Қоңыр екеуміз ең алғаш 1978 жылы менің құрбымның тұрмысқа шығу тойында таныстық. Сол жылы Алматыда үлкен ғылыми конференция өткен еді. Жиынға қатысқан ғалымдар Қоңырды осы тойға да қонақ ретінде шақырыпты. Ол кезде мен КСРО Ғылым академиясының педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеймін. Бір жыл өткеннен кейін үйлендік.
Қоңыр Мажарстанның, яғни, шетелдің азаматы ғой. Сексенінші жылдары қауіпсіздік қызметі қатал еді. Кеңес Одағының азаматшасына үйлену үшін ағаңа тиісті рұқсат қағаздарды алудың өзі үлкен қиындыққа түсті. Оны бірнеше ай күтуге туралы келді. Үйленген соң, енді Құлсарыдағы әке-шешеме барайық десек, Қоңырға Алматыдан 30 шақырымнан артық ұзап шығуға тыйым салынған. Сол кезде бізге қазақтың марғасқа азаматы Олжас Сүлейменовтің зор көмегі тиді. Ағаңның жанына еріп жүрген інілері жағдайды айтып, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты Олжас Сүлейменовке көмек сұрап барған екен. Олжекең алдымен Дінмұхаммед Қонаевқа телефон шалады. Қонаев Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі Шевченко деген дөкей ғана шеше алатынын айтыпты. Олжекең сол мезетінде Шевченкоға қоңырау шалады. Ол да Мандокиге Алматының аумағынан алыстауға тыйым салынғанын айтып, рұқсат бермей қояды. Ақыры Олжекең Шевченкоға өзі барып, Венгрия азаматы Иштван Мандоки үшін бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтып сенімхат толтыруына тура келді.
Тіпті, ұшақтың билетін де Олжас Сүлейменов өзі алып беріп, шығарып салды. Ұшақ Атырауға қонғанда алдымыздан қызыл кілем жайылып, құшақ-құшақ гүл алып қарсы алған адамдарды көріп таң-тамаша болдық. Облыстық комсомол комитетінен бастап, аудандық комсомол комитетінің қызметкерлеріне дейін жүр. Сөйтсек, Олжас ағамыз өзі телефон шалып, Қоңыр мен Айша бара жатыр, күтіп алыңдар деп тапсырған екен. Бізді қап-қара «чайкаға» салып алып, Құлсарыдағы үйімізге дейін алып барды.
Олжекеңнің осындай қамқорлығын, азаматтығын көргенбіз, балам. Оны ешқашан ұмытпаймын.
Жазып алған Арнұр АСҚАР
Автордан: Иштван Қоңыр Мандоки – мажар халқының даңқты перзенті, түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы. Саналы ғұмырын Еуропадағы түркі халықтарының, әсіресе мажарлар мен құмандардың тарихын зерттеуге арнаған. 1992 жылы қайтыс болғаннан кейін өз өтініші бойынша қазақ топырағында – Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.