ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік–экономикалық дамудың алдын ала қорытындыларын жариялады. Ұлттық статистика бюросының болжам деректеріне сүйене отырып, министрлік биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6% болғанын хабарлады. Экономиканың негізгі салаларында: көлікте (22,4%), саудада (7%) даму қарқыны байқалады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы (3,9%) және байланыс (2,6%) салалары да өскен.

Көлік саласындағы өсімді теміржол (20,5%)  және құбырмен (19,6%) жүк тасымалдау қызметтері қамтамасыз еткен. Бұл жағынан Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстары жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2% болды. Құрылыс маусымының қызатынын ескере отырып, құрылыс жұмыстары қарқынын үдету және құрылыстың жобалық құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті атқарушы билікке үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз ету тапсырылды.

Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсуді көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші 7,4%-ға, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін артқан. Түркістан облысы – жемістер мен көкөністерді, фармацевтикалық тауарларды сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%, Ақмола облысы – астықты, тұқымдарды және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%, Шымкент қаласы – дизель отынын, фармацевтикалық тауарларды, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті.

Өнеркәсіпте өндіріс индексі 6,4% жетті. Тау-кен секторы көмір өндіруді ұлғайту есебінен (11,2%) 7,1% өсімге қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібінде тамақ өнімдерін өңдеу (12%), темекі өнімдерін (26,3%), химиялық өнімдерді өндіру (11,2%) және машина жасау (11,2%) салаларында өсім бар. 

Ауыл шаруашылығының дамуы оң динамиканы көрсетті. Жалпы өнім индексі қаңтар-сәуір айларында 3,9%-ға жеткен.