Жуырда әріптестері ҚР ПІБ Материалдық-қамту басқармасының қызметкері Алмагүл Балғожина туралы қызық жаңалықты кездейсақ естіп, таң-тамаша болды. Алмагүл Ғалымқызы отандық көркем фильмдердің бірінде басты рөлді сомдады. Біз фильм жалпақ жұртқа жол тартпай тұрып, әріптесімізді аз-кем әңгімеге тартқанды, сөйтіп, оқырман қауымға алдын-ала таныстыра бергенді жөн көрдік.  

– Алмагүл Ғалымқызы, әңгімеміз ырғағына түскенше өзіңізді таныстыра отырсаңыз…

– Мен Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Кеңбидайық ауылында туып-өстім. Бала кезден журналист болуды, телевизия саласында жұмыс істеуді армандадым.

Мектепте жақсы оқыдым. Әсіресе қазақ  тілі мен әдебиетіне қызығушылығым өте жоғары болды. Мектептегі және аудандық жарыстарда үнемі бірінші орын алатынмын. Астанада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен конкурстарда жүлде алып жүрдім.

Бірақ ол кезде мамандықты бала үшін көбіне ата-анамыз таңдайтын. Сөйтіп, үйдегілердің айтқанынан шыға алмай басқа мамандыққа оқуға түстім. Қарағанды политехникалық университетін экономика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірдім. Қазір де мамандығым бойынша қызмет атқарып жүрмін.

– Әріптестеріңіз Сіз үшін қуанып жүр. Өнерден алыс салада жүріп киноға қалай келдіңіз?

– Адам жүрегіндегі арманын жоғалтып алмаса, ол қашан болса да орындалады екен. Мен арманымды, ойдағы жоспарларымды үнемі дәптерге жазып жүруге әдеттенгенмін. Жақында сол дәптерді қарап отырсам, сәуір айында киноға түскім келетіні туралы жазыппын. Себебі, бір қызық кино көріп, түсірілім процесі туралы бейнероликтерді шолып шыққан едім. Соның әсері болса керек, бірден қағазға түсіріппін. Алла тағала арада бірнеше ай өтпей жатып сол арманымның орындалуын нәсіп етті.

Белгілі продюсерлік орталықтардың бірі Астанада киноға түсетін актерлер іздеп, кастинг өткізіп жатыр екен. Мені де қатысуға шақырды. Барсам, ылғи жас балалар жиналыпты. Қалай болар екен деп күмәнданып қалсам да, соңына дейін күттім. Балалар өнер көрсетіп болған соң менің кезегім келді. Не істесем екен деп ойладым. Домбыра тартайын ба, ән айтайын ба? Сосын өзім жақсы көретін бір әсерлі өлеңді бар актерлік шеберлігімді салып, эмоциямен оқып шықтым.

«Аянышты, әсерлі өлең оқыңыз» деді. Оқыдым, отырғандардың кейбірінің көзіне жас үйірілгенін байқадым. Сосын көңілді өлең оқытты. Бірнеше күннен кейін телефон шалып, кастингтен өткенімді айтты, киноға түсуге шақырды.

– Түсірілім қиын болды ма?

– Осы жаздың ортасында түсірілді. Қиын болды деп айта алмаймын. Жан-тәнімді салып ойнадым. Ешқандай қысылмай, еркін ойнауыма режиссер Фурхат Саипов мырзаның ықпалы зор болды.

– Сіздің жұмысыңыз түсірілім тобының көңілінен шықты ма?

– Өзімнің байқауымша, режиссерлер, операторлар риза болған сияқты.

– Фильмді өзіңіз көрдіңіз бе?

– Иә, кеше ғана көрдім. Астанадағы үлкен кинотеатрда жабық көрсетілімі болды. Мен де жақындарыммен бірге барып көрдім. Ұнады, қуандым.  

– Сюжет желісі туралы айтуыңызға бола ма?

– Фильм көрерменге тарамай тұрып барлығын жайып салуға болмайды, әрине. Дегенмен, қысқаша ғана тоқтала кетейін. «Бақытты бағалайық» деп аталады, сюжеті өмірде болған оқиғадан алынған. Екі қыз өсіріп отырған жалғыз басты ана туралы. Кейіпкер жазылмас дертке шалдығады. Соған қарамастан ол болашақтан күдер үзбей, өмір үшін, қыздары үшін күреседі. Яғни, өмір сүруге деген құштарлықты насихаттайтын, адамның ерік-жігерінің мықты екенін көрсететін дүние.

– Кейіпкер мен өз өңіріңіздің арасынан ұқсастық көре алдыңыз ба? Әлде екі бөлек әлем бе?

Мұқағали Мақатаевтың:

Өкінбе, өкпелеме бүгініңе,

Өмір – өмір, болмайды түңілуге,

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрып хақың бар жүгіруге, – деп келетін өлеңі бар ғой. Әр адамның өмірінде сынақ болады. Мәселе қиындыққа кезікпеуде емес, оған мойымауда. Менің де тағдырымда сынақтар болды. Мүмкін, кинода осы рөлді өз бойымнан өткізгендей сомдағаным соған байланысты шығар. Қалай болғанда да көрерменге мықты мотивация береді деп үміттенемін.

– Сіздің алғашқы қадамыңыз, бұрын тәжірибеңіз бола қоймады. Өзіңізді экраннан көрген қалай екен?

– Керемет сезім. Өзіме, жақындарыма ұнады. Халықтың көңілінен шығады деп үміттенемін.

– Киноға түсуді жалғастыратын ойыңыз жоқ па?

– Монтаж кезінде мамандар кинорежиссерден «Бұл біз танымайтын қандай мықты актриса? Қайдан таптыңыз?» деп сұрапты». Жүрек қалауым ғой, одан бас тарту қиын. Ұсыныстар болса, қарастырамын.

– Ұсыныс түскен де болар…

– Жақсы, айтайын. Жастар туралы 9 сериялы фильмге түсуге ұсыныс жасалды. Басты рөл емес, бірақ маңызды кейіпкерлердің бірін сомдауым мүмкін. Басқа ақпарат айта алмаймын (күледі).

– Жаңа алғашқы кейіпкеріңіздің отбасы туралы айттыңыз. Өз отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз…

– Сүйікті ұлдың анасымын. Ұлым – Еркебұлан Қарабаев Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Орта мектептен соң елордадағы Л.Н.Гумилев ұлттық университетінде білім алды. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Баламның қарым-қабілетін бақылап отырамын. Жаны нәзік, футболды жақсы көреді.

Жалпы, баланың бетін қақпай, еркін өсіруге керек деген ұстанымдамын. Өнер жолын таңдай ма, спортшы бола ма, әлде қазіргі мамандығы бойынша еңбек еткісі келе ме? Өзі шешуі керек. Бастысы, елге пайдалы, өзіне ұнайтын іспен айналысса болғаны. Мен мүмкін емес нәрсе жоқ деп санаймын. Қай салада жүрсе де, ана ретінде ұлымның жасы ұзақ, болашағы жарқын болсын деп тілеймін!

– Сұхбатыңызға рахмет! Сіз үшін қуаныштымыз. Өнер жолыңыз өрлей берсін!

Әңгімелескен Айбын АҚПАТША