«Жұбайларыңмен кездесесіңдер». 1938 жыл 6 қаңтар. Жұқа көйлек, әдемі әшекей тағынған, боянып-сыланған зиялы қауым өкілдерінің жұбайлары. Әсте, олар бірер сағаттан соң тағдырының быт-шыты шығып, қорлыққа толы күндер, мазасыз ұйқысыз түндер, мұңлы күлкісіз сәттер мен азапты жылдар басталатынын еш білмеген еді.
«Біз тұрған жерде 1938 жылы 6 қаңтарда АЛЖИР лагері ашылған болатын. Бастапқыда ол 27 нүкте деп аталды. Бұл лагерьге 62 ұлттан 18 мыңға жуық әйел КСРО шешімімен әкелінген. Алғашқыда бұл жерде 3-4 барактар ғана болған. Кейін сол әйелдердің күшімен 30 барак тұрғызылған. Оларды аямай қара жұмысқа жеккен. Бұрын олар ең ауыры тек қалам көтерсе, осында келгеннен кейін нағыз азапты күндері басталады. Әйел-тұтқындар лагерьде ең қиын каторгалық жұмыстарды жасады: бақшалар мен алма бағына арықтарды, тоғанды қолдарымен қазды. Саман кірпіштер құйды, ферма салды, мал бақты, қысқы аяздарда отын үшін Жалаңаш көлінің жағасынан қамыс шапты. Лагерьдегі ерекше тәртіп, мардымсыз тамақ, кездесу мен хат жазуға тыйым, күзетшілердің қорлығы өмірге деген құштарлық пен үміт отын бәрібір сөндіре алмады. Әйелдер өздерінің кінәсіздігін дәлелдеу және бостандыққа шығу үшін ең қиын жұмыстарды атқарды», – деді Biz.kz сайтына сұхбат берген Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының бірлескен мұражайлар дирекциясы» МКҚК саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің экскурсия жүргізушісі Гүлнұр Мейірханова.
«Тергеушінің кабинеті тозақтың нақ өзі». Көптеген оқиғаларға куә болған, қағаздардың бумасы жатқан үстел. Қабырғада – Сталиннің портреті. Жұмыс үстелінің үстінде басу машинкасы, графин мен құжаттар. Әйелдер осы кабинетке келуге қорқатын дейді экскурсия жүргізушісі. Себебі, жауап алуда олардың көпшілігін қатты қинайтын. Әдетте, жауапқа түнде алып кететін, ал күндіз ұйықтауға рұқсат бермейтін. Кабинетте әйелдерді аяғы еденге тимейтіндей етіп, биік орындыққа отырғызатын. Ұзақ уақыт бойы осындай күйде отырғаннан қан айналысы бұзылып, олар естерінен танып қалатын.
«ӘДІЛЕТСІЗДІК: АТАҚТЫ ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЖАРЫ БОЛҒАНЫ ҮШІН КІНӘЛІ»
Әсіресе, Бейімбет Майлиннің жұбайы Күлжамал Майлинаға қатты қиын болады. Себебі, ол кісі орысша түсінбеген. Ал, тергеушілер болса «сен жауап бермес үшін әдейі істеп жатырсың» деген.
АҚПАРАТ: Бейімбет Майлин мен Күлжамал Майлинаның ұлдарын айып батальонына алып кетеді, өйткені «халық жауының» ұлы еді. Қыздарын түрлі интернатқа жөнелтеді. Қыздарының бірі – Ғалия Осакарова балалар үйіне түседі де оны мерт болды деп есептеп, бөшкеге сала салады. Бақытына орай, тәрбиеші Валя тәте Ғалияның қолдары жыбырлағанын байқап, бөшкеден шығарып алып, өз үйінде тәрбиелеп өсірген. Түрмеден босағаннан кейін анасы қызымен кездесіп, Қарағандыға, одан кейін Алматыға көшкен. Ол жерде Ғалия медициналық институтты тәмамдап, дәрігер атанды. Қазіргі күні Ғалия Осакарованың балалары мен немерелері Алматыда тұрады.
Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова осы лагерьде мал дәрігері болып жұмыс істеді. 8 жыл мерзімін өтеп, кейін 2 жыл өз еркімен қалады. Анасы Арифа Исенгулова да айдауда болды. Ол күйеу баласы үшін жазасын өтейді. 50 жасында келіп, 58 жасқа толып, мерзімінің өтеуіне 2-3 күн қалған кезде миына қан құйылып қайтыс болады.
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, темір торда бас бостандығынан айырылған әйелдер қалайда бір-бірін барынша қолдауға, қолдан келсе қорғауға тырысқан. Себебі, адам жоқшылықта сыналады емес пе? Жазықсыз құрбандар, нәзік жанды әйел қауымы басына іс түскенде күндемей, тілдемей азап көріп жүрсе де құрбыдай бола білген-мыс. Темірбек Жүргеновтың жары Дәмеш Жүргенова дәрігер болып жұмыс істеген. Сонда әйелдерге «жарамсыз» деген қағаз жазып беріп, кезек-кезекпен жұмысқа шықпай, демалуына септігін тигізген деседі.
«ҚҰРТ-АЛТЫННАН ДА ҚЫМБАТ, ҚАЗЫНА»
Жалаңашкөл. Жаңажол ауылы. Арып-талып ауыр жұмыста жүрген әйелдерге балалар құртты лақтырып, аштықта жүрек жалғау үшін сеп болған. Әйелдер болса, ауыл халқына дән риза.
«Ауылдағы ақсақалдар мен балалар келіп, қамыс жинап жүрген әйелдерге ақ тас лақтырған. Ол кепкен құрт еді. Ол жерде 62 ұлттың өкілдері болғандықтан, құртты білмейді. Күзетшілер сендер халық жауының әйелі болғандықтан, балалар да сендерді жек көреді деген. Кейін Неміс ұлтының өкілі Гертруда Платайс деген кісі тапқан. Баракқа алып келгенде қазақ әйелдері оның сүттен жасалған тағам екенін айтқан. Сол ауылдың тұрғындары кейн, балық, нан ағаштың түбіне тығып кететін болған», – деді өз сөзінде экскурсия жүргізушісі Гүлнұр Мейірханова.
СТАТИСТИКА. АЛЖИР лагерінде 18 мыңға жуық әйел болған. Алайда, 8 мыңы туралы ғана ақпарат бар. 500-ге жуығы осында қайтыс болған. Ал, балалар үйінде айына 40-50 бала аштықтан, биттеп, тоңып, аштықтан бақилық болатын.
«ИТ ИКЕШ ИТ ТЕ ІШПЕЙТІН СОРПА»
Күніне 12-14 сағат жұмыс нормасын орындаған әйелдерді мазақ қылған күзетшілер тамақтану үшін быламық сорпа мен шикі қара нан берген деседі. Тіпті ол сорпаны ит икеш иттің өзі ішпейтін. Ал, амалы таусылған аналар шикі нанды лақтырмай, оған су қосып, түрлі мүсіндер жасаған. Ол мүсін ананың балаға деген сағынышын білдiрсе керек.
«БАРАКТАҒЫ АЗАП: БАЛАМ, ТОҢЫП ҚАЛМАСЫН!»
Музей қызметкері Гүлнұр Мейірханованың айтуынша, барактың іші суық болғаны сонша, әйелдер түнде кезекке тұрып, таңға дейін тоқтаусыз қамыс жағып шығатын болған. Ондағы мақсаттары балаларының тоңып қалмағаны еді. Соның өзінде барак іші тек -8, -9 градус қана жылынып тұратын. Төсек те емес, төсеніш те емес, қамыстың үстіне ұйықтайтын болған. Бауыр еті балаларын да екі жасқа дейін қастарында ұстауға рұқсат беріп, одан кейін балалар үйіне айдап жіберген.
«ХАТ ҮШІН ОТҚА ТҮС»
Бұл сөз тура мағынасында айтылған. Жылына бір рет туған-туыстарына хат жазуға рұқсат берген. Алайда, соның өзін «шаш ал десе, бас алатын» күзетші сымақтар үйлерінен келген хатты қолдарына бермей, жанып тұрған отқа тастап жіберіп, «керек етсең, ал!» – деп мысқылдаған. Отқа жанған хаттардың түпнұсқасы әлі де сақтаулы. Вагонда айдауда келе жатқанда 2-3 ай ұзақ жол жүрген. Сонда оларға тамақ орнына кепкен балық беріп, су бермей қинаған. Сонда қолдарында қаламдары бар әйелдер балықтың сыртқы қабығын лақтырмай хат жазған. Ал, қаламдары жоқтары қолдарын тістеп қанмен хат жазып, вагонның дәретхана тесігінен лақтырып кетіп отырған. Сонда олар: балаларын аманаттаған, – деседі.
«Алжирдың соңғы көзі». Ол Анна Енданова деген кісі. Лагерьге келгенде 21 жаста болған. Лагерьге келгенде 2 баласы болған. Кейін олар балалар үйіне өткізілген. Бірақ, алайда екеуі де қайтыс болады. Ол кісі толық мерзімін өтеп, 1956 жылы ақталады Ешкімі болмағандықтан, осы өңірде қалып, екінші рет тұрмыс құрады. Бүгінде ұрпақтары бар. 97 жасқа келіп, 2014 жылы қайтыс болады. Ұрпақтары келіп тұрады. Жеке қолданған заттарын әкеліп табыстаған деп музей қызметкері толық ақпарат берді.
«МҰРАЖАЙҒА КЕЛУШІЛЕР ЖЫЛАП ТҰРАДЫ»
Музей қызметкері, Гүлнұр Мейірханова Қостанай облысы Арқалықтың тумасы. Мамандығы дизайнер. 4 жыл болды экскурсовод болып АЛЖИР мұражайында қызмет атқарып келеді. Өз қызметін сүйетіні сонша, болашақта мамандығын ауыстырғысы да келмейді. «Тарихты айтсам келгендер жылайды. Тарихты ақтарған сайын ақтара бересің», – деді.
«ТАҒЗЫМ ЕТПЕЙ ӨТПЕ!»
Қасірет қақпасы биікті – 18 метр, ені – 9 метр. Ол күмбезден және оны көмкерген бетпердеден тұрады. Қақпа киелі жерге кірудің алғашқы баспалдағы іспеттес. Монумент қайтыс болған күйеуі мен балаларын жоғалтып алған әйелді бейнелейді. Қақпа ер адамның бас киімi дулыға және ананың ақ кимешегі тәрізді жасалған. Бұл жерден өткенде, міндетті түрде аруақтарға бас иіп, тағзым жасау керек!
«НЕМЕРЕМ, ӨЗ ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ!»
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мұнда күнде 100 адамдай келеді. Көбіне, мектеп оқушылары, әр түрлі ұжымдар мен шет елдік қонақтар жиі ат басын тірейтін көрінеді. Әлбетте, өз тарихыңды таныған абзал. Өткенге құрмет болмаса, бүгінге ізет болмасы анық. Біздің тілшілер барғанда 12 жасар немересін жетектеген Серікбай Қамариденұлы бізбен бірге мұражайға беттеді. Мақсатым – ұрпағым өткенін танып, кеткенге құрметпен қарап, кемел келешекке жарқын жүзбен қадам басса деймін деді. «Енді алда жазғы демалыста қалған немерелерімді де міндетті түрде осы қасиетті мекенге әкелемін», – деді ақсақал.
Бұл, Құскен ата Баймолдин. Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген. Құскен ата 3 жаста болғанда 1937 жылы әкесін үндеместен алып кетіп, содан бейхабар. Мүмкін, әкем табылып қалар деген үмітте.
Астана қаласының тұрғыны Серік Тлеумбетов те 31 мамыр репрессия құрбандарын еске алу күні қарсаңында мұражайға арнайы ат басын бұрған.
«Өткенсіз бүгін жоқ, – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қашан да өткенің мен өз тарихыңды зерттеу, тану, білу ол кеш емес. Сол білгеніңмен, көргеніңді ұрпаққа жеткізу ол әр адамның міндеті. Сондықтан тек осы күні ғана емес, үнемі келіп, құрбандарға дұға етіп, тағзым жасап тұру артық етпейді», – дейді Серік Тлеумбетов.
«АШЫҚ ЕСІК КҮНІ»
Бүгін, 31 мамырда музей тегін қызмет көрсетеді. Сұрқыл саясаттың құрбандарын еске алып, олардың ұрпақтары келіп, келушілермен кездеседі.
АҚПАРАТ:
- «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күні – 31 мамырды белгілеу туралы» Жарлығының қабылдағанына он жыл, жаппай қуғын-сүргіннің басталғанына – 70 жыл толуына орай ашылған болатын.
- Мемориалды-мұражай кешенінің авторы – республикамыздың еңбек сіңірген сәулетшісі Сәкен Нарынов.
- Мұражай Қарлагтың, кейіннен «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР) деп аталып кеткен бөлімшесінің немесе бұрынғы еңбекпен түзеу лагерінің 26-нүктесінің орнында орналасқан.
- Дәл осы жерде 1937-ші жылы халық жауларының жұбайлары үшін арнаулы лагерь ашылған болатын. Бұл жерге бүкіл Кеңестер одағының түпкір-түпкірінен ешбір жазықсыз әйелдерді алып келетін.
- Мұражай кешені «Сталиндік вагоннан», «Қасірет қақпасы» монументінен, тікенек сымды лагерь қоршауы мен күзет мұнарасынан, екі мүсіндік композициядан, «Көз жасы» стеласынан, тұтқын әйелдер тұрған барактан, Алаш бағынан, Зерде қабырғасынан, Ескерткіш белгілерден және мұражай ғимаратынан тұрады.
- 1958 жылы көбі ақталады.
Алжир Астанадан 35 шақырым жерде орналасқан. 305, 312, 300 қалааралық автобусы қатынайды. Жол ақысы: 200 теңге.
Тарихымызды кұрметтейік, ол біздің өткеніміз! Сонда келешек те кемел болады!
Гүлжан Серік