Қазақстанда табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алу қызметі ережелеріне маңызды өзгерістер енді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 15 бұйрығына сәйкес, 2019 жылғы 13 тамыздағы №73 бұйрықпен бекітілген табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына отандық тауар өндірушілеріне арналған шартты баға артықшылығы туралы ереже енгізілді. Енді конкурс комиссиясы өтінімді қарау кезінде қазақстандық компаниялардың пайдасына баға ұсынысын 10 пайызға шартты түрде төмендетеді.
Бұл шара отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оның мемлекеттік конкурсқа қатысуын, әсіресе қазақстандық тауар өндірушілердің коммуналдық тендерлерге қатысуын ынталандыруға бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Сәйкесінше тиісті тауарларға ұзақ мерзімді тұрақты сұраныс қалыптасады. Бұл отандық бизнеске үлкен мүмкіндіктер береді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 24 желтоқсандағы No 109 бұйрығының негізінде Қағидаларға табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алу рәсімдерін жетілдіру, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алудың басымдығын қамтамасыз ету туралы бөлігіне өзгерістер енгізілді.
Олардың ішінде мынандай негізгі өзгерістерді атап кетуге болады:
– тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу рәсімі екі кезеңге көшеді. Бірінші кезеңде тек отандық өндірушілер арасында конкурс өткізіледі;
– отандық тауар өндірушілер арасындағы сатып алуда жеңімпаз анықталмағанда ғана, басқа жеткізушілер арасында ашық конкурс өткізіледі.
– қажет өнімдер мен қызметтерді тезірек жеткізу үшін сатып алу мерзімдері қысқарады.
Құзырлы министрлік бұл қолдау шаралары отандық өндірушілерге нақты бәсекелестік артықшылықтарын беретін тұрақты және ашық сатып алу жүйесін құруға мүмкіндік береді деп санайды. Ол өз кезегінде ұлттық өндірісті нығайтып, елдің өнеркәсіп әлеуетін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін береді.
Фото: pixabay.com