Алапат зілзаладан зардап шеккен Түркия мен Сирия елдеріне Қазақстан көмек қолын созып, құтқарушыларды жібергені мәлім. Апат аймағында еңбегімен және ерлігімен көзге түскен адамдар елеусіз қалмай, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығымен түрлі мемлекеттік марапатқа ие болды. Бұл қатарда ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бүркіт» авиакомпаниясының ұшқыштары да бар.
ҚР ПІБ баспасөз қызметі борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ Түркия мен Сирия елдеріндегі төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медаліне және Алғыс хатқа ие болған қызметкерлерді марапаттау салтанаты өткенін хабарлады.
– Бүгін әуе компаниясында марапаттау салтанаты өтті. Түркия мен Сирияға барған қазақстандық құтқарушылардың қатарында «Бүркіт» авиакомпаниясының 17 қызметкері болды. Мемлекет басшысының тиісті Жарлығымен «Бүркіт» авиакомпаниясы Ил-76 ұшағының штурман-нұсқаушысы Нұржан Әбдібақиұлы Оспанқұлов және штурман Николай Николаевич Гудеев «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп табылды, – делінген баспасөз хабарламасында.
Мемлекеттік марапатқа ие болған Н.Оспанқұлов пен Н.Гудеев «Бүркіт» әуе компаниясында 2004 жылдан бері еңбек етеді. Тәжірибелі мамандар өздерінің кәсіби біліктілігімен, жауаптылығымен, адами қасиеттерімен басқа әріптестеріне үлгі болып жүр.
– Кешкі сағат 18:00 шамасында біздің қызметкерлерге хабар беріліп, тез арада жолға жиналдық. Келесі күні таңертең Газиантеп қаласына жеттік. Апат аймағындағы қалалардың әуежайына қону барысында қиындық болды, дегенмен Қазақстан елшіліктерінің жылдам әрі тиімді әрекет етуінің арқасында біздің ұшақтардың уақтылы ұшып-қонуына жағдай жасалды. Біз Мемлекетіміздің және Президентіміздің тарапынан қойылған барлық тапсырмалар мен міндеттерді уақтылы орындауға дайынбыз, – дейді ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған «Ил-76» ұшағының ұшқыш-нұсқаушысы Мұратхан Деңгелбаев.
ҚР ПІБ «Бүркіт» авиакомпаниясының ұшақтары Сирия мен Түркиядағы табиғи апат кезінде зілзала болған аймақтарға еліміздің құтқарушыларын, төтенше жағдай қызметінің техникаларын және гуманитарлық жүк жеткізумен айналысты. Олар Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан барлығы 5 рейс жасады.