Көктемнің әдеттен жылы болғаны және Дүниежүзілік метерологиялық қызметтің биыл су тапшылығы ықтималдығы жоғары екені туралы ескертпесі аграрлық салаға су үнемдеу технологиясын едел-жедел енгізуді және дақылдарды әртараптандыруды қоға алуды қажет етеді. Қазақстан – су ресурстарына зәру және су тапшылығын өткір сезетін мемлекет қатарында. Үкімет отырысында Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірлік әкімдіктерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен, бассейндік инспекциялармен және Қазсушардың филиалдарымен бірлесіп, су тапшылығының ықтимал салдарын азайтуға бағытталған жедел шаралар кешенін пысықтау туралы бастама көтерді. Министрдің ұсынысы мынандай:
Біріншіден, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмысты жандандыру қажет. Бұл ретте, шаруаларды ынталандыру және су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру үшін негіз қаланған. Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Инвестициялық субсидиялау және суармалы суды беру қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.
Осыған байланысты министрлік «Қазсушар» филиалдарына шаруа қожалықтарымен су пайдалану шарттарын бірінші кезекте су үнемдеуші технологияларды енгізген шаруашылықтармен жасауды ұсынып отыр. Қалған шаруашылықтармен – су ресурстарының қалдығына қарай және су үнемдейтін әдістерге көшу міндетті шартымен келісімдер жасалуы тиіс деп санайды министр.
Су үнемдеу технологиясын тиімді қолданса, оны қолданған шаруашылықтарға үкімет субсидия бөлсе, ол өзін толық ақтайтынын шөл далада отырған Израиль тәжірибесі көрсетіп келеді. Су үнемдеуші технология тіршілік көзінен бөлек егіс алқаптарына берілетін тыңайтқыштарды тиімді әрі арзан ететіні тағы бар.
Екіншіден, суды көп талап ететін дақылдар егісін шектеу. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту – басым бағыттардың бірі. Осыған сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын әртараптандыру және суармалы жерлерде үлестік су шығынын кемінде 20%-ға азайту көзделген.
Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай күріш пен мақта егіс алқаптары кемінде 41 мың гектарға қысқаруы тиіс. Оның ішінде күріш бойынша – 10 мың гектарға, нақтырақ айтқанда: Қызылорда облысында – 89 мың гектардан 80,9 мың гектарға дейін, Түркістан облысында – 3,2 мыңнан 2,8 мың гектарға дейін, Алматы және Жетісу облыстарында – 8 мыңнан 6,5 мың гектарға дейін кемуі керек. Сондай-ақ Түркістан облысында дәстүрлі әдіспен суарылатын мақта алқаптарын 31 мың гектарға азайту жоспарланған.
Үшіншіден, су тапшылығының салдарын азайту үшін министрлік су қоймасына ылғал аз жиналған өңірлерде егіс алқаптарының көлемін азайтуды немесе су ресурстары шектеулі жерде тік дренажды ұңғымаларды және сорғы техникаларын қолдануды дұрыс деп санайды. Әйтпесе су тапшылығымен үлкен проблема тууы мүмкін. Мәселен, Жамбыл облысындағы Бүркітті су қоймасы небәрі 27%-ға толған. (су көлемі – 2,2 млн м³, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 млн м³-ке аз).
Түркістан облысындағы Бөген су қоймасында да ұқсас жағдай. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп диқандар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, суару жүйесінде тік дренажды кеңінен қолдануды қамтамасыз етіп, ирригациялық инфрақұрылымы жоқ аудандарда сорғы техникасын дайындауды қолға алмақ.
Бұл ретте су пайдалануды бақылау және басқарудағы проблемаларды, оның сыртында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын су нарығындағы көлеңкелі бизнестің жолын кесуді бір жолға қою қажет болып тұр. Яғни бұл – жалғыз Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, жергілікті атқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының, прокуратураның, тіпті заң шығарушы орган – Парламенттің де білек сыбана кірісуін талап ететін мәселе.
Көктемгі-жазғы егін суғару маусымында суды тиімді пайдалану үшін ирригациялық каналдарды, гидротехникалық құрылыстарды тазалау, жөнге келтіру қажет. Су арналарының көп жағдайда қараусыз қалғанынан, тазаланбағанынан қаншама жетер жеріне жетпей, құмға сіңіп, ысырап болып жатыр. Ресми дерек бойынша, «Қазсушар» мекемесінің филиалдары бүгінге дейін 627 шақырым ирригациялық каналды механикалық тәсілмен тазалап, 488 гидротехникалық құрылысжайға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық (1 147,7 шақырым). Осы мақсатта, 2025 жылы министрлік жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 757 арнайы техниканы лизингке сатып алуды бастады.