1990 жылы 25 қазанда XII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды.

КСРО-дағы дезинтеграция үдерісінің күшеюіне байланысты 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында елді басқаруды түбегейлі өзгерту мақсатында «Қазақ КСР Президенті постын құру және Қазақ КСР конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Президент билігі институтын енгізу Қазақстанның Кеңестер Одағы құрамындағы одақтас республика ретінде шынайы тәуелсіздікке бастар алғашқы салмақты қадамы болды. Дәл сол күні Жоғарғы Кеңес баламасыз негізде Қазақ КСР Президенті тағына сол кезде Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы қызметінде болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты таңдады.

Қазақ КСР Президенті постына келгеннен кейінгі Н.Ә. Назарбаевтың ең алғашқы іс-қимылдарының бірі «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясын жасау болды.

Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдауын үнемі тежеп отырғаны белгілі, сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық ержүректіліктің көрінісі болды.

1990 жылы 16 қазанда Декларацияны жарияламастан 10 күн бұрын Қазақ КСР Президенті, Қазақ КСР Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев он екінші шақыртылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің отырысына қатысты. «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация жобасына қатысты сөзінде ол: «… Декларациядан тек республикадағы ұлттық мемлекеттілік туралы ғана емес, соған қоса қазақ халқы туралы сөздерді алып тастағысы келетіндермен келісуге болмайды. Бұл жағдайда біз КСРО құрамындағы басқа ұлттар қатарында иық теңестіре алмайтын болсақ, қазақ халқында түсініспеушілік туындайды. Одақтас республикалардағы кез келген басқа декларацияны алып қарасаңыз, бәрінде ұлттық мемлекеттілік туралы ереже бар. Республика аумағында қазақ халқының саны басым болмағанын ғана негізге ала отырып, аталған құжаттан осы тезисті алып тастау саяси жағынан да дұрыс емес. Өзінің тарихында интернационализм идеясын ұстанатындығын дәлелдеген қазақ халқына мұндай қарым-қатынас жасау қисынға келмейді. Бұл басқа барлық халықтарға да қатысты».

Сол күні он екінші шақыртылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ІІ сессиясының кешкі кеңейтілген отырысында Н.Ә. Назарбаев Декларацияның толық жасалып біткен жобасының баптары бойынша қаралымына белсенді қатысты.

Құжат үшін аттарын атап, дауысқа салу үдерісінде 261 депутат қолдау білдіріп, қарсы 18 депутат шықса, 2 адам қалыс қалды, бір депутат дауыс бермеді. Дауыс беру нәтижесінде Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады.

Қабылданған Декларация 17 тармақтан тұрды.

Декларацияда бірінші рет Қазақ КСР мәртебесі одақтағы өзге егемен республикалармен ерікті түрде бірігетін және олармен келісімшарт негізінде өзара қарым-қатынас жасайтын егемен мемлекет ретінде аталды.

Отандық тарихымызда бірінші рет елді дамыту мақсатында демократиялық құқықтық мемлекет құру жайы айтылды, сол арқылы азаматтық қоғам құруға негіз қаланды. Социалистік республиканың нормативтік заң актісінде алғаш рет мемлекет негіздерін анықтауда кластық тәсіл болмады және «жұмысшылар», «шаруалар», «интеллигенция» ұғымдары да кездеспеді.

Декларацияда Қазақ КСР мемлекеттік билігінің бастауы және егемендіктің жалғыз иесі Қазақстан халқы деп мәлімделді. Ал Қазақстан халқын республикадағы барлық ұлт азаматтары құрады.

Декларацияда Республиканың барлық азаматтарының лайықты және тең дәрежеде өмір сүруге талпынысы көрініс тапқан, экологиялық қауіп көздері болатын нысандар қызметі мен жұмысына тыйым салатын экологиялық қауіпсіздік қағидаттары да енгізілген.

Декларацияда Қазақ КСР-нің ең маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті нығайту және қорғау, сақтау, қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын өзге де ұлттардың ұлттық құндылықтарын нығайту және өзіндік мәдениеті мен дәстүрін, тілін жаңғырту және дамыту деп бекітілді.

Қазақ КСР аумағы бөлінбейді, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім де пайдалана алмайды деп көрсетілді.

Декларацияда алғаш рет мемлекеттік биліктің ұлықтылығы, оның дербестігі мен республика ішінде толықтығы, сонымен қатар сыртқы қатынастарда республиканың егемендік құқығын бұзатын КСР одағы жоғары органдары акті қимылдарын өз аумағында тоқтатуға құқылы екендігі бекітілді.

Мемлекеттік билікті заң, орындаушы және сот деп бөлу қағидаттары жарияланды. Қазақ КСР Президенті Республика басшысы болады және жоғары өкілетті атқарушы билікке ие болды. Заң билігін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырды, ал сот билігі Қазақ КСР Жоғарғы сотына тиесілі болды.

Декларацияда сонымен қатар бірінші рет конституциялық маңыздағы шешуші мемлекеттік-құқықтық нормалар анықталды:

– Конституцияның және Қазақ КСР аумағында Қазақ КСР заңдарының үстемдік құру қағидаттары (8 бап);

– Қазақ КСР аумағында бар және республика егемендігінің негізін құрайтын ұлттық байлығына республиканың дербес меншіктік қағидаты ( 9 бап);

– Қазақ КСР-нің халықаралық қатынастарда өз бетінше субъект ретінде сөйлеу және ішкі саясатын өз мүддесіне қарай өз бетінше анықтау құқығы (14 бап).

Декларацияда Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің барлық атрибуттары белгіленді: жеке аумағы мен азаматтығы, азаматтық және ұлттық тең құқылығы, республика ішінде мемлекеттік биліктің үстемдік құруы, толықтығы, ұлттық Конституция мен заңдардың үстемдік құруы, меншік формаларының сан алуандығы, жеке мемлекеттік бюджет және қаржылық-несиелік жүйе, ішкі жеке әскердің болуына құқығы, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдары, халықаралық қатынастарда өзіндік субъект ретіндегі құқығы, сонымен қатар мемлекеттік егемендіктің белгілері – елтаңба, ту және әнұранының болуы.

«Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация отанымыздың тарихында Қазақстанды дербес, егемен мемлекет ретінде анықтаған, конституциялық мәндегі алғашқы жаңа акті болды және ұлттық заңды жасауға негіз болды.

1991 жылы 16 желтоқсанда Декларация қағидаттары негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Қазақстандағы Конституциялық заңның қабылданған күні «Тәуелсіздік күні» ретінде атап өтіледі.

1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңымен теңдей жаңа тәуелсіз мемекеттің конституциялық-құқықтық іргетасын қалады және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеу жолындағы негіз болатын заң актісі болды.

Оларға енгізілген негізгі мемлекеттік-құқықтық және әлеуметтік-саяси идеялар 1993 және 1995 жылдары Қазақстан Республикасының Конституциясында және Республика мәртебесін егемен мемлекет ретінде танытатын заң актілерінде көрініс тапты.