Цифрлық трансформация жобасы 2024 жылы аяқталады

ҚР Президенті Іс Басқармасының цифрлық трансформациясы IT-инфрақұрылымды жетілдіріп, жүйеге заманауи ақпараттық және сараптамалық құралдар мен қондырғыларды енгізу жоспарланып отыр.  «ҚР ПІБ жүйесін цифрландырудың бірыңғай архитектурасы» деп аталған бұл жоба туралы Президенттің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында айтты.

– Бұл шаруа былтыр басталған еді. Оны «ҚР ПІБ жүйесін цифрландырудың бірыңғай архитектурасы» деп атадық.  Жоба-жоспар 2024 жылдың соңына қарай аяқталуға тиіс, – деген А.Дәдебаев, қандай жұмыс атқарылатынына қысқаша шолу жасады. 

Президент Іс Басқарушысының айтуынша, биыл «Бурабай Дамудың» туристік нысандарында банктік карталарға бейімделген төлем жүйесін енгізу қолға алынады. Орталық клиникалық аурухана мен «Оқжетпес» шипажайының базасында Бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе іске қосылады. 

– Бұған қоса Президент Іс Басқармасына қарасты тағы 4 ведомстволық мекеме өткен жылы әзірленген Бірыңғай деректер қоры мен Бірыңғай кадрлық жүйені енгізуге тиіс. Айта кетерлігі, соңғы жоба – «ноу-хау» және әзірлеушілердің үлкен жетістігі. Бұл жүйе персоналды басқаруға арналған 30 түрлі есеп-қисапты дербес жасай алады, жалақыны есептейді, көрсетілген параметрлер бойынша дербес кадрларды таңдайды, кадрлық резервті қалыптастырады, тіпті мамандарды оқыту жоспарын да дайындайды, – деді А.Дәдебаев.

Сонымен қатар биыл Президент Іс Басқармасы жүйесінде 2023-2025 жылдарға арналған цифрлық трансформациялау бойынша Жол картасын дайындау жоспарланып отыр. Ондағы мақсат – кәсіпорындардың басқару процесін жүйелеу, біріздендіру және барынша қолайлы ету, істі жария түрде жүргізу.