21 мамырдан бастап  Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант алуға өтініштер қабылданады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Құзырлы министрліктің мәліметінше, республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланып отыр.

Қайтарымсыз гранттардың негізгі мақсаты –  жаңа бизнесті бастау және дамыту. Гранттың мөлшері – 400 АЕК (1 572 800 тенге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Ол үшін Business.enbek.kz порталында өтініш қалдыру керек.

Өтініш беру шарттары

Порталда тіркелу;

грант алу шарттарына сәйкес тексерістен өту;

бизнес жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернет немесе компьютер болмаса, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып өтініш беруге болады.

Грантты кімдер ала алады?

Ресми тіркелген жұмыссыздар;

жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін болуы тиіс).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:

мүгедектігі бар адамдар;

күші жойылмаған «қандас» мәртебесі бар адамдар;

бір өңірден келесі өңірге қоныс аударғандар:

аз қамтылған отбасы мүшелері;

көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);

асыраушысынан айырылғаны үшін жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы, 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы тиіс.

Грантты қайда жұмсауға болады?

Грантпен қажет құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, мал, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Грант несие қарызын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.

Грант қалай беріледі?

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарайтын аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер бизнес жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес жоспарды бағалайды және бағалау парағын бизнес идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты өлшемшарттармен толтырады.

Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның мақұлдаған жағдайда үміткер банктегі есепшот деректерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді.

Фото: gov.kz