Соңғы жылдары елімізде атақты Қостанай жылқысының азайып кеткені туралы мәселе жиі көтеріліп жүрген болатын. Жуырда «Байсерке-Агро» жылқы зауытында бірегей жылқы тұқымын жаңғырту, елімізде ат спортын дамыту тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жылқы зауыттарының, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жетекшілері мен өкілдері бас қосқан жиында Қостанай жылқысын жаңғыртудың жоспары мен жол картасы талқыланды.
Қостанай жылқы тұқымы 1951 жылы қазақы биелер мен қалмақ, Дон, Стрелец, Орлов-Ростопчинский, ағылшын-арабыайғырлардың буданынан Қостанай мен Майкөлде, сондай-ақ Ресейдің Троицк зауыттарында шығарылған болатын. Ол салт мінуге де, арбаға жегуге де жарайтын спорт бағытында жалғыз қазақы жылқы тұқымы саналады.
Асыл тұқымды жануарлар негізінен осы астықты өлкедегі «Қазақ тұлпары» зауытында, сондай-ақ Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі кездеседі. Ол күш-қуаты мол, алыс жолға мініс беретін қасиетімен, Қазақстанның қатал табиғатына төзімділігімен ерекшеленеді.
Мамандардың айтуынша, Қостанай жылқысы қазір жоғалып кетудің алдында тұр. Асыл тұқымды жылқылар тізбесінде бар болғаны – 200 бас, ал «Қазақ тұлпары» зауытында – 48 бас қана құйма тұяқ жануар қалған.
Жиында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшысы Бауыржан Қасенов:
– «Ат спортын, сондай-ақ туристік және экологиялық бағыттағы жылқы шаруашылығын дамыту өте маңызды. Еліміздің жазық даласы мен инфрақұрылымы да соған сұранып тұр», – деп атап өтті.
Басқосуда «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ мен «Байсерке-Агро» холдингі және «Қазақ тұлпары» зауытының арасында Қостанай жылқысын қайта жаңғырту бойынша әріптестікмеморандумға қол қойылды.
Келісім аясында «Байсерке-Агро» холдингі жұмысқа қажетті инфрақұрылым мен зертхананы тегін ұсынып, сұрыптау жұмысын қаржыландыратын болды. Ал«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ осы бағыттағы ғылымизерттеулерге қолдау көрсетеді.