Бүгінде қазақ қоғамы үшін тамақтану тақырыбы өзекті мәселе қатарына шықты. Әрине, әңгіме тек қымбатшылыққа ғана қатысты емес. Соңғы кездері дұрыс тамақтануды үйрететін мамандар мен түрлі курстар көбейіп, қазақстандықтар тамақтану мәдениетіне үйреніп, калория санауға көшкен.
Сапалы тамақты қалай таңдау керек? Не жеп, нені жемеген жөн? Қандай азықтан бас тартқан дұрыс? Biz.kz порталы сұқбаттасқан Қазақстанның органикалық өнім өндірушелер одағының директоры Арсен Керімбеков осы және басқа да сұрақтарға жауап берді.
Калория санап, жеңіл болсын деп тауық етіне көшіп жатқан азаматтар ақуыздың бәрі бірдей пайдалы емес екенін білуі керек. Осы ретте өзіміз күнделікті еті мен жұмыртқасын жеп жүрген кәдімгі тауықты мысалға алайық.
«Тауық 8 сағат қараңғы жерде тұруы керек. Күніне бір тауық төрт шаршы метр аумақта 8 сағат жайылуы тиіс. Қазақстандағы ережеде осылай жазылған. Ал біздегі құс фермаларындағы тауықтар бір-біріне мінгесіп, күні бойы тар торда қамалып отырады. Жарық тәулік бойы сөнбейді. Бір жағынан бұл деген тіршілік иесін қинау ғой. Міне, сондай жағдайда туған тауық жұмыртқасын біз жейміз. Сосын проблема басталады», – дейді сарапшы.
Оның үстіне, дүкенде сатылатын тауық етін асуға мүлде болмайды.
«Тауықтың жүрегі, бүйрегі сияқты ішкі құрылысын жеуге тіпті болмайды. Антибиотиктердің біртіндеп жиналуы ағзаның қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Әрбір адамның ішінде 2-3 келі аралығында микроб болады. Оның «жақсысы» мен «жаманы» бар. Айталық, адам ауруханада операция жасататын болып, антибиотик қабылдаса, ол әсер етпеуі мүмкін. Себебі, бактериялар тамақпен сіңген антибиотиктерге бой үйретіп алады», – дейді маман.
Мұндай жағдайдың сүт өнімдеріне де қатысы бар. Арсен Керімбековтың сөзінше, қайта-қайта сауылғасын, жануар мастит (сүт безінің ісінуі) дертіне шалдығады. Өнімділікті түсірмес үшін өндірушілер ондай малға антибиотик беріп отырады. Ал антибиотик сіңген сол өнім ақырында біздің дастарханнан табылады.
Сұқбаттасушы Қазақстандағы ең қауіпті тағам ретінде балды атайды. Оның сөзінше, бұл өнім тек таза күйінде ғана пайдалы. Ал ондай өнімді елімізде күндіз шаммен іздеп таппайсың.
«Жәрмеңкеге келетін көшпелі омарташылар бізге қандай өнім ұсынып жүр? Олар негізінен омартаны жол бойына қояды. Сатып жүргендері сол жерлерде жиналған бал. Ал жол бойындағы гүлдер солған бойда, олар ары қарай жылжиды. Мысалы, бал жинауды Қарағандыда бастайды да, солтүстік Қазақстанда аяқтайды. Бұл дегеніміз, 800 шақырымдық жол. Яғни, бізде бал жинауға арналған нақтыланған жер жоқ. Жалпы, ара шаң-тозаңды да жинайды. Оған қоса, араларды жәндік кенесі қинайды. Ал кенеден құтылу үшін омартаға антибиотиктік пластина қояды. Өз кезегінде ол антибиотик те балға сіңеді.
Жалпы, балдың қай жерде жиналып жатқанын біз біле бермейміз. Индустриалды аймақтарда жерге түрлі зиянды заттар төгілуі мүмкін. Ара соның бәрін омартаға тасиды. Жәндіктер тек аса қатты улы нәрседен ғана өледі. Әнекей, сол себепті балды жемес бұрын әбден ойланған жөн. Жеп жүргеніміздің бәрі бірдей пайдалы емес», – дейді Керімбеков.
Қазақ сүйсініп жейтін қазы да тазалық тұрғысынан тексерістен өтпеген.
«Күзде сояр алдында жылқыны семіртіп, қазысы қажетті елі шығуы үшін жемдеуге қояды ғой. Ал ондай жануарға, әдетте, бидай береді. Міне, сол бидай таза болмауы мүмкін. Неге десеңіз, оған да түрлі химикат сіңген. Ал егер жемдейтін бидайды химикат, тыңайтқыш қоспай өсіретін шаруашылықтан алса, онда ет таза болады», – дейді маман.
Осыған ұқсас жағдай көкөніс, жеміс, арпа дегендей басқа да «пайдалы» өнімдерге де қатысты. Осыны өзгерту үшін мамандар органикалық өнімдер туралы заң жобасын жасап шықты. Қазірде Қазақстан сертификатталған алқабы бар 30 елдің қатарында. Егер заң қабылданса, мемлекет таза өнім шығаратын 10 елдің бірі болады.
«Әлемде шамамен 72-75 миллион гектар органикалық алқап бар. Оның жартысы Австралияда. Біз олардан «мұндай деңгейге қалай жеттіңдер?» деп сұраймыз ғой. Олар алқаптарды серификаттаумен айналысатынын айтады. Біз де Австралия сияқты зерттелуі үшін егіс, жайылым алқаптарын сертификаттағымыз келеді. Бір ғана жылқыны жаю үшін үлкен жайылым керек қой. Әгәрәки, бізде мұндай алқаптар көбейсе, әлем бізді байқайды. Біз қазір 200 мың гектар жермен 25-26 орынды тұрмыз. Ал алқап көлемі кемінде бір миллионға жетсе, онда бірден ондыққа кіреміз. Біз туралы айта бастайды. Біздің бағыт осындай», – деп түйіндеді сөзін органикалық өнім өндірушілер одағының директоры.
Күнсұлы Жаңбырбаева,
Нұр-Сұлтан
Biz.kz