Өткен аптада Астанада үш бірдей халықаралық жиын өткені белгілі. ҚР Президентінің Іс Басқармасы ауқымды іс-шараларды абыроймен өткізуге белсене қатысты. Аталған мемлекеттік органның басшысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында осы туралы айта келіп, барлық әріптестеріне ризашылығын жеткізді.
– Бұл апта еліміз үшін маңызды іс-шараларға толы болды. Елордада халықаралық ауқымдағы бірнеше жиын өтті. Оны жоғары деңгейде ұйымдастыруға ҚР Президенті Іс Басқармасының ведомстволық ұйымдары белсене атсалысқанын атап өткім келеді. Астанамызға ат басын тіреген мәртебелі меймандарды лайықты күтіп алу, орналастыру, тасымалдау, медициналық көмек көрсету, қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді аса жауапты жұмысты мүлтіксіз атқару оңай шаруа емес. Оған Президент Іс Басқармасына қарасты ұйымдардың 600 қызметкері жұмылдырылды, – деді ол.
А.Дәдебаевтың айтуынша, ҚР Президентінің Телерадиокешені, Автошаруашылық, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, Медицина орталығы және оған қарасты аурухана мен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, Әкімшілік ғимараттар дирекциясы мен Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы және басқа да мекемелердің қызметкерлері форумды ойдағыдай өткізу үшін аянбай еңбек етті.
Президенттің Іс Басқарушысы бірқатар бағынысты ұйымдардың жұмыс барысына да тоқталып өтті. Мәселен, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы кездесулер өтетін барлық ғимараттарда сараптама жасап, ауада радиация, зиянды және улы заттар жоқ екеніне көз жеткізді, әуежайдан бастап, барлық нысандарға дезинфекция жасалды.
Шетелдік делегацияларды тасымалдауға Президенттің Іс Басқармасы Автошаруашылығының 200 жуық машинасы мен жүргізушісі атсалыс. Көліктердің сақадай сай тұруына жағдай жасаудан бөлек, жүргізушілерді тамақтандыру, олардың демалатын орнын әзірлеу, бұзылып қалған көліктерге техникалық қызмет көрсету бригадасы ұйымдастырылғанын айта кету керек.
– Жалпы алғанда, барлық бөлімшелеріміз өздеріне жүктелген жауапты міндетті ойдағыдай атқарып шықты, кәсіби білікті әрі жауапкершілігі зор маман екенін дәлелдеді. Еліміздің абыройы сынға түскен шақта бар күш-жігерін салып, биік үдеден көрінді, – деген А.Дәдебаев барлық әріптестеріне шын көңілден ризашылығын жеткізді.