайлэнд отбасылық демалыс орны адам аяғы арылмайтын нысандар екенін байқаймыз. Былтыр тек осы аталған жерлердің өзіне 186 мың 789 адам барды. Биылғы меже бұдан да асып түсуге тиіс.

Туризмді дамытып қана қоймай, табиғаттың таңғажайып сыйын бүлдірмей сақтау, оны келешек ұрпаққа аманат ету де ерекше маңызға ие екені түсінікті. Сол себепті «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы жерлерді қорғауға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін курортты дамытып, инфрақұрылымын жетілдірумен, орманның қауіпсіздігін сақтаумен ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Бурабай Даму» ЖШС айналысатынын айта кетейік. Табиғи парк бүгінде туризмді дамыта отырып, салық түсімдері есебінен облыстың экономикасын дамытуға да үлес қосып отыр. Осы орайда Абылай хан алаңы, Марал шаруашылығы, «Бурабайлэнд» сынды адамдар ең көп баратын негізгі алты нысаннан ғана облыс бюджетіне салық түсімі есебінде 2019 жылы – 116 млн, 2020 жылы – 66 млн-нан артық, 2021 жылы – 184 млн-нан астам қаржы түскенін айта кетейік.

Әрбір алаң қатаң тәртіппен беріледі

Сарыарқа төсінде жақұттай жарқыраған Бурабай өлкесі халықтың игілігіне, туризм әлеуетін дамытуға қызмет етеді. Сол үшін кәсіпкерлердің басқаруына берілетін алаңдарға –  қайық станциялары, жағажайлар, тау басындағы шолу алаңдары, шатыр тігетін жерлерге деген сұраныс өте жоғары.

Таяуда демалыс аймақтарын дамыту үшін конкурстық негізде 18 алаң қысқа мерзімді пайдалануға ұсынылған болатын. Біз «Жер телімдері кәсіпкерлік басқаруға берілу тәртібі қалай жүргізіледі?» деген сауалдың жауабын білу үшін «Бурабай» паркіне хабарластық.

Аталған мекеменің аға маманы Венера Нұғманова жер телімдерін қысқа мерзімге пайдалануға беру Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы №73 Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы бұйрығына, сондай-ақ Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Заңға сәйкес жүргізілетінін айтты.

Бұл аймақта қызу демалыс уақыты ұзаққа созылмайды, жылына шамамен үш айдан аспайды. Мұнда жыл сайын еліміздің барлық облыстарынан, шетелдерден ондаған мың адам келеді. Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыруға арналған жер телімдерін беру үшін тиісінше конкурс өткізіліп, қатысушылар талапта көрсетілген құжаттарды өткізеді, – деді ол.

Венера Нұғманованың айтуынша, «Бурабай» МҰТП бас жоспарына сәйкес, 18 алаң 5 жылға дейін қысқа мерзімді пайдалануға берілді.

Бұл жерлерде 7 қайық станциясы, 1 кемпинг, 6 жағажай, 1 туристер дамылдайтын орын, 2 демалыс орны, 1 мәдени-тұрмыстық орын болады. Сол арқылы демалушыларға арналған жаңа нысандар пайда болып, парктің туризм әлеуеті артады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері артады, яғни аймақтың экономикасы үшін де тиімді, – дейді ол.

Кемпингте туристер шатыр тігетін орындар белгіленіп, шағын үйшіктер бой көтеруге тиіс. Көлік тұрағы, санитарлық желілер салынады. Мәдени тұрмыстық нысанда да туристер тоқтап демалып, жергілікті кәдесыйларды сатып алады. 

Жалпы туризмді дамытудың астарында инфрақұрылымды дамыту, тазалықты қамтамасыз ету, өрттен қорғау, жасыл желек өсіру сынды қыруар жұмыс тұратыны түсінікті. «Бурабай» паркінің аумағында инспекторлар биылдың өзінде 66 гектардан астам жерге ағаш отырғызды. Орманның табиғи қалпын сақтау үшін ондаған гектар жерде арнайы зерттеу жүргізеді.

Айта кету керек, биыл маусым айында Бурабай саябағы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының дүниежүзілік желісіне енді. Бұл – өлкеннің туристік беделін көтеріп қана қоймай, орманды қорғау, жануарлар мен өсімдіктер әлемін байыту үшін әлемдік тәжірибені игеруге жол ашады.

Арнұр Асқаров