ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық саябағындағы көлдерге 60 мыңға жуық тұқы балығының шабағы жіберілді. Бұл туралы ҚР ПІБ баспасөз қызметі хабарлады.
Осылайша, Шортанды, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінің әрқайсының балық қоры 20 мыңға көбейіп отыр.
Әр шабақтың орташа салмағы – 25 г. Алты айда біршама өсіп қалған балықтардың суықта аздап салмағы азайғанымен, қысты жақсы өткізеді дейді «Бурабай» МҰТП жануарлар дүниесін қорғау және молайту бөлімінің мамандары.
Ұлттық парктегі көлдерге қандай балық түрін жіберуді, қанша балық аулауға болатыны туралы лимитті осында жыл сайын зерттеу жүргізетін «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ның аумақтық филиалы айқындайды.
– Біз ұлттық парк аумағындағы су айдындарына балық жіберуді берілген ұсынымдарға сәйкес тұрақты негізде жүргіземіз. 2010-2019 жылдар аралығында көлдерге 477 мың тұқы шабағы мен 19 миллионнан астам ақ балық тұқымдас рипус, пеляд майшабақтарын жібердік. Кейін пандемияға байланысты жұмыс уақытша тоқтатылған-ды. Биыл қайта қолға алып, парктегі ең үлкен үш көлді тұқы балығымен толтырдық, – деді «Бурабай» МҰТП инженер-ихтиологы Максим Пак.
Тұқы – осы өңірдегі көлдердің ихтиофаунасына бейімделген бағалы балық. Ғылыми қызметкерлердің пікірінше, оның көбейгені көлдердің экожүйесіне жағымды әсер етеді. Балықшылар тұқы аулауға ерекше құмар екенін де айта кеткен жөн. Айдынға үнемі шабақ жіберіліп, балық аулау барысын үнемі бақылауда ұстап отырса, көлдердің биосферасына зиян келмейді.
Президент Іс Басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық табиғи паркі республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аймақ жүйесіне кіретін мемлекеттік табиғат қорғау мекемесі екенін айта кетейік. Ұлттық парк жергілікті аң-құстарды қорғау мен көбейту ісімен тұрақты түрде шұғылданады.