Жоғалып кеткен кавалерия: ұлттық дивизия қалай опат болды?
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толса да, талай қаралы оқиғалардың ақтаңдақтары әлі күнге толық ашылмай келеді. Солардың ішінде 1941-1942 жылдары, яғни Кеңес Одағының аумағындағы майданның ең ауыр кезеңінде құрылып, нацистермен шайқасқан қазақ ұлттық атты әскер құрылымдарының тарихы ерекше. Сондай дивизияның бірі – Харьков түбіндегі қан-қасапта толығымен дерлік опат болған, Ақмолада құрылған 106 қазақ атты әскер дивизиясы. Ұзақ жыл бойы мұндай дивизияның болғаны ұмыт болып келді. Мұрағаттарда мүлдем дерлік деректері сақталмаған атты әскер құрылымының тағдыры тек бірнеше тарихшы, соғыс ақтаңдақтарын зерттеуші еріктілердің жанкештілігінің және опат болғандардың ұрпақтарының там-тұмдап жинаған деректерінің арқасында көпшілікке белгілі болды.
106-атты әскер дивизиясы қайда және қалай құрылды?
106-кавалериялық дивизияның тарихы КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылдың 13 қазандағы №894 қаулысынан басталады. Соғыстың алғашқы кезеңінде Қызыл әскер ауыр жеңілістен шегінуге, кейде тіпті ұрыс даласын тастап қашуға мәжбүр болды. Сталин одақтас республикалардан ұлттық әскери құрылымдар құруды бұйырады. Қазақ КСР-не өз қаржысына екі атты әскер дивизиясы мен екі жеке атқыштар бригадасын құру туралы тапсырма түседі.
Ақмола қаласында (қазіргі Астана) құрылған жаңа әскер 106-Қазақ атты әскер дивизиясы деп аталды. Кавалерия дивизиясының сарбаздары Ақмола, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының жұмысшы, шаруаларынан жасақталды. Дивизия майданға 10 эшелено болып кеткен. Алғашқы пойыз 1942 жылдың 23 наурызында Қазақстаннан аттанады, соңғы эшелон Харьков өңіріне 12 мамырда жеткен. РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен табылған «Дивизияны тапсыру Актісі» дейтін 1942 жылдың 9-мамырында жазылған шағын құжатта Ақмоладан 4091 адамнан тұратын атты әскер келіп жеткені туралы айтылады. Осы құжаттан әскердің жарақтануы тым нашар болғанын да білеміз. 4 мың адамға 102 мылтық, 68 мина атқылаушы мен 3 100 қылыш берілген. Қазақстаннан шыққанда ерте көктем суық болғандықтан қалың күпі киген қазақ жауынгерлер Украинаға жеткенде күн жылып кеткен.

Дивизия қалай опат болды?
1942 жылдың көктемінде Сталин неміс әскері Мәскеу түбінде тойтарыс алған соң, қарсы шабуыл ұйымдастыруды бұйырады. Харьков түбіндегі шабуыл операциясына үш бірдей Қызыл армия жұмылдырылады. Харьков түбіндегі операцияда үш бірдей армия қоршауға түсіп, жүздеген мың кеңес әскері опат болады. Дерек бойынша Кеңес Одағы «Харьков қан-қасабы» деп аталып кеткен сәтсіз операция кезінде 270 мыңға жуық адамынан өлідей және тірідей айырылды. Майдан қолбасшысы Семён Тимошенконың өзі тұтқынға түсудің аз ақ алдында қалып, әупіріммен қоршаудан сытылып шығады. 106-атты әскер дивизиясы толығымен дерлік жойылып кеткендердің қатарына кіреді. Ресми түрде қазақ атты әскер дивизиясының ұрысқа қатысқаны, жалпы Харьков түбінде болғаны туралы айтылмағанымен, жауынгерлер арасында неміс танктеріне қарсы жалаң қылышпен шапқан қазақ атты әскері туралы аңызға бергісіз әңгіме кең тарайды. Неліктен 106-кавалерия дивизиясы туралы биліктің жұмған аузын ашпағаны туралы сәл кейінірек тоқталамыз.

Фельдмаршал Паулюске шабуылдаған қазақтар
106-Қазақ атты әскер дивизиясы Харьков операциясында ең қиын бекініс – Красноград қаласы бағытында соғысқа кірген. Мұны майдан даласын зерттеген украинның еріктілерінен құралған «Феникс-К» іздеу тобының деректері де дәлелдейді. Олар қала іргесінен адамдар мен жылқылардың мидай араласып кеткен сүйектерін тапқан. Аттардың сүйегі азиялық жылқы тұқымына жататыны анықталды. Қаза тапқандардың қолында қылыштан өзге ештеңе болмаған, ал олардың бәрінің кигені қысқы киім. Әскер Қазақстаннан шыққанда әлі аяз болған, ал Харьковқа жеткенде оларға жаздық әскери киім берілмеген. Красноград ауданындағы бауырластар зиратын зерттеу кезінде 200 атты әскер жауынгерінің аты-жөні анықталды.
Қазақ атты әскері шабуылдаған Красноградта фельдмаршал Паулюстің штабы орналасқан еді. Шабуыл неге сәтсіз болды? Әскери сарапшылар мен сол қанды ұрыста тірі қалған санаулы куәгерлердің дерегінше қару-жарақ пен оқ-дәрі жетіспеген. Атты әскермен бірге шабуылдаған танк бригадасында тіпті жанармай таусылып қалады. Танкистер жанармайы таусылған танктері жау қолына түспеуі үшін жарып жіберуге мәжбүр болады. Қырғында тірі қалған санаулылардың бірі – 106-дивизияда санитар болған Мұстафа Жүнісов соғыстан кейінгі естеліктерінде қару-жарақ жетпегені, 40 адамға 1 мылтықтан келгені, жауынгерлердің 5 тәулік бойы ұйықтамағаны туралы айтады.
Осы жағдайда 106 атты әскер дивизиясының бөлімдері 6-квалерниялық корпустың құрамында негізгі күштерден озып кетіп, жаудың тылына тереңдей еніп, фельдмаршал Паулюс отырған Красноградты қоршайды. Бұл жерде оларды немістердің танктер мен зеңбірекпен қаруланған қуатты күші қарсы алады. Қазақ атты әскері танктер мен пулеметтерге қарсы қылышпен шабуылдайды, ақырында терең жыраға шегінуге мәжбүр болып, сол сайда көпшілігі аттарымен бірге жаудың бар қарудан сепкен оғынан опат болады.
Жараланғандары мен тұтқынға түскендерін кейін немістер Дулаг-205 дейтін бұрынғы алып кен орнында ашқан лагерьге тоғытады.
Дивизия неге ұмыт болды?
«Харьков қан-қасабы» Кеңес армиясы Бас штабының ең үлкен қателігінен болды дейді тарихшылар. Үш бірдей армиясынан айырылып қалған кеңес билігі бұл жеңілістен есеңгіреп қалды. Сталин бұған маршал Тимошенконы, генерала Баграмян және Әскери кеңестің мүшесі Хрущевті кінәлайды. Жеңілістен кейінгі жиында Сталин өзі кінәлі деп тапқандарға қарап: «Егер елге майданда болған осы апатты бүге-шігесіне дейін айтсақ, халық сіздермен не істейтінін ойлаудың өзіне қорқамын» деген екен. Неміс генералы Клейст өзінің естелігінде Харьковтағы ұрыстан кейінгі ұрыс даласында өлген адам мен аттың көптігінен тіпті жеңіл көлік жүретін жер қалмағанын жазады. Майдан даласында өлгендердің көптігі сонша, мәйіттерден тараған иісті басу және ауру тарамауы үшін ұшақпен хлор шашқан.
Осы себепті бұл ұрыс туралы тіс жармау туралы шешім қабылданады, ал құжаттар «аса құпия» белгісімен көзден таса болады. Кейбір құжаттар тіпті толығымен жойылады. Қоршауда қалып, опат болған 106 қазақ атты әскер дивизиясының бар құжаты немістердің қолына түседі. Сонда да бүтіндей бір қазақ атты дивизиясы соғыс тарихынан қалай түсіп қалған?
Оның негізгі бір себебі мынада: 1942 жылы 16 наурызда 106-кавалериялық дивизияны тарату және оның сарбаздарын басқа бөлімдерге толықтыруға жіберу туралы бұйрық шығады. 5 күннен кейін 21 наурызда 106-дивизияны шұғыл түрде 6-кавалериялық корпусты күшейтуге жолдау туралы телеграф бұйырығы түседі. Алайда тарату туралы бірінші бұйрық күшіне еніп кеткендіктен, 106- кавалерия дивизиясы қағаз жүзінде «жоғалып кетеді».
Дивизия сабындағы 4 мың жауынгердің дені ұрыс даласында атымен бірге мерт болды. Ал зеренділік Ерғали Мұқанов секілді қырғыннан аман қалғандар алдымен неміс тұтқынында болып, соғыстан кейін әйгілі 58-баппен Отанында сатқын есебінде ұзақ жыл айдауда болды. Кейбірі осы қара күйеден ақталмаған күйі дүниеден өтті.
Тағдырдың жазмышын қараңыз, Харьков түбіндегі қанды қырғыннан бір жылдан соң 1943 жылы Ақмолада құрылған 310-атқыштар дивизиясы жерлестері опат болған Красноград қаласын немістерден азат етіп, сол үшін Красноград дивизиясы мәртебесін алады. Бұл бауырлар үшін жаудан алған кек секілді.
106-Қазақ атты әскер дивизиясын қайта тірілтуге ҚР Қорғаныс министрлігінің мемориал жобалар бойынша қызметкері Мағжан Қаһарманов, Харьковтағы қазақтардың жерлестік бірлестігінің жетекшісі Макка Қаражанова секілді белсенділер өлшеусіз үлес қосты. Осындай жандардың жанқиярлықпен тірнектеп жинаған деректерінің арқасында ерлікпен қаза тапқан қазақ сарбаздарының адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстағы тарихи орны қалпына келді.