школа

Таяуда Ресейдің Ижевск қаласындағы мектепте болған қайғылы оқиға жұртшылықты дүр сілкіндірді. Білім ордасына басып кірген қарулы 17 адамды оққа байлады. Қанды оқиғаға не себеп?  Қазақстан көрші елдегі жағдайдан қандай сабақ алуға тиіс?

Ижевск трагедиясы Ресей тарихындағы мектепке жасалған алғашқы шабуыл емес. Дәл осындай оқиға соңғы 5 жылда 5 рет тіркеліпті. 2018 жылы Қырымдағы политехника колледжінде, 2021 жылы Қазан қаласында, сол қыркүйегінде  Пермьде, қазан айында Пермь маңындағы Сарс кентінде білім ордаларына қарулы шабуыл жасалып, 36 адам оққа ұшты.  

Осыған ұқсас трагедиялар өзге елдерде де жиілеп барады. Мысалы, биыл АҚШ-тың Техас штатындағы Ювалди қаласында Сальвадор Ромас есімді 18 жастағы бозбала 18 оқушы мен 3 ұстазды атып тастады. Бұл қайғылы оқиғаға байланысты елде қаралы күн жарияланды.

Вахтер емес, күзет агенттігі күзетуі керек

Биылғы оқу жылының басындағы ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда барлығы 7637 орта мектеп бар. Жергілікті әкімдіктер 7 386 мектепке камера, 1212 білім ордасына стационарлық «дабыл түймесін» қойған.

Елордадағы, республикалық маңыз бар қалалар мен облыс орталықтарындағы мектептердің камералары полция бөлімдеріндегі жедел басқару орталықтарымен тікелей байланысты. Балалар буллингке ұшыраса немесе төбелесіп қалса, мамандар монитордан бірден байқайды.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ижевсктегі оқиғадан сабақ алу керектігін айтты. Оның пікірінше, бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанымен, шешілмеген проблемалар әлі де жеткілікті. 

– Біз мектептерде мамандандырылған күзет агенттіктері болуы керек деген шешім қабылдағанда негізінен тиісті қарсылық көрсете алмайтын немесе қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайтын вахтерлардың орнына осы талаптарға сай келетін мамандар келгенін қаладық. Бірақ қазір кейбір фактілер мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бізбен бұрын жұмыс істеген әріптестерінен еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті, – деді министр.

Асхат Аймағамбетов мектептердің кез келген оқыс жағдайларға дайын болуы керектігін, оларға әрекет ету алгоритмін Ішкі істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен және басқа да мүдделі органдармен бірге жаңарту қажеттігін айтты.

Саясаттанушы Самат Нұртаза білім ордаларына кім болса сол кіре бермеуге тиіс деп санайды. Сондықтан мектепте бір емес, бірнеше күзетші болғаны жөн.

– Мектепке шабуыл жасайтын адамдар қайдан шығады? Менің ойымша, қазір қоғамның шағын бір бөлігі жүйке ауруына шалдыққан. Олардың санасына отбасындағы проблемалар, компьютерлік ойындар мен тәрбиенің дұрыс берілмеуі де әсер етеді. Мұндай адамдар болған және болады да. Қоғамда барлық адам 100 пайыз мінсіз болмайды. Сондықтан мектеп кезінен бастап жастармен жұмыс жүргізіп, олардың әлеуметтік желіде көретін контенттерін де бақылау керек,– дейді Самат Нұртаза.

Ал білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы Ресей мектептеріндегі жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін емес деген пікірде. Ижевсктегі шабуылды елдің ішкі тұрақсыздығымен ғана байланыстыруға болады. Көрші елде жалпы халықтық көтеріліс болмаса да, халықтың билікке деген агрессиясы артып барады.

–Ашуға булыққан тұрғындар наразылықтарын әртүрлі қанқұйлы жолмен көрсетіп жүр. Бұл жерде біз бір ғана мәселеден сабақ алуымыз керек. Ол – Ресейден ағылып келіп жатқан азаматтарға қатысты сақтықты күшейту керек, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Қауіп мектептің сыртынан да, ішінен де төнуі мүмкін

АҚШ-тың білім ордаларында мұғалім кейпінде күштік құрылым қызметкерлері жұмыс істейтін тәжірибе енгізілген. Кейбір мектептерде қаруланған күзет қызметкерлері бар. Ұстаздар мен оқушыларға қауіпті жағдай туындаған кезде қалай әрекет етуі керектігін үйрететін арнайы тренингтер өткізіледі.

Ұлыбританияның көп мектептерінің сыныптарына бейнекамера қойылған. Бұл оқу ордасында темекі шегу, буллинг, есірткі саудасы, ұрлық-қарлық, өрт, вандализм сияқты проблемаларға қарсы күресуге көмектеседі. Территориясына бқгде жандар кіріп кетпеуі үшін электрмагнитті кілтпен ашылатын есік немесе турникеттер қойылады. Қарулы күзетшілері де бар.

Қытайдың да балабақшалары мен мектептерінде бақылау камералары көп. Резеңке тоқпақ пен бұрыш аэрозоль салынған баллонмен қаруланған күзетшілері тағы бар. Кейбір қалаларында әр балабақша мен мектептің кемінде 2 кәсіби күзетшісі болуы міндеттелген. Чунцин қаласында балаларға шабуылдауы мүмкін деп күдікке ілінген адамға қарсы оқу атуға рұқсат берілген. Бірақ қатаң күзеттің керісінше жағы да бар екен. Айталық, Global Times газеті бұл туралы: «Бұрын балалардың шабуылға ұшырауы мүмкін еместей көрінетін. Қазір мектеп пен балабақшаның жанын торуылдап жүрген полицейлердің кейпіне қарап, күнде шабуылдап жатқандай әсерде қалуыңыз мүмкін», деп жазды.

Қазақстанда қауіпсіздік мәселесінің өзекті екенін жоғарыда айттық. Балалар сырттан келетін шабуылдан бұрын, мектеп территориясында түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Былтыр Оқу-ағарту министрлігі барлық мектепке бақылау камераларын қоюды қолға алды. Алайда, алда-жалда қауіп төне қалса, камераның құтқармайтыны түсінікті. «Сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы ұстанып, қауіпсіздікті күшейту артық болмасы анық. Басқа елдердің білім ордаларында болған трагедиялар басымызға тигенін күтпей, ертерек әрекет ету керек.