Өз еркіміз өзімізде болмаған Совет заманында КСРО басшысы Никита Хрущевтің өзінен қаймықпай, қарсы тұрып, қазақтың жерін қорғап қалған Жұмабек Тәшеневті бүгінде алаш жұрты айрықша ардақ тұтады. Мемлекет қайраткері Ілияс Омаров та дәл осы тұлғадай өз ұлтына адал қызмет етіп, сол адалдығы үшін қызметінен қуылған, қуғын-сүргін көрген мемлекетшіл азамат болған.

Ақын Қасым Аманжоловқа Алматыдан үй алып берген басшы

Ілияс Омаров әр жылдары Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары, Қазақ КСР-і Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, “Қазақфильм” киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының кеңесшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, Қазақ КСР Мәдениет министрі сияқты көптеген қызметтерді атқарған.

Мәдениет министрі болған кезінде қазақтың ақын-жазушылары, өнер мен мәдениет қайраткерлеріне көп қамқорлық көрсеткен. Алматыда үйсіз-күйсіз жадап-жүдеп жүргенде «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» деп ашынып жыр жазған ақын Қасым Аманжоловқа пәтер алып беруге жәрдемдескен. Ақын қоғам қайраткерінің алдына келгенде Ілияс Омаров Алматы қалалық кеңесінің төрағасы Хафиз Айбасовқа телефон соғып: «Хафиз, саған Аманжоловтың пәтері туралы өткен айда айтып едім ғой. Бір аптаның ішінде ақынға үй беретін бол. Сен екеуміз осылардың тілегін орындау үшін уақытша отырған адамдармыз. Бұлар мәңгі қалады» дегенде Қасым көз жасына ие бола алмай, жылап жіберіпті деседі. Бұл туралы қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленов өзінің естелігінде жазады.

Қоғам қайраткері осы қызметте жүргенде Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория, «Гүлдер» ансамблі, Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің құрылуына, Республика сарайы мен Қазақ циркінің іргетасының қалануына мұрындық болады. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарғанда “Қазақ КСР тарихының” толықтырылған 2-басылымына жауапты редакторлық етеді. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайындағы ақиқаттың айтылуына ұйытқы болады. Осы үшін қоғам қайраткеріне “ұлтшылдарды қолдаушы” деген айып тағылып, көп уақыт өтпей қызметінен босатылады.

Ауыр өнеркәсіптің жолы қалай жеңілдеді?

Соғыстан кейін елдің еңсесі аздап болса да көтерілгенімен өңірдің өнеркәсіп саласында қиындықтар бар болатын. Әсіресе, Өскемендегі мырыш зауытының (бұл – бүгінгі Өскемендегі «Қазцинк» зауыты – А.Қ) құрылысы сағызша созылып, аяқталмай жатқан кез еді. Сондай күндердің бірінде Ілияс Омаров бастауыш партия ұйымдарының есеп беру науқанына қатысу мақсатымен аталған зауыттағы коммунистердің жиналысына барады. Осы жиында зауыт құрылысының ақсап жатуына байланысты облыс басшылығына қатты сын айтылады. Ілияс Омаров бірден нысанның жағдайын сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке баяндап, одақтың жоғары кеңесінің сессиясында өзіне сөз сөйлеуге мүмкіндік берілуін сұрайды. Шаяхметов бұл өтінішін жерде қалдырмайды…

Кеңестің нәтижесі бойынша, одақтың ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылысы, түсті металлургия өнеркәсібі, электр станцияларын электрлендіру министрліктерінің жауапты қызметкерлері Шығыс Қазақстанға ағылып келе бастайды. Ақырында мырыш зауыты тез арада салынып бітеді де, жұмыс істеп тұрған қорғасын зауытымен біріктіріліп, атақты Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына айналады.

Кадрдің қадірін білген қайраткер

Ілияс Омаров бірінші хатшы қызметін атқарған кезде жергілікті жердегі көрінбей жүрген, бірақ қызметіне адал, өз ісін жетік білетін кадрларға ерекше назар аударады. Оларды арнайы іздеп, тауып, қызметке шақырып, қолдау көрсетеді. Сол кездері Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеті хатшысының түсті металлургия мәселелері жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын Ахмет Әділовтің кеңесімен Константин Севенард есімді су электр станциялары құрылысының инженері мен Шығыстың адамдары сыртынан «Алтайдың Сәтбаевы» атап кеткен Жарқын Айталиев есімді кен инженерін қабылдап, қызметке шақырады. Көп уақыт өтпей Севенардты мырыш зауытының құрылысын басқаруға жібереді. Нәтижесінде көптен бері құрылысы шабандап келе жатқан зауыт тез арада іске қосылады. Ал Жарқын Айталиев болса, Кенді Алтайдың қойнауында қанша байлықтың жатқанын бес саусағындай білетін білікті маман болған. Омаров Айталиевпен кездескеннен кейін өнеркәсіп мәселелеріне қатысты обком пленумын өткізу жөнінде шешім қабылдайды. Бұл пленум одақ көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, нәтижесінде Шығыс Қазақстанның өнеркәсібін дамытуға Одақ көлеміндегі мүмкіндіктер жұмылдырылады.

Қоғам қайраткерінің кадр таңдаудағы, кадр танудағы ғажап қасиеті жайында Социалистік Еңбек Ері, әйгілі атбегі, Шығыстың абыз қариясы Бошай Кітапбаев «Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінде Александр Изачик деген кісі ұзақ жылдар жұмыс істеді. Ілияс Омаров Шығысқа қызметке келгенде біреулер ол кісіге «Изачик деген мықты жігіт бар» деп айтқан болуы керек. Ілияс арнайы барып, танысып, оны колхозда жүрген жерінен облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметіне тағайындады. Кейін сол Изачик 30 жылға жуық облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Жомарт Адамов, Хайдар Арыстанбеков, Өтешқали Атамбаев секілді азаматтар сол кездері осы комитеттің төрағалары болды. Сол кісілердің «Облысты басқаруды Изачиктен үйрендік» деп айтқанын талай мәрте естідік.

«Айта, айта Алтайды…»

Ілияс Омаров Шығыс Қазақстанға басшылық еткен тұстағы ерекше мәдени оқиға ретінде қазақтың күміс көмей әншісі Жамал Омарова орындаған әйгілі «Алтай» әнінің дүниеге келуін айтуға болады. Бәріміз білетін «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» дейтін әзіл-шыны аралас тіркес осы әнге қатысты айтылған.

Ілияс Омаров жөнінде «Жомарт жүрек» атты деректі повесть жазған жазушы Жайсаңбек Молдағалиев қоғам қайраткерінің белгілі композитор Евгений Брусиловскиймен бұрыннан таныс-біліс, дос екенін және сазгерден Өскеменнің өнеркәсіптегі, басқа да шаруашылықтағы табыстары жайында ән шығарып беруін өтінгенін жаза келе: «Ілияс Омарович, менің әнім әзір, тек тексін ойластыр, – деді ол, сол жақта біздің Жамал Омарова концерт қойып жүр. Нотаны самолетпен жібердім. Тыңдап көр де, дереу пікіріңді айт. Бұл – мелодиясы, гармониясын сөзі табылысымен әзір қыламын, – деді композитор» – деп Брусиловскийдің оған телефон соққан сәтіндегі сөзін келтіреді. Және Шығыс Қазақстанның шеткі бір ауданында концерт қойып жүрген Жамал Омарованың «мына бораннан құтқара көріңіз» деп Ілияс Омаровқа телеграмма жолдағанын, ол жаққа көлік бара алмайтын болған соң Ілекеңнің кәдімгі локомотивтің өзін арнайы жібергенін және дәл сол уақытта Өскеменге әннің сөзін жазу үшін ақын Нығымет Баймұхамбетовтың бірінші хатшының үйіне арнайы келгенін жазады автор.

Содан не керек, локомотивпен Өскеменге жеткен әнші қалалық Мәдениет үйінде үлкен концерт береді. Міне, әйгілі «Алтай» әні осы кеште тұңғыш рет шырқалады.

Азамат Қасым,

Шығыс Қазақстан облысы,

Biz.kz