Қазақстанда қоғамдық оптимизм деңгейінің өскені байқалады: тұрғындардың төрттен үшіне жуығы (73,3%) ел дұрыс бағытта кетіп барады деп санайды. Әсіресе жастар мен әйелдер бойынша мемлекеттік саясатты қолдаушылардың қарасы басым. 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 82%-ы мемлекеттік бастамаларды қолдаған. Ерлерге (71,1%) қарағанда әйелдер елдің дамуына (75,3%) оптимистік көзқарас білдірген. Қазіргі мемлекет басшысы – Қ-Ж.Тоқаевқа ел халқының 76,4% сенім білдіріп отыр. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында жүргізген ауқымды әлеуметтік сауалнамасының негізгі қорытындылары осындай.
Президентке сенімнің жоғары деңгейі тағы да жастар арасында – 84,6%, әйелдер арасында – 78,1% (ерлерде – 74,5%) байқалған. Ауыл және қала тұрғындарының сенім деңгейінде елеулі айырмашылық байқалмайды – тиісінше 76,8% және 76,1%.
Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы– 60,8% елдің алдағы бес жылдағы даму болашағын «өте дұрыс» және «едәуір дұрыс» деп бағалаған. Сәйкесінше ел тұрғындарының арасында әлеуметтік оптимизм көрсеткіші де жоғары. «Жалпы, өміріңізге қаншалықты қанағаттанасыз?» деген сұраққа респонденттердің 57,3%-ы «толығымен қанағаттанамын» деп жауап берсе, 32,8%-ы «едәуір қанағаттанамын» деп санайды.
Тағы бір назар аударатын жайт, ел тұрғындарының 30,3% елдің саясаты, экономикасы және қоғамдық өмірі туралы ақпаратты желілік БАҚ-тан және әлеуметтік желілерден (34,7%) біліп отыруды жөн көретінін айтқан.
18 жастан асқан 8 мың респондент қатысқан зерттеу 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыды. Сауалнама 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуірі аралығында халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымын көрсететін іріктеу бойынша жеке сұхбаттарды (CAPI) пайдалана отырып жүргізілген.