ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медорталығының ауруханасы директорының орынбасары, белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев Ташкенттегі Республикалық шұғыл медицина орталығында Қазақстан азаматына күрделі операция жасады. Бұл туралы ҚР Президенті Іс Басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
– Бір ай бұрын Кентау қаласы тұрғынының миына қан құйылып, маңдай бөлігінде ісік пайда болған. Сөйтіп науқасқа тез арада операция жасалып, ісік алынған болатын. Алайда отадан кейін оның жағдайы оңалмай, қосымша ем алу үшін Ташкентке жеткізілген. Өзбекстандық мамандар компьютерлік томография ангиографиясының нәтижесінде оған шұғыл операция жасау керектігін анықтады, – делінген баспасөз хабарламасында.
Ондай айтылғандай, көп ұзамай ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары, әйгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев көрші елдегі әріптестерінің шақыруымен Ташкентке барған. Сөйтіп, науқастың еміне қатысты өзбекстандық әріптестеріне консультация беріп, науқасқа күрделі ота жасаған.
Операция сәтті өтті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы бірқалыпты. Ташкенттік дәрігерлер оны бақылауда ұстап отыр.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы мен Ташкенттегі Республикалық шұғыл медицина орталығы арасында бұған дейін меморандум жасалған. Соның аясында екі елдің дәрігерлері өзара тәжірибе алмасып, күрделі операция жасап тұрады.