АҚШ пен Қытай сауда қарым-қатынасы туралы келіссөз оң сипатта өтіп жатқаны туралы хабардан соң, дүйсенбі, 12 мамырда әлем нарығында мұнай бағасы жайлап өсе бастады.

Brent маркалы мұнайының фьючерс бағасы (алдын ала келісім) 43 центке өсіп, баррелі 64,34 доллардан сатылып жатыр.​ Ал америкалықWest Texas Intermediate мұнайының фьючерс бағасы 48 центке қымбаттап, баррелі 61,50 долларға өсті.

Мұнайдың бұл екі эталон сортының бағасы өткен аптадан бастап көтеріліп келеді. АҚШ пен Ұлыбританияның жақында қол жеткізген сауда келісімі де мұнай бағасының артуына әсер еткен. 

Екінші жағынан мұнай өндіруші елдердің ОПЕК+ альянсының жақында ғана өндірілетін мұнай көлемін өсіру туралы мәлімдемесі мұнай бағасының күрт қымбаттауын тежейтін фактор болуы мүмкін дейді сарапшылар. 

Мұнай бағасындағы ауытқулар Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймайды. Жоғарыда атап кеткен ОПЕК+ мәлімдемесінен кейін мұнайдың әлем нарығындағы баррелінің құны 60доллардан түсіп кеткені белгілі. Бұл Қазақстанның бюджет жоспарлағандағы мұнай бағасы – барреліне 75 доллардан әлдеқайда төмен. Ресми дерек бойынша, 2025 жылдың I тоқсанында Ұлттық қорға мұнай сатудан түсетін табыс көлемі 47% азайған. II тоқсанда да табыс көлемі төмен болуы ықтимал. Ал жоспарлы межеден 1 доллар кемігеннің өзі бюджетке түсімін жүздеген млрд теңгеге кемітеді. Goldman Sachs Агенттігі 2025-2026 жылы мұнайдың баррелі 55–58 АҚШ доллары маңайында болады деп болжаған.

Бұл орайда үкімет алдында мұнай-газ саласындағы кейбір мемлекеттік активтерді жекешелендіру, қоғамға осы секілді дағдарысқа қарсы іс-шараларды түсіндіру секілді үлкен жұмыс тұр. Өйткені АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімі оң шешім тапқан күннің өзінде мұнай бағасының күрт өсіп кететініне ешкім кепілдік бере алмайды. Бұған Қытай мен АҚШ экономикаларындағы қиындықтар, әлемдік геосаяси картадағы тұрақсыздық факторларының көбейіп кеткені кедергісін келтіреді. 

Мұнай бағасының төмендігі қазақ мұнайын Баку–Тбилиси–Жейхан бағытында тасымалдауға да кері әсер етеді. Мұнай бағасы тұрақты түрде барреліне 70–80 долларға саудаланғанда мұндай балама жолдарды қарастыруға болады, ал мұнай бағасы 50 доллардан түсіп кетсе, өзін ақтамайды. Оның үстіне жаңа бағыттарды игеру үшін Қазақстанға мұнай көлемін арттыру қажет. Міне,осындай «Былай тартсаң өгіз өлетін, былай тартсаң арба сынатын» кереғар жағдай туып тұр.